Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Отыз жыл үзілмеген думан

Қазақ елі үшін Наурыз мейрамының орны әрқашанда бөлек. Халқымыз бағзы замандардан бері Ұлыстың Ұлы күнін сағына күткен. Бірақ, соңғы екі жыл бойы осы сән-салтанатынан айырылып, қолып үзіп қалдық. Оған себеп – пандемия.

Дегенмен, биыл әлемді жайлаған індет өміріміз бен салтымызға көптеген өзгеріс әкелсе, соның бірі Наурыз мейрамын тойлау ғұрпы. Халық Ұлық мерекені арқа-жарқа боп тойлаудан қалды. Бүгінде әркім өз отбасында ғана атап өтуде.

Бұл мейрам отыз жылдан бері бірінші рет үзіліп отыр. Бұған дейін Қостанайда ең алғаш Наурыз тойы 1989 жылы тойланған еді. Оның бірден-бір куәгері – Халық ақыны Әсия Беркенова. Сол жылдары қазағынан өзге ұлты басым өлкеде ұлттық мерекенің алғаш шымылдығын ашқан осы Әсия Беркенова еді. Содан кейін 30 жыл бойы үздіксіз Ұлыстың Ұлы күні көпшілікпен тойланып келді.

–Егемендік алып есімізді жиғаннан кейін ғана жалпы қазақ наурызға бет бұрды. Ал біз сол кезден қазақтың төл өнері айтысты жандандырып, кейін ұлттық дәстүрлерді ептеп тірілте бастадық. Біздің Қостанай өңірі орыстанып кеткен деген «атағымызды» еларасына сіңіп кетті. Бүкіл Қазақстан солай қабылдап кеткен әлі күнге дейін солай ойлайды. Бірақ біз соған қайсарлықпен күресіп, жоққа шығарып келеміз. Өйткені, сонау 1989 жылы осы Қостанайдың төрінде алғаш Наруыз тойын өткізіп, бәрін тәнті еттік,- деп сөзін бастады Халық ақыны.

1989 жылы Әсия Әйіпқызы 39 жаста болатын. Республика көлемінде белгілі ақын, талай жүлдені қанжығасына басқан айтыскер. Сол кездегі мәдениет саласында еселі еңбек етіп жүрген Сейіл Баймағамбетовпен ақылдаса отырып, Тобыл-Торғай төңірегінде ұлыстың ұлы күні Наурыз тойын тойлауды қолға алады. Бірақ, 22 наурыз күні теріскейдегі Қостанайға көктем келіп үлгермесі анық. Сол себепті, жұрт мерекені сезініп, еркін тойлауы үшін мамырдың жайма шуақ күндерінде ұйымадстыруды жөн көрген.

–Біздің жақта наурызда қар жатады, кейде борандатып та кетеді. Ондай ауа райында кім той тойлағысы келеді. Сол себепті біз мамыр айында атап өтуге бел будық. Кең көлемді аталып, жақсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық деңгейде айтыс өткіздік. Жұрттың көңілінен шыққан ұлы той болды. Әсіресе, көрермен Қонысбай Әбіл екеуміздің айтысымыздан керемет әсер алды. Өзге ұлт өкілдері қазақ дәстүрі һәм өнерімен жақыннан танысып, таң қалып жатты,-дейді Әсия Беркенова.

Міне, содан бері Тобыл-Торғай төңірінде Наурыз думан үзілмеп еді, тек індеттің кесірінен тоқтап тұр. Осы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын мерекелеу Тұжырымдамасының жобасы әзірленді, ол көктемгі мерекенің мазмұнын одан ары байытуға бағытталған.  Мақсат – барлық азаматтардың санасында берік орнығуы тиіс Қазақстан халқын біріктіретін ортақ құндылықтар мен идеяларды дәйектілікпен ілгерілету болып табылады.

Осы сәтте Әсия Беркенова бір ойымен бөлісе кетті. Қостанайдың табиғатына сай Наурыз тойын сәуір-мамыр айларында атап өту ұсынысын қайта қараған абзал болар еді дейді ақын.

–Бұл туралы университет басшылығына да, ішкі саясат басқарамсына да ұсыныс айтқанмын. Мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттемін. «наурыздың жеті қадамы» атты жоба дайындап, наурыздың 21-нен 1 мамыр мерекесіне дейін апта сайын атап өтуге болады. Әр аптаның өзіндік тәрбиелік мәні бомлақ,-деп ойымен бөлісті Халық ақыны Әсия Әйіпқызы.

Ал биылғы тұжырымдама жобасында Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шараларды 14–23 наурыз аралығында 10 күн өткізу жоспарланғаны айтылған. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері мынадай болмақ: 14 наурыз – «Көрісу күні»; 15 наурыз – «Жайлау күні»; 16 наурыз – «Шежіре күні»; 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні»; 18 наурыз – «Игілік істер күні»; 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»; 20 наурыз – «Зияткерлік күні»; 21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні»; 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»; 23 наурыз – «Жоралғы күні».

Маржан АЛПЫС, суреттер архивтен алынды