Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін еліміздің тарихында алғаш рет 25 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды. Марапатты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.
Үздіктердің арасында жерлесіміз, Қостанай қаласы №23 орта мектебінің директоры Бауыржан Сауытбаев та бар. Оның педагогикалық қызметі жоғары бағаланды. Тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Шәкіржанұлы 42 жылын ғұмырын білім беру саласына арнаған. Соңғы жиырма екі жылдан астам уақыт Қостанайдағы №23 орта мектепте жұмыс істеп келеді. Ол басшылық қызметпен қатар аталған мектеп оқушыларының дарындылығын жан-жақты дамыту үшін аянбай еңбек етуде.
Бұл білім орнының түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу сынынан жыл сайын жоғары нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар, мектептің оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі әр түрлі білім, өнер, спорттық байқаулар мен жарыстарда, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарында жүлделі орындарды жеңіп алған.
Мектептің волейбол командасы, «Тарлан» хореографиялық ұжымы, жас аниматорлар мен режиссерлері елімізге танымал. Тәжірибелі педагог, талантты директор, тік мінезді және әділ басшы – бұның барлығы Бауыржан Шәкіржанұлына қаратып айтылғандай дейді оның әріптестері.
-«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы педагогикалық кәсіптің беделін көтеруге және «Педагог мәртебесі туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №293 Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілді, -дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алатын болады.