Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Халықаралық фестиваль өтті

Қостанайда  «Наурыз достарын шақырады» халықаралық би фестивалі өтті. Биыл  онлайн режімде ұйымдастырылған дәстүрлі шара аясында Қазақстан мен ТМД елдерінен қырыққа жуық би ансамблі өнер көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат бейбітшілік пен достық мерекесі Наурыз нақышын би тілімен бедерлеу және қазақтың ұлттық биін насихаттау болып табылады. Халықаралық хореографиялық фестивальға алыс-жақын шетелден 25-ке жуық би тобы қатысуда.  Олардың ішінде  ірі халықаралық байқауларда үздік танылып жүрген «Шашу» (Нұр-Сұлтан), «Карнавал» (Қостанай),   «Невские зори» (Санкт-Петербург), «Калинка» (Мәскеу) «Ералаш» (Челябі), «Бисеринки» (Татарстан), «Юность» (Киев), «Зубренок» (Минск), «МУШ» (Ереван),  «Жемчужина» (Өзбекстан), «Тәбәрік» (Қырғызстан), «Салават» (Уфа) сияқты кәсіби өнер ұжымдары бар.

Наурыз би фестивалі барысында әрбір ансамбль екі-екі биден көрсетуі шарт: алдымен өздері қалаған биді, одан кейін қазақтың ұлттық билерінің бірін билейді.

Ауқымды шараның ашылу рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтау сөз сөйлеп, фестивалге қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында рухани құндылықтарды жаңғырту, ұлттық бірегейлікті, ұлтаралық мәдениет пен татулықты сақтау, елімізде тұрып жатқан барлық  этностардың ұлттық шығармашылық дәстүрлерін дәріптеу туралы атап өткен болатын. Сондықтан би фестивалі аясында халық билері айшықталып, көпшілік көрермен жүрегінен орын алады деп сенемін. «Наурыз достарын шақырады»  Тобыл өңірінде жыл сайын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтетін дәстүрлі фестивалге айналды. Басты мақсат — Наурыз мерекесіне орай, облысымыздағы, еліміздің басқа өңірлеріндегі және шет мемлекеттердегі биші өнерпаздардың басын қосып, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу. Мұндай фестиваль би өнері саласында өте сирек өтеді», деді басқарма басшысы Ерлан Қалмақов.

«Наурыз достарын шақырады» фестивалін әлеуметтік желі арналары арқылы ТМД-ның он шақты мемлекетінен он мыңдаған  жанкүйер тамашалап отыр. Әрқайсы өздерінің қалаулы би ансамбльдеріне дауыс беріп, қолдау көрсетуде. Шарт бойынша, ең көп дауыс жинаған би тобы бағалы сыйлықтармен марапатталады.