Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тамыры терең той

Наурызнама – шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады.

Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар. Қазақ халқы да жыл басы мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған.

Наурыз тойына байланысты Қостанай қаласы орталығында ұлттық рухты асқақтатын «Тарих керуені» шеруі өтті. Шеруде атқа мінген Қыдыр ата және тарихи тұлғалар жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Тұлғалар арасынан Ыбырай Алтынсаринді, Абай Құнанбайұлын, Шоқан Уәлихановты, Ахмет Байтұрсынұлын оңай тануға болады. Сондай-ақ, Абылай мен Тәуке хандар, қазақ эпосының кейіпкерлері Қыз Жібек пен Төлеген де бар. Рөлдерді Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының актерлері сомдады.

– Қазіргі жағдайға байланысты біз шағын ғана іс-шаралар өткізуге мәжбүрміз, — дейді «Мирас» мәдениет үйінің басшысы Мәди Нұрмұхамбетов. –  Екі күн қатарынан «Қостанай Плаза» СҮ маңында концерт бердік. Шеру де халықты ерекше әсерге бөлегенге ұқсайды. Шағын іс-шараларымыздың өзі көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлағанына қуаныштымыз. Жұртшылық аттылар шеруінен көшпелі халық тұрмысында қолданылған бұйымдарды да тамашалады. Ту көтерушілер арасынан тазы жетектегендерді де көруге болады.

Шығыстық данышпандар М.Қашғари, Ә.Райхан Бируни, Ә.Фирдауси, Ә.Науаи, О.Хаямнан бастап қазақтың Абай, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М. Ғабдуллин сынды ірі тұлғалары Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, ұлағатты сөздер жазып қалдырған

Наурыз мерекесі. «Наурыз» – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз» (А.Байтұрсынов). Қазақ халқы аса кадірлейтін бұл күн, яғни 22-наурыз бүкіл Шығыс халықтарының ежелгі бас мерекесі.

Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңелу сәті, халықтардың ынтымақ күні. «Наурыз – табиғаттың мейрамы» (С.Қожанов). Демек, бұл осы мерекені тойлайтын халықтар үшін аса зор салтанат, ұлы жиын. Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары бұл күнді «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те дәріптейді. Наурыз – қазақта бірінші айдың аты. Наурыз күні халық таза киініп, бірін-бірі құттықтап, қуаныш дастарханын мол жаяды. «Ұлыс құтты болсын!», «Ақ мол болсын», «Төрт түлік ақты болсын!» деген сияқты тілектер айтылады. Адамдар бір-бірінің қатесін кешіріп, татуласады, оның аяғы ойын-сауық, ән-жырға жалғасады.

Халықта бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар. Олар «Наурыз тойы», «Наурыз жыры», «Наурыз көже», «Наурыз бата» деп аталады. Бұл айда туған баланың аты да Наурызбай, Наурызгүл деп қойылған. Наурыз халықтық мереке бола тұрса да кеңестік саясат кезінде оны тойлауға діни мейрам есебінде тыйым салынып келді. «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы» (М.Жұмабаев). Соңғы жылдары «Наурыз» күні қайта тойлана бастады және ол барлық жерде кең қолдау тауып, халықты рухани жағынан байытты.

Суреттерді түсірген Жасұлан Сыздықов