Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Цифирландыру шығынды азайтады

Былтыр Қостанай облысы 1 млн тонна ұн, 77 мың тонна сүт өндіріп, республикада ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және экспорттау көрсеткіші бойынша көш бастаған еді. Астықты аймақ бір жыл ішінде Қытай мен Ресейге, сондай-ақ Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жалпы көлемі 1 млн тонна дәнді дақыл, 800 мың тонна ұн, 10 мың тонна өсімдік майын, 8 мың тоннаға жуық сүт өнімдері мен 168 мың тонна ет экспорттады.

Тобыл өңіріндегі тоғыз аудан­ға қарасты 60 шақты елді мекен­дегі қайнаған тір­шілік пен жылдан жылға өркендеп келе жатқан ауыл тұрмы­сы ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дары­мен тығыз байланысты.

– Былтыр механизаторлардың жалақы­сы 30%-ға өсті. Майлы дақылдардың мөл­шерін көбейттік. Алқаптағы майлы дақыл көлемі 20%-ға жетті. Алдағы 5 жыл ішінде майлы және дәнді-бұр­шақты дақылдың үлесін 60%-ға дейін жет­кізуді көздеп отырмыз. Басты мін­дет – табыс мөлшерін көбейтіп, ком­пания­ның қуатын арттыру. Біздің бас­ты ұс­та­нымдарымыздың бірі – жерге қар­жажатты аямау керек. Жерге құйған ақша­ның қайтарымы бар. Жер алдамайды, ешқашан қарыз болып қалмайды. Кері­сінше, аялап, күткен сайын, қаржың­ды есе­леп қайтарып беріп отырады. Қазір біз­дің шаруашылықтарымызда мал ба­сы да көбейіп жатыр. Бүгінде ет бағы­тын­­дағы мал саны 3 мыңға таяп қалды. Мұ­ның сыртында, сүт бағытындағы ірі қара­ның сапасын арттырып жатырмыз. Бұ­ған дейін сүт өндіру кешеніндегі бір сауын сиыр жылына 5,7 тонна сүт беретін. Қазір агрохолдингке қарасты «Олжа-Сад­чи­ковтағы» немістің голштино-фриз тұ­қым­ды сиырының әрқайсы жылына 6,7 тон­на сүт береді. Мұны жыл аяғына дейін 7,2 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Тәулігіне 25 тонна сүт аламыз. Ал осы сүттен 20-дан астам өнім шы­ғарамыз, – деді «ОлжаАгро» ком­паниясының басшысы Айдарбек Қожаназаров.

Облыстың ірі сауда орындары мен дүкен сөрелерінен үзіл­мейтін «Олжа-Садчиковтың» айран, сары май, қаймақ, сүзбе, ірім­шік секілді өнімдеріне сұраныс жо­ғары. Алайда отандық сүт өнім­дері қазірше сыртқа саудалан­бай­ды. Өйткені кәсіпорын еш­қан­дай антибиотик, консервант қо­сыл­маған экологиялық таза өнім шығарады. Осыған бай­ла­ныс­ты тауардың сақталу мер­зімі де қысқа. Мысалы, Сад­чиков­­­тың сүті 3-5 күннен ар­тық сақ­тал­майды, іріп кетеді. Ал экс­порт­қа шығару үшін таза өнім­­ге химия қосуға тура келеді. Осы­­лай­­ша, кәсіп­­орын химиялық қос­­па­­дан әдейі бас тартып отыр.

«Се­­бебі біз­дің өнімдерімізді көбі­­не ба­ла­бақ­шалар мен мектептер алады. Ешбір қоспасыз таза өнім ішіп-жеп өскен баланың ден­­­сау­­­лығы да мық­ты болады. Жал­­­пы сүт өнімінің сапа­сы мен таза­­­лы­ғын оның сақталу мер­зімі арқылы анықтай аласыз. Сақ­талу мер­зімі қаншалықты қысқа бол­са, сүт те сон­шалықты таза бола­ды», дейді агрохолдинг мамандары.

Былтыр бидайдың әр гектарынан орташа есеппен 15 центнерден өнім алған серіктестік биылғы көктемде 460 мың гектар алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр. Оның ішінде майлы және бұршақты дақыл көлемін ұлғайту маңызды. Мәселен, алдағы егіс науқанында серіктестік 200 мың гектарға жуық алқапқа бидай, 50 мың гектар зығыр, 14 мың гектар күнбағыс, 9 мың гектар жасымық егеді.

−Жүгері алқаптары жақсы өнім берді, былтыр орташа 22 цент­нер­ден өнім алдық. Тіпті, 44-66 центнерден өнім берген ал­қаптар да кездесті. Биыл жү­гері алқабын кеңейтуді жоспар­лап отырмыз. Күнбағыс та тиім­ді дақыл, былтыр әр гектар ал­қап­тан 13 центнерден ал­дық. Бұл жақ­сы көрсеткіш. Жылдан-жыл­­ға монодақылдан алшақтап бара­мыз. Ал­дағы мақсат – май­лы дақыл көле­мін тиісті дең­гей­ге дейін көбейтіп, көп да­қыл­ды алқапқа қол жеткізу. Бұл бі­рін­­шіден, топырақтың құна­рын сақтаса, екін­­шіден, шаруа­шы­лықты нарыққа тәуел­­ділік­тен құт­қарады. Қазір майлы да­­қыл­дың нарықтағы бәсі бидайға қа­раған­да анағұрлым жоғары. Сондықтан бұл бағыт­тағы жұмыстарды жал­ғастыра береміз, – дейді агроном Алексей Ерин.

Агрохолдинг шаруашылықты цифр­­лан­дыруға жыл сайын қыруар қар­жы жұмсайды. Был­тыр холдингке қарас­­ты «Ол­жа Садчиков» кәсіпорнын цифр­­ландыруға 380 млн теңге жұмсал­ған. Нәтижесінде, алқапты талғап өңдеу, бейнесараптама жасау, жанармай мөлшерін, ком­байндар мен дән сепкіш кешендердің жыл­­дамдығын бақылау, агроскаутинг сияқ­­ты шаруашылықты басқарудың зама­­науи жүйелері енгізілді. Мысалы, агрос­кау­­тинг арқылы әр алқаптағы өсім­діктің бо­йын, бойлау жылдамдығын бақылауға болады. Бұған дрондар да пайдаланылады.

– Жалпы, егін шаруашылығын цифр­ландыру арқылы біз жанармай шығынын 30%-ға дейін азайттық, тұқым шығыны 10%-ға кеміді. Техника жөндеуге кете­тін шығын 20%-ға азайды. Ал мал шаруа­шылығына табынды басқаратын Dairi Plan, ірі қараның физиологиялық жағ­дайын бақы­лайтын Smax Tec, сондай-ақ мал азығын дайындау-үлестіру жүйе­сін енгіздік. Мысалы, Smax Tec мони­то­ринг жүйесі сиырдың дене қызуын, белсенділігін, қарнының аш-тоқтығын, қанша су ішкенін бақылап, қатесіз анықтай алады. Осы арқылы сүт өнімін 25%-ға ұлғайттық. Бірақ цифрландырудың жөні осы екен деп, оны барлық жерге тықпалай берудің қажеті жоқ. Ең қажетті салаға ғана енгізу керек. Мәселен, Садчиковта сиырдың ішіне болюс енгіздік. Енді мал дәрігері әр сиырдың соңында жүріп, оның жай-күйін жеке бақылап, ыстығын өлшеп жүрмейді. Бұл ақпараттың барлығын компьютерден қараймыз. Бір адамның күні бойы істейтін жұмысын жалғыз бағдарлама атқарады. Малшы шынымен жұмыс істеп жатыр ма, жоқ әлде бөлмесіне барып ұйықтап жатыр ма, оны қайдан білесіз? Ал болюс мұндай адами факторды жояды. Қазір алқаптарды цифрландыру өз нәтижесін беріп жатыр. Біз әр шаруашылықтағы әрбір клетканы бақылауда ұстаймыз. Мамандар жердің сапасын, қай жерге, қанша мөлшерде тыңайтқыш салу керек, қай жерге салмау керек, дән еккен кезде қай жерге тұқым мөлшерін көбейту, иә азайту керек, соған дейін біліп отырады, – деді агрохолдинг басшысы.

Компания соңғы уақытта ет бағы­тын­дағы мал басын көбейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта биыл агрохолдинг «1000 отбасылық фер­ма» жобасын қолға алып көр­мек. Яғни агрохол­динг маман­дары мал өсіруге бейімі бар отбасылардың әрқайсына 100 бас ірі қара береді. Талапкерлерді іріктеп алып, олармен шарт жасас­қаннан кейін хол­динг отбасылық шағын фермаларға қора-жай беру, жайлы жайылым беру, ветеринарлық көмек көрсету, қысқы мал азығын даярлау, жалға техника беру, оқыту, үйрету, шаруашылыққа, құқықтық салаға қатысты тұрақты түрде кеңес беру сияқты міндеттерді өз мойнына алады. Сонымен қатар отбасылық ферма өсірген төлді түгелдей өзі сатып алуға кепілдік беріп отыр.