Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қайырымды істер марафоны басталды

Әз-Наурыз мерекесінде Қостанай облысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясындағы жұмыстардың ауқымы кеңейе түсті. Айдың басында бастау алған қайырымдылық шаралары өңірдің барлық аудан-қалаларында өтіп жатыр.

Жергілікті қоғамдық ұйымдар мен меке­мелер, өнеркәсіп орындары мен шаруа­шылықтар, еріктілер, жеке кәсіп­керлер жұмыла кіріскен ізгілік жобасы барысында қарттар мен көп балалы ана­ларға қолдау-құрмет, мүмкіндігі шек­теулілер мен жетімдерге қамқорлық көр­сетіліп, елді мекендердің маңындағы таби­ғи су көздері қар мен қоқыстан тазартылу­да.

Игі шараны алғаш болып мәдени ұйымдар мен өнер ұжымдары бастады. Көрісу күні қарсаңында облыстық филармония әртістері дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне, еріктілерге арнап алғыс концертін өткізді. Одан кейін облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ауыр дертке шалдыққан Ясмин Қабе­нова­ның еміне қаржылай көмек көрсету мақсатында «Жан жылуы» атты қайы­рым­дылық концерт ұйымдастырды. Зареч­ный ауылында тұратын Ясмин микротия және атрезиямен ауырады. 3 жасар сәбидің былтыр бір құлағына ота жасалған, енді екінші құлағын емдетуге 6 миллион теңгеге жуық қаржы керек. Аталмыш шара барысында өңірге белгілі кәсіпкерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам белсенділері сахнаға шығып, ән айтып, күй тартты. Концертте өнер көрсеткендер де, тамашалағандар да билет сатып алды. Қайырымдылық билеттерінің бағасы 1000 теңгеден бас­талып, 50 мың теңгеге дейін барды. «Теңіз тамшыдан құралады дегендей, барлық концерттен 2 млн теңге түскен. Бұл қаржы сәбидің анасының есепшотына аударылды.

Жанашырлық шараларынан жекелеген кәсіпкерлер де қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, жергілікті көлік компаниясының басшысы көп балалы ана – Майра Есімжанованың банктік несиесін жауып берді. Жомарт жүрек кәсіпкер аты-жөнімді атап көрсетпей-ақ қойыңыз деп өтінді.

– Бес балам бар. Бәрі мектеп жасында. Жолдасым – көлік жүргізуші. Мемлекет қамқорлығынан кенде қалып жатқанымыз жоқ. 14 наурыз күні жолдасым бастығына кіріп: «Мерекеңізбен! Бір жасыңыз құтты болсын!», – депті. Орыс­ша оқыған кісі еді, түсінбей қа­лыпты. Мерекенің мәнісін сұраған екен, күйеуім тәпіштеп түсіндіріп беріпті. Бастығының разы болғаны соншалық, екеуі құшақтасып көрісіп, табан астында не көмек керек деп сұраған екен, біздің үйдегі кісі «Бәрі бар, рахмет!» деп бас тартыпты. Нөмірімді кімнен алғанын білмеймін, артынша маған телефон шалып тұр. 2 жыл бұрын үйді жөндеп алу үшін, несие алып едік, соны айттым. 1 млн теңгеден асар-аспас қалыпты». – «Ештеме ойламаңыз, еш уайым­дамаңыз» деді де, қарызымызды сол күні жауып берді, – деді көп балалы ана.

Ал Рудный мешіті тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетті. Үй-үйді аралап, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған діни қызметкерлер 10 отбасыға азық-түлік себеттерін таратты.

– Басты мақсат қайырымдылыққа ғана тіреліп тұрған жоқ, төл мерекеміз Әз-Наурыз қарсаңында тұрғындарды құт­тықтай барып, біз отбасылық тәр­биеге қатысты әңгіме қозғадық. Ұл-қыз­дың тәрбиесінде отбасының жылуы маңызды орын алады. Қазіргі қоғамға мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық деген нәрселер аса қажет-ақ. Бұл – өте маңызды құндылық, – деді қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев.

Наурыз мерекесі қарсаңында қорша­ған ортаға жанашырлық білдірушілер де түрлі шараларды қолға алды. Мәселен, Лисаков қаласы маңында жер астынан ағып жатқан табиғи ауыз су көзі бар. Шағын қаладағы жастар ресурстық орта­лығының еріктілері «Таза бұлақ» ак­ция­сын ұйымдастырып, бұлақ көзін ашу, айналасын тазарту жұмыстарын жүргізді. Белсенділер қолдарына күрек алып, бұлақ айналасын қалың қардан тазалады. «Бұл бастама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылып отыр», дейді еріктілер.

Сауапты істен Қостанай облысы әкім­­дігінің Табиғи ресурстар және таби­ғат пай­далануды реттеу басқармасы да шет қалмады. Мекеме Тобыл өзенінің ар­на­­сын тазартып, жағалауларды тазарт­ты.

– Біз бұл шараға волонтерларды да тартып отырмыз. Ондағы мақсатымыз – жас ұрпақты туған жер табиғатын аялап, табиғат байлығын, бұлақ көздерін қорғай білуге, елжандылыққа тәрбиелеу. Біз бұл шараны жылда Наурыз келгенде қолға аламыз. Тобыл жағалауындағы қамыс пен бұталарды шауып, өзеннің түбін тереңдеттік. Өзен арнасы кеңейсе, судың мол жиналуына септігін тигізеді. Су ағыны ұлғаяды. Бұл өте маңызды шара, – деді басқарма басшысының орынбасары Аманкелді Исмаилов.

Наурыз мерекесіне тұсында облыс­тық ассамблеядағы этно-мәдени бір­лес­тіктердің де көптеген игі істерге мұ­­рындық болып, қайырымдылық шара­ларын жүзеге асырып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, ұлттық орта­лықтардың өкілдері қосағынан қолдау таппай, тағдыры тығырыққа тірелген жал­ғыз басты жас аналар паналайтын «Аналар үйіне» барды. Жас босанған әйелдер 1 жарым жыл бойы осы үйде тұрып, өмірге бейімделеді. Ассамблея мүше­лері үйдің ауласындағы қарды тазалап, мұнда тұрып жатқан аналар мен сәби­лерге тәтті тағамдар мен жөргек-жая­лықтар, наурыз-базарлықтар тарту етті.