Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Сұраныс артып келеді

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше,   2021 жылдың бірінші тоқсанында ел аумағында жалпы құны 140,4 миллиард теңгеден асатын 19 мың 848 техника шығарылған. Мұның 66%-ы Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПром» зауытына тиесілі.

Өткен үш айдың қорытындысы бойынша Қостанай автомобиль зауыты 13 мың 63 техника шығарған. Бұл өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 34,7% -ға артық.

Зауыт басшылығы мұндай өсімді Қостанайда құрастырылатын «Chevrolet» автомобильдерінің соңғы уақытта жоғары сұранысқа ие болуымен байланыстырады. Аталмыш жеңіл көлік түрі қазір Қазақстан нарығында ең жоғары сұранысқа ие болып тұр. Қостанай машина жасау зауыты бірінші тоқсанның өзінде 10 мың 153  «Chevrolet» шығарғанын мәлімдеді.

— Біз жыл өткен сайын автомобиль өндірісінің көлемін ұлғайтумен қатар, өнімнің жергілікті үлесін арттыра отырып, қазіргі халықаралық талапқа сай заманауи әрі сапалы көліктер шығаруға қадам бастық. Бұл бағытта біз ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорт мәселесін де қолға алып отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері 2000-ға жуық қостанайлық көлік шетелге сатылды, — деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.

Былтыр Қостанай автомобиль зауыты өндіріс көлемін ұлғайту жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 40 мың 50 техника шығарды. Бұл —  Қазақстанда жасалған барлық техниканың 51,7% пайызы. Зауыт басшылшығы   Jac, Chevrolet, UAZ және MAN брендтеріне де сұраныс артып келе жатқанын айтты.

Естеріңізде болса, биыл наурыз айында СарыарқаАвтоПром» мен Ресейдің «АвтоВАЗ»-ы өзара ынтымақтастық туралы келісімге отырып, қостанайлық зауыт KIA автомобильдерін шығаруды қолға алған. Осындай өндіріс көлемін ұлғайту шараларының нәтижесінде қостанайлық зауыт биыл 100 мың техника шығаруды жоспарлап отыр.