Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Жас тұлпар» жеңімпазы анықталды

Тобыл қаласында Қостанай облысы оқушыларының «Жас тұлпар» атты дәстүрлі айтысы өтті. Дәстүрлі дода ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған оқушылардың жыр додасында Қостанай, Рудный, Жітіқара, Арқалық қалалары мен Бейімбет Майлин, Амангелді, Жангелдин, Қарабалық аудандарының жас дарындары бақ сынасты.

Оқушылар айтысының қазылар алқасына ақтаңгер ақын Айбек Қалиев төрағалық етті. Әр өңірдің үмітін үкілеп келген кілең жүйріктердің жыр сайысы басталар сәтте сахнаға көтеріліп «Жас тұлпардың» тарихын бір шолып өткен облыстық мәдениет басқармасының басшысы аламан дүбірге елеңдеп тұрған жас дүлдүлдерге бармақтай бақ тілеп, көпшілікке   құттықтау сөзін арнады.    

— Биыл 29-шы рет өтіп отырған «Жас тұлпар» ақындар айтысы өңірдегі талай талапкер жасты үлкен өнерге, үлкен өмірге қанаттандырды. «Жас тұлпар» түлеткен жас ақындардың көбі — бүгінде осы өңірге ғана емес, еліміздің әр түкпірінде өрелі өнерімен, адал еңбегімен танылып, өзінің ақындық, азаматтық биігіне қол жеткізген азаматтар. Сонау 1992 жылдан бері үзілмей келе жатқан оқушылар айтысын нағыз өнер мектебі деп бағалауға болады. Киелі тәуелсіздігімізбен тел түлеген бүгінгі айтыстың тарихына көз жүгіртер болсақ, осы бір игі дәстүрдің басы-қасында жүріп, талай жасқа қамқор болып, жол көрсеткен белгілі ақын-сатирик Ғұмар Ахметчин ағамыздың есімін ұмыт қалдыруға болмайды.  Ол кісі «Жас тұлпардың» қазылар алқасының тұрақты төрағасы, батагөй ақсақалы болып еді, өкінішке қарай былтыр айырылып қалдық. Бүгінгі жас тұлпарлардың дүбірінен ол кісінің де әруағы бір аунап түскен болар деп ойлаймын. Бүгінгі аламанда жас ақындарымызға сәттілік серік болсын, — деді Ерлан Қалмақов.

Айбек Қалиевтің айтуынша, Қостанай облысындағыдай 1994 жылдан бері қарай дәстүрлі түрде үзілмей өтіп келе жатқан оқушылар айтысы көп облыстарда жоқ.

— Қазір оқушылар айтысы жалпы өңірлерде жиі өте бермейді. Менің білетінім, Талдықорғанда өтетін Сүйінбайға арналған республикалық оқушылар айтысы бар, кейде Ұзынағашта өтеді, одан өзге  әр өңірде анда-санда мерейтойларға орай айтыстар өтіп тұрады. Қостанайдағы айтыс биыл 29-шы рет ұйымдастырылып отыр, былай қарасаңыз, тәуелсіздігімізбен құрдас екен. «Жас тұлпар» айтысынан түлеп ұшқан түлектердің алды республикалық аламандарда осы Тобыл-Торғай өңірінің намысын қорғап жүр. Тіпті осы облыстық мәдениет басқармасын басқарып отырған Ерлан бауырымыз да осы «Жас тұлпардан» қанаттанған. Сондықтан алдағы уақытта бұл айтыс үзілмей жалғасын таба беруі керек. Келесі жылы оқушылар айтысының бүгінгі биігіне көтерілуіне көп еңбек сіңірген Ғұмар Ахметчин атамыздың атына бір сыйлық тағайындалса артық болмас еді, — деді Айбек Қалиев.

Айтыстың іріктеу кезеңінде сөз сайыстырған 8 жұп ел тәуелсіздігін  жырға қосып, ұлы ағартушы Ыбырай аталарының еңбек жолы мен асыл мұрасын дәріптеді. Бірінші кезеңде қара үзіп шыққан 3 жұп түстен кейін финалдық кезеңде бақ сынасты.

Үміткерлердің алғашқы айналымға тәуір дайындалғаны байқалды. Өрелеріне сай өлең өрді. Сәтті сөз саптай алған балғын айтыскерлерді ескермей кетуге болмайды. Мәселен, алғашқы болып сахнаға шыққан арқалықтық Нұрислам Рағаттың Қостанайды өлеңге қоса келе:

«Мен сені орыстардың мекені емес,

Арыстардың мекені деп білемін», — деуі, сондай-ақ оның жерлесі Нұрлыбек Төлеуовтің:

«Біздің ел байқампаз жұрт емес пе еді,

Құлагерді танитын құлынынан» немесе «Бізден асқан бақытты ел болмайды, Бір Алла мен бірліктің құлы болсақ», — деген секілді жолдары мектеп жасындағы шынашақтай жеткіншектердің аузынан тосатын сөздер емес.

Амангелділік Саят Әуезхан, рудныйлық Жамбыл Тоққожаевтардың да бейімі байқалды. Әйткенмен, сахнаға алғаш шығып тұрғандықтан, қобалжып, тосырқап, ойын жинақтай алмай қалған талапкерлер де болды.

Қазылар ұйғарымымен 2-ші шешуші айналымға 6 үміткер жолдама алды. Әуелі қостанайлық Бекзат Базарбай мен рудныйлық Жамбыл Тоққожаев сөз сайыстырды. Одан кейін қатысушылар ішіндегі жалғыз қыз бала – Нұрайлым Қуантаева арқалықтық Нұрлыбек Төлеуовпен сахнаға шықты. Алғашқы кезеңде ерекше көзге түскен дарындар – Нұрислам мен Саят айтыстың нүктесін қойды.

«Жас тұлпардың» бас жүлдесін Арқалық қаласының 5-сынып оқушысы Нұрислам Рағат жеңіп алды. Бойы домбырадай ғана қаршадай бала бұған дейін Арқалықта өткен студенттер айтысында жүлделі үшінші орынды ұтып алыпты. Қарсыластарының ешбіріне бет қаратпаған ең кішкентай ақын бұл айтыста ең биік тұғырдан көрінді. Нұрисламның:  «Жұлдыздар қаншама көп болғанымен, ай көрініп тұрады ерекше боп» немесе «Артыңда қалатындай сөз айтсаңшы, айтыста болам десең шын тұғырлы», «Орыстардың мекені емес сені, Арыстардың мекені деп білемін» деп келетін өрнекке толы өрелі өрімдерінен өнерпаз өреннің болашақта бағындыратын белестерінің биік екенін аңғардық.

Бірінші орын Арқалықтан келген Саян Әуезханға бұйырды. Екінші орынның жүлдесінамангелділік Нұрлыбек Төлеуов қанжығасына бөктеріп, Рудныйдан келген Жамбыл Тоққожаев үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлделі орындарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

«Жас құлын-тайлардың бәйгесі болды. Кейде әлдебір ауылда той болып жатқанда, үлкен бәйгеден тай жарыстың қызығы көбірек болушы еді. Бүгін сондай қызыққа куә болдық.  Бірнеше бүлдіршін дарынды көріп қуанып отырмын. Иншалла, жоқ емес екен, артымызда ізіміз бар екен. Топ алдында екі ауыз сөз айтудың өзі қиын, ал кішкентай балақайлардың шама-шарқынша айтысып отырғаны тәнті болуға тұрарлық еңбек, боларындағы талаптың ұшқыны деп білемін, — деді қорытынды сөз сөйлеген қазылар төрағасы Айбек Қалиев. — Келер жылы «Жас тұлпардың» да 30 жылдығы екен. Пандемия бітіп, ахуал түзеліп жатса, оны бүгінгіден де жақсырақ, дүбірлетіп өткізетін күнге жетеміз деп ойлаймын».

Айбек ақын орын ала алмай қалған 7 оқушыға өз қалтасынан ынталандыру жүлдесін тағайындады. Сондай-ақ,  жас ақындардың тәлімгерлері де облыстық Мәдениет басқармасының алғыс хатымен марапатталды.

Маржан АЛПЫС, суреттерді түсірген автор