Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жәрмеңкеге жиналды

Облыс орталығы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі, Қостанай қаласының орталығына азық-түлік жәрмеңкесі қайта оралып, қала тұрғындарын бір марқайтып тастады. Бұл тек арзан баға алаңы емес, қостанайлықтардың көңілді мекеніне де айналып үлгерген. Бұл жолы аймақтың он аудан-қаласынан 130 кәсіпкер тауар әкелді.

Сауда сөрелеріне ет, сүт, ұн, көкөніс өнімдері қойылды. Ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы нарықтағы құннан 15-30%-ке арзан. Атап айтқанда, жылқы еті 1900 теңгеден, сиыр және қой еттерінің келісі 1800 теңгеден, шошқа еті 1600, құс етінің келісі 720-750 теңгеден сатылды. Шұжық өнімдерінің бағасы – 900-1400 теңге аралығында. Майлылығы 1,5-2,5% сүттің литрі 235 теңге болып белгіленген. Сары май 2000 теңгеден саудаланды. Жұмыртқаның С1 сұрыбының он данасы – 350 теңге. Макарон өндімдерінің келісі 200 теңгеден аспайды. Жоғары сұрыпты ұнның келісі 160 теңгеден, 1-сұрыпты ұнның келісі 140 теңгеден сатылды. Бал өнімдерінің бағасы сапасына қарай 1500-1900 теңгеден ұсынылды. Қант – 285, қарақұмық – 290, күріштің келісі 230-237 теңге межесінде болды. Сұйық май – 600-620, картоп 100-140 теңге, сәбіз 100-115 теңге, жуа 70-90 теңгеден, орамжапырақ 60-90 теңгеден сатылды. Әсіресе, ет өнімдеріне сұраныс көп болды.

«Қазір еттің нарықтағы бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Мәселен, жылқы етінің келісінің құны 2500 теңгеге жетті. Ал бүгінгі жәрмеңкедегі баға көңілімізден шықты. Жылқы етінің келісі 1900 теңгеден сатылып жатыр екен. Науырзымдық кәсіпкердің тауарын таңдадық», — дейді жәрмеңкеге Мәскеу ауылынан арнайы келген Балғынбек Құрмашұлы.

Айта кетейік, сауда-саттық іс-шарасында тәртіп сақшылары санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қадағалады.