Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Қазақтар» тарихи драмасы сахналанды

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасының премьерасы өтті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Тобыл өңіріндегі талғампаз көрерменнің  көңілінен шыққан кесек туындының қоюшы-режиссері — Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов.

Тарихи драманың тұсаукесер қойылымын тамашалаған көпшілік көрерменнің ортасында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, өңір зиялылары мен облыстық ассамблеяның өкілдері отырды.

Күрделі, тынысы кең тарихи шығарманың Қостанай театрында сахналануы – өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Сондықтан болар, халықтың ықыласы ерекше. Әрине, сақтық шараларына аса мән берілген. Театр «Ашық» электронды жүйесіне енгізілді. Яғни жүктелген қосымша арқылы келген адамның жай-күйі тексеріледі.

– Бүгінде 18 саланы «Ашық» электронды қосымшасымен қамтып отырмыз. Жақында қазақ драма театры да кью-ар код алды. Бүгін байқап отырмыз, келушілердің бәрі сол жүйені қолданып жатыр,-дейді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

Шымылдық түрілген сәттен сахнадағы балбал тастарға тіл бітіп, тарихтан сыр шерте бастайды. Әрі қарай көне тарихтың көмескі әлеміне сүңгіген көрермен сахна төрінде тізбектеліп өтіп жатқан шым-шытырық оқиғалардың шырмауында қалады. Екі бөлімдік күрделі драманың көрерменге ұсынар көркем шындығы айшықты. Қойылымның ұзын-ырғасына қысқаша тоқтала кетсек, он бесінші ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда ыдырап, төрт мемлекетке бөлінеді. Оның бір бөлігі Әбілхайыр ханның билігінде қалады. Кейінірек Әбілхайырдан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей Шу бойына табан тіреп Қазақ Ордасын жариялайды. Сахнадағы негізгі оқиға желісі Қасым ханның Қазақ хандығын сақтап қалу, нығайту, ел бірлігі мен жер тұтастығын қорғау жолындағы күрескерлігін бейнелейді.

Қойылым аяқталған соң, қойылым режиссері Тұңғышбай Жаманқұлов сахнаға көтеріліп, көрермен қауымның ыстық ықыласына алғыс айтты.    

«Қостанай театрымен менің ерекше шығармашылық байланысым бар. Кезінде осы театрдың ашылуына Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алған менің шәкірттерім түгел атсалысты. Кейін Арқалықтағы актерлер келіп қосылды. Өнер ордасына Ілияс Омаровтың аты беріліп, жаңа театрда фестивальдер ұйымдастырылды. Содан бері шығармашылық достық үзліген жоқ, жалғасын табуда. Осы жолғы сапарым да арадағы байланысты нығайтуға бағытталып отыр. Театр басшысы, өзімнің шәкіртім Әлімхан Мырзахан хабарласып, театр репертуарына ұлтымыздың тарихы, мемлекеттіліктің бастау алған кезеңдері сипатталатын, ата-бабамыздың дәстүрі мен тұрмысын баяндайтын қойылым енгізсек деп ұсыныс білрдірді. Сол сәтте менің ойыма бірден Қалихан Ысқақ ағамызбенен марқұм Шахимардан Құсайынов жазған «Қазақтар» пьесасы есіме түсті. Мен кезінде бұл пьесамен жұмыс істегенмін. Өйткені, өзім тапсырыс беріп жаздырып едім. Сондықтан осы шығарманы қостанайлық көрермен назарына ұсынайын деп шештім. «Қазақтар» пьесасында қазақ хандығының тарихы, ата-бабамыздың аманат еткен өсиеттері туралы баяндалады. Оған қазір ғана өздеріңіз куә болдыңыздар», деді халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Тобыл өңірінде тұңғыш сахналанған тарихи драманы зиялы қауым өкілдері де Ілияс Омаров театрының қоржынына қосылған үлкен олжа деп біледі.

«Ілияс Омаров театры үлкен бір тарихи драманы сәтті алып шықты. Мұндай сан-салалы, шиеленісі көп шым-шытырық оқиғалы дүниенің облыстық деңгейде сахналануы үлкен жетістік. Жалпы, «Қазақтар» драмасының үлкен бір идеялық мәні бар. Өйткені бұл драмада тәуелсіздігіміздің оңай жолмен келмегені, осы жолдағы ата-бабаларымыздың ішкі-сыртқы жаулармен айқасы нанымды көрініс тапқан. Қазақ өзі болмысынан ақжарқын, момын, бірақ ешқашан  жауға иілмеген халық қой, осылай бола тұра талай езгіні көрдік, міне, бұл спектакльде осының бәрі жан-жақты ашылды. Жәнібек рөлін сомадаған Азамат Чукеев, Керейді сәтті алып шыққан Қонысбек Бегайдаров, Қасым ханды сомдаған Қуаныш Маратұлы мен Елдос Төлеген, Ана бейнесін тамаша орындаған Шахарбанум Есенғұлова сынды сахна шеберлерінің өнеріне риза болдым. Олардың қимыл-қозғалысынан бастап, әрқайсының сөз саптау мәнеріне дейін сол заманның рухын сездіріп тұр. Қанша дегенмен, Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлік қолтаңбасы айқын байқалып тұр. Негізі киноға сұранып тұрған шығарма екен, ал тарихи драманы сахнамен алып шығу ерлікпен парапар дүние. Бұл, әсіресе, Қостанай театры сияқты өңірлік өнер ошағы үшін  үлкен олжа. Драмада ішкі тұтастығың болмаса, ел болуың қиын деген үлкен түйін жатыр», деді ҚР Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбек.          

Аталмыш қойылымның өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі екенін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов та атап өтті. Айтуынша, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына көрерменге тарту ретінде қазақ театры үлкен, сүйекті драманы сахнаға шығарып отыр. Бұл жерде халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың еңбегі орасан. Әрине, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңіндегі ұлы оқиғаларды бір қойылыммен бүтіндей алып шығу мүмкін емес.

Дегенмен екі сағаттың ішінде көрермен қазақ халқының дербес мемлекет болып қалыптасуынан сыр шертетін тарихи көркем оқиғалардың куәсі болды. Сахналық шығарманың жүгі салмақты, сондықтан мұндай шығарма өңір театрына керек, әсіресе, бүгінгі жастарға беретін тағылымы мол.

– «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағын енгізіп кеткен хан ретінде ғана белгілі болғанымен, ол кісінің жалпы тұлғалық қасиеті әлі ашылып зерттелген жоқ. Сөздің шыны керек. Сол себепті Қостанай сахнасында осы тарихи тұлға жайында және ханымыздың айналасындағы тұлғалар жөніндегі қойылым біз үшін өте қажет дүние,-деп есептейді Қостанай қаласының тұрғыны Қыдырбек Қиысхан.