Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ренат ЕЛУБАЙ:«Кейкі мерген» ерекше әсерден туындады

Суретші Ренат Елубай өнерсүйер қауымды таңғалдырудан жалықпайды. Арқалықтан шыққан қылқалам шеберінің есімі 2019 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Оның көзін жұмып, сезіммен сурет салатын өнерін бұрын-соңды ешкім қайталамаған. Үнемі ізденісте жүретін өнер иесі жақында тағы байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Құттықтап, әңгімеге тарттық.

– Бәрі құтты болсын! Жетістіктеріңізді бағып-бағамдап жүруші едік. АҚШ-та өткен халықаралық байқауда «Алтын қыран» медалін жеңіп алғанда бір сүйіншілегеніміз бар. Осы жолы қандай байқауларға қатыстыңыз? Қай жұмыстарыңыз жоғары бағаланды?

– Көп рақмет! Ара-тұра бай-қауларға қатысып, бағымды сынап тұратыным бар. Ізденіс үшін. Тіпті, конкурсқа арнайы шақыратындар бар. Бәріне қатыса бермеймін. Биыл бір емес, бірден бес байқауға өтініш жолдадым. Картиналарды жіберу үшін бұрын-ғыдай поштаға барып жүрмейміз, қазір бәрі онлайн режимде. Жұмыстарымызды электронды поштаға саламыз. Басқа адамдарда мұндай сезім бола ма, білмеймін, осы жолы өзіме сенімді күйде жүрдім. Кейінгі салған пейзаждарымды жіберген едім. Таяуда бес байқаудан да «жүлделі болдың» деген хабар алдым. Атап айтқанда, Испания жариялаған Dali’s Mustache өнер додасында, Санкт-Петербург қаласында өткен ZEN ART FESTIVAL және «Водный мир» конкурстарында, Мәскеуде ұйымдастырылған Event Arena Moscow II Халықаралық байқауында лауреат атандым. Сонымен қатар, Украинаның Одесса қаласында болған Де Ришелье атындағы Халықаралық байқауға екінші мәрте қатысып, «Алмазный дюк» сыйлығын жеңіп алдым.

– Өзіңізге бір тыным бермейсіз. Осыдан бірер жыл бұрын Ресейде қойылған көрмеңізде бір жаңалық – портретте адамның бетін кенептен (полотно) шығыңқы етіп салуды көрсеттіңіз. Осы ізденіс жалғасын тапты ма?

– Иә, ізденістен туған дүниелер ғой. Бейнелеу өнерінде бұндай ерекшелікке барғандар болыпты. Натюрморт, пейзаж және өзге жанрларда қолданған, тек портретте алғаш із салған мен екенмін. Сурет өнері жақсы дамыған Санкт-Петербургте мұны алғашында түсінбей қалғандар кездесті. Кейін Евгений Куныгин сияқты майталмандардан жылы лебіз естіп, шабыттанып оралған едім. Ойлана келе, велосипед ойлап табудың қажеті жоқ деген ше-шімге келдім. Өзімнің жолым бар, нақтылай айтқанда, соцреализм-нің академиялық қырларын өзіме бағыт ретінде ұстанамын. Бұл өте ауыр жол, сондықтан, оған көбі бара бермейді. Әрине, заманауи үрдісті де қоса алып жүремін. Жаңашылдық барлық өнерпазға керек қасиет.

– Екі жыл бұрын ресейлік телеарнадағы «Ғажайып адамдар» шоуында көзіңізді жұмып сурет салып, көпшілікті тәнті еткеніңіз есімізде. Тағы немен таңғалдырмақсыз?

– Пандемия болғандықтан, біршама жоспарларым жүзеге аспай, тоқтап қалды. Жұртты мынадай жұмыстармен таңғалдырамын демей-ақ қояйын, бірақ көпке көрсетер дүние жиналды. Соның өзіне шүкір деп отырған жайым бар.

– Құпия болмаса, қазір қандай жұмыс жазып жатырсыз? Қандай картиналарды бітірдіңіз? Шығармашылықтағы кейінгі жаңалықтарыңызды айта кетсеңіз…

– Сезімге байланысты ғой… Тұлғалардың портретін салғым келеді, бірақ оған әлі де көп күш, ізденіс керек. Кейінгі шығарған туындыларымның бірі – Кейкі мерген. Ол ойымда көптен пісіп-жетілген картина. Серік Тұрғынбеков ағамыздан тұлғаның ерекше адам болғаны жайында көп естіген едім. Сол әңгімелер маған керемет әсер етті. Картина ерекше сезіммен жазылды. Батырдың бейнесін салып жатқанда көз жасыма ерік берген кезім де болды. Бояу арқылы Білге қағанның да болмысын беруге тырыстым. Ол елге рух беру үшін қолға алынған туынды еді. Біраз пейзаж салдым. Қиялғажайып дүниелерге көңілім ауып, осы бағытта бірталай еңбектендім. Ауыл көрінісін жақсы көремін. Әсіресе, кешқұрым күннің қызарып батқаны, малдың өрістен қайтқаны сияқты сәттерді елестеткенде шабыт береді.

– Ақындар өлең шығарып жатқанда сәтті теңеу, орамды ой келе қалса, жаңалық ашқандай қуанатынын айтады. Суретшілерде сондай сезім бола ма?

– Негізінде, суретшілер көп сөйлемейді. Өз ойларын тек картина тілімен жеткізеді. Бірақ, мен сәл басқамын. Бірден халыққа бәрін жайып салғым келіп тұрады. Өлең жазатыным бар еді, содан да шығар.

– Қай суретшінің картиналарын ерекше ұнатасыз?

– И.К.Айвазовскийдің «Тоғызыншы толқыны» мен «Ай астындағы Константинополь» картинасы қатты ұнайды. Нағыз гений суретші! Сонымен қатар, И.Е.Репин мен К.А.Коровиннің де еңбектері ұнайды. Қазақ суретшілерінен Ә.Қастеев пен Ж.Шарденовты үлгі тұтамын.

– Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрасыз. Туған жеріңізде, облыс орталығында көрме өткізу ойыңызда жоқ па?

– Жан-жақтан шақырулар келіп тұрады, шетелдіктерден де ұсыныстар бар, алайда, бәріне бірдей қаражат жоқ. Бұрынырақта Арқалыққа ұстаздарымның шақыруымен барып, жастарға диплом тапсырғаным бар. Одан кейін өзім түлеген өңірге шығармашылық сапармен барған жоқпын. Бірақ, үйімді, туған жерімді көруге барып тұрамын. Осы уақытқа дейін Қазақстанның екі қаласында, атап айтқанда, Орал мен Атырауда ғана көрме өткіздім. Өздері арнайы алдырды. Негізі, бейнелеу өнерін бізден гөрі Еуропа халқы жақсы бағалайтынын мойындау керек. Батысқа жақын болғандықтан ба, көрші елдегі қазақтардан да соны байқадым. Омбы қаласына екі рет барып келдім. Ол жақтағы қандастардың өнерге деген құрметі айрықша екенін сезіндім. Әрине, Қостанайым құрметтеп шақырып жатса, неге бармасқа?! Тобыл-Торғай аймағы да небір өнерпаздар мекені ғой, бара қалсам, шабыттанып қайтарым сөзсіз.

– Рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Аслан Қанғожин.