Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қала тынысымен танысты

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов «Агроинтерқұс» ЖШС –де болып жұмыс барысымен танысты. Бұған дейін мұндағы құстар аурудан жаппай қырылғаны белгілі. Оның орынына «Хай – Лайн» аталатын тауық түрінің 270 000 данасы жеткізіліпті. Күзге қарай мұның санын 420 000 –ға дейін көбейту жоспарланып отыр.

            Құс фабрикасында қазір 165 адам жұмыс істеп жатыр, орташа айлық еңбекақылары 90 000 теңге көлемінде. Мәселелері : «Арқалық – Торғай» трассасынан серіктестікке дейінгі 2. 800 метр жердің бір бөлігі нашар жағдайда. Кездесу барысында осы жол бөлігін жөндеудің жолдары қарастырылды.

            Мұнан бөлек «Жас – Ұлан» БЖО –да болып, мұндағы түрлі клубтардың жұмысымен танысып, хауызды көріп, орталық ұжымына келушілердің суға шомылуы кезінде қауіпсіздік ережелерін әркез естен шығармауды тапсырды.

            Одан соң жаңадан салынып жатқан «Автодром» алаңына аялдап, жұмысты өз деңгейінде, уақытылы аяқтауды еске салып, Б. Байқадамов атындағы музыка мектебіне барды. Мұнда домбыра, баян, қобыз, вокал, фортепиано сыныптары жұмыс істейді. Әмірхан Біркенұлы осы үйірмелерді көріп, жетекшілерімен тілдесті. Саз мектебінің сан жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесі ғимаратының тозығы жеткендігі. Қала әкімі осыны көріп, әуелі жөндеуге қанша қаржы кететінін білу үшін жобалық сметалық құжат әзірлеу керектігін айтты.

            Осы ғимаратта орналасқан Қосымша білім беру орталығының да жұмысымен танысып, үйірмелерді аралап, балаларды өнер, білім, спорт, салт – дәстүрді білуге баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеп отырған орталық жұмысына сәттілік тіледі.

            Бұған дейін Әмірхан Асанов Арқалық өңірлік ауруханасында болып, жұмыс барысымен танысты. Сырқат жандардың жағдайын, медициналық құрылғылар жайын, дәрігерлермен қамтылу барысын сұрады. Мұндағы бір мәселе, ішкі жылу жүйесіне жөндеу – жаңарту жұмыстары жүргізілу керек.

            Қала әкімі «Жанұя» медициналық орталығында да болды. Жекеменшік клиника бүгінде тек Арқалыққа ғана емес, көршілес Жарқайың, Аманкелді мен Жангелдин аудандарына да қызмет көрсетеді. Аса қажетті дәрігерлермен толық қамтылған. «COVID – 19» дертіне қатысты сынамалардың нәтижесін шығаратын зертханалық орталыққа аялдап, Абай даңғылы, 76 үйде (Торғай гуманитарлық колледжі жатақханасының оң жақ қанаты, 1 қабат) қолға алынған вирусқа қарсы екпе салу жұмыстарын да көрді.

            Мұнан соң Арқалық аймақтық емханасы мен Отбасылық дәрігерлік амбулаториясына барды. Емханаға 20 бөлімше бойынша 34 500 адам тіркелген. 38 дәрігер жұмыс жасайды, окулист маманы жетіспейді. Мұндағы басты мәселе — ғимараттардың талапқа сай еместігі. Сол себепті қызметтерін төрт бөлек жерде отырып көрсетуге мәжбүр. Бұл мәселе көп ұзамай түбегейлі шешілмек. Яғни, жұмысын тоқтатқан Торғай боксит кен басқармасынан босаған әкімшілік ғимаратты емханаға беру жоспарда бар. Осыған орай, болашақ емхана болатын ғимаратты жөндеуден өткізуге қаржы сұрау үшін, қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырды әкім.

            Денсаулық сақтау нысандарынан бөлек, қала әкімі № 2 Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына барды. Мұндағы ең өзекті мәселе ғимаратқа жөндеу қажет. Әмірхан Асанов осы жайды біліп, № 12 жатақханаға да кіріп, тұрғындармен тілдесті. Жатақхана тұрғындары ғимаратта тарақан жәндігінің көп екеніне шағымданды. Қала басшысы тиісті тарапқа жатақханаға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

            Қала әкімі Әмірхан Асанов ауылдарды аралап, ондағы мәселелерге назар аударды. Мысалы, Фурманов ауылында бау – бақша егілетін жаз мезгілінде ауыз су ақырын ағады. Осыған орай, ауылға жақын маңайдағы су көзі, оның қоры мен сапасы жайлы арнайы зерттеу жұмысы жүргізілгесін қосымша скважина қою жағы қарастырылатыны айтылды.

            Сол секілді, ауылішілік жолды жөндеу мен әсіресе желді күндері жарықтың жиі сөнуіне себеп болатын босап қалған электр бағаны сымдарын өзгерту жайы да талқыланды. Қала әкімі Восточный ауылының да ахуалын көріп, Үштөбеге табан тіреді. Мұндағы мәселе ауыз су, су шаю қаупі жоғары бөгет пен мектеп төбесінен таматын тамшы. Үштөбеге ауыз су тартуға қаржы бөлінген, биыл жұмыс басталуы қажет. Мектеп төбесі жөнделген екен, десе де, қатты жел көтеріп, қайта тамшы тамғасын, мердігер тарапқа қалпына келтіру жөнінде хат жолданғалы жатыр.

            Мұнан бөлек, қала басшысы Терісаққан бағытындағы Целинный, Молодежный, Жалғызтал ауылдарында да болып, мектеп, әкімшілік, медициналық бөлім, мәдениет үйі, кітапхана сынды нысандарды аралап, жергілікті серіктестік басшыларымен жүздесіп, жасалып жатқан жұмыстарды көріп, мәселелеріне ден қойды. Мұндағы ауылдарға ортақ мәселе, ғаламтордың жоқтығы. Бүгінгі күні жасаған жұмыстарының кемшілігін айту үшін ауылдарға ұялы байланыс орнатумен айналысқан мердігер тараппен байланысқа шығу мүмкін болмай отырғанын жеткізді әкім орынбасары Дархан Хамзин.

            Алдағы уақытта мердігер тараптан кеткен олқылықты қалпына келтіріп, аталған өңір тұрғындарын сапалы ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.