Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жеңіліс әкелген жеңіс

Солтүстегі көршіміз Үлкен Орда мен Руссия арасындағы Угра өзені бойындағы 1480 жылғы текетіресте айтулы жеңіске жеттік деп жүр. Осы соғыста екі елдің күштері айтарлықтай шайқасқа бармай, қақтығыстармен шектелгені белгілі.

Дегенмен, қазіргі уақытта сол тарихи өңірде әскери-патриотшыл клубтардың мүшелері қойылым көрсетіп, аракідік фестиваль, мәдени шаралар өткізіп тұрады. «Орыс қаруының даңқты жеңісі» деп үстірт есептелетін «ұлы қарама-қарсы тұруды» Ресейге тәуелсіздік әкелген «ұлы тарихи феномен» деп атап, енді оны көлемді мемлекеттік деңгейдегі тұрақты тарихи-мәдени шара деуге Алтын Орда жұрағатымыз деп есептейтін халықтардың наразылығы ғана жеткізбей ұстап тұр («Стояние Думы на реке Угре. Как обеславили день воинской славы»). Бұл қақтығысты орыс қаруының даңқты жеңісі дегеннен гөрі, жолайырық кезеңде орын алған өрбуі екіұдай болған өткелең тарихи ахуал деп атаса да болар еді. Себебі, аяқ астынан шегіне жөнелген орыс қолын «қашқан жауға қатын да ер» деп жеңетін күш табылғанда тарих басқаша жазылған болар еді. Бұған тарихтың басқа ағынмен жылжитынына сілтеме жасалып отыратын орыс жылнамаларындағы деректер негіз.

            Негізі саяси шиеленіс оқиғадан жүз жылдай бұрын бастау алған еді. Шайқас әскери жетістіктің нәтижесі емес, өз көрлерін өздері қазып жатқанын білмеген Алтын Ордадан бөлініп шыққан ұлыстардың бір-біріне жасаған жауыздығы. Тарихи ойынға атсалысқан күштердің арасалмағы былай орналасқан-ды: Үлкен Орда жағында – біріккен Польша мен Литва ұлы кінәздігі мен Ордадан Генуяны ықпалын ығыстырмақ болған жүрген Венеция, ал Мәскеу одақтасы Қырым хандығы және Ұлық ұлыстың орнын басуды қалап қырымдықтарға демеурін болып отырған (1475 жылдан) Осман сұлтанаты болды.Саяси ойын алаңына қосалқы ойыншылар есебінде – Ливон ордені мен Қазан хандығы да шықты. Жоғарыда атап өтілген ахуалдың өрбуі Тоқтамыс хан кезінде басталған еді және де оның жасаған қадамдарына қарап ол кәнігі саясаткер болғанына көз жеткізуге болады. Сарайдағы билігін нығайту мақсатында Тоқтамыс кінәз Витовтпен одақтасып оның төлемін мәскеулік жерлер есебінен шығарып, соның ішінде айтулы Угра өзені де Литва кінәздігіне жатқызылатын болып келетін келісімшарт жасайды.Бұл шарттардың беки түсуіне ол Василийді Витовттың қызы Софьяға үйленуге мәжбүрлеп қайын атасының айтқанынан шықпайтын күйеубала қылудан бастайды және Литваның Ордаға төлеуге міндетті салығын Мәскеу төлеп отырытын қылып қойды. Мұның соңы Мәскеуге гедимин әулетінің мұрагерлік құқығын жүргізу мүмкіндігінің негізін салу еді.

            Витовттың ықпалы тегін кетпей орыс шіркеуі Мәскеулік және Киевтік болып екіге бөлініп тынады. Оның салдары осы күнге шейін жеткенін және жаңа томостың пайда болуынан ақ байқауға болады. Кінәз І Василий 1425 жылы қайтыс болғанда уақытша билеуші оның жесірі Софья болады да, араға екі жыл салып билікті әкесі Витовтқа өткізеді, тек мұрагер болатын кінәздің ұлының болмауы рюриковичтердің таққа қайта оралуымен аяқталдады.

            Тақырыбымызды жалғастырсақ, жоғарыда аты аталған елдердің жетпіс төрт жылға (1406 жылы Тоқтамыс өлді десек) атыс-шабысқа толы айқасы мен дипломатиялық шырғалаңдарынан неге екені белгісіз Мәскеу күшейіп шыға келеді. Неге деген сұраққа жауапты Алтын Ордадан жартылай дербес болып өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлысты билеушілерінің іс-әрекеттерінен іздеу керек. Бастысы — кеше Литвамен келісіліп екі жақтан енді құрығалы тұрған Мәскеуді құрсаулап құртып жіберуге тиісті шарттардың және өзгеге тиісті жерлердің біразы Мәскеу құзырында қалып орындалмауына себепші -Ұлық ұлыстан бөлініп шығып алауыз ордалықтардың өздері кінәлі екеніне көз жеткізуге болады. Тіпті оны аз десек Мәскеуден Литваға өтуге тиісті аты-шулы Уграны1408 жылы Мәскеу жағында қасқая қарсы тұрып алып Тоқтамыстың түбіне жеткен Шәдібек хан (мирасқорларына бәле болатынын ескермей) қол шығарып қорғап қалады.

            Қырқыстардан әбден әлсіреп тұрған Русь кінәздары Сарайға барып Ұлы князь атағын тізерлеп тұрып басмалдап сөйлеп сұрап алатынын бірте-бірте ұмытады. Ендігі жерде уақыт Мәскеу үшін жұмыс істей бастайды да ІІІ Иван Сарайға барып жарлық алу дәстүрінсіз-ақ ұлы кінәз болып алады. Содан барып күшеюдің екінші қадамы ретінде орданың мемлекеттік басқару жүйесін,бір сөзбен айтқанда орталықтанған әскери- әкімшілік басқару үлгісін қабылдайды, бұнысы қайта қалпына келуге талпынып жатқан Алтын Орданың дәрежесін енді өздері алып жүруге әзір екенін көрсету болды. Халықтың ұйытқысы ретінде кінәз Алтын Орда ханы сияқты (Белек-Булат: «В той земле (в Московии) он (т.е. царь) сказывается Чингизовым прямым сыном и прямым царем называется») барлық билік тетігін қолына шоғырландырған самодержец деп танылады. Белек Болат сияқты ноғай мырзаларының («В той земле (в Московии) он (т.е. царь) сказывается Чингизовым прямым сыном и прямым царем называется») орыс патшасын Шыңғыс ұрпағы деп тануы кешегі Алтын Орданың шашырап кеткен ұлыстарының Мәскеу маңына топтасуына алып келді.

            Сол ұйыстыру үшін әдейі Сайын Болат Иван Грозный кезінде патша («посадил царём») дәрежесіне көтерілді. Алтын Орданың Мәскеуге қарсы барлық дерлік соғыстарында кінәздар мемлекет тірегі ретінде қауіпсіз аймақтарға шығарылып аман сақталып отырылғаны соның айғағы. Кінәзді дәріптеу ұстанымы өте ықпалды клерикалды оппозицияны (архиепископтар Феофил мен Вассиан сияқтыларды) тізгіндеп ұстауға мүмкіндік береді. Өзге орыс қалаларын Сарай атымен әлі де үркете отырып шыжымдап тартып орыс қалаларының ішінде паң болып дербестікке ұмтылып,бәсекелестікте дес бермей жүрген Новгород, Псков, Тверь, Ярославль республикаларының еңсесін басып Сарайға тиесілі салықты өзі жинап бағынышты қылып тұқырта түседі (осы бір жағдайда мыңжылдық тарихы бар республикалық құрылымдаржойылып Россия біржола томырық самодержавиелік құрылымда қалып қойды деп есептейтін де орыс тарихшылары бар).Кейіннен астамсығаны сондай Сарай дәргейіне кіріптар екеніне көз жұмып алым-салықты тиесілі орнына тапсырудан бас тартып, түскен пайдадан шекесі қыза бастайды.      Мәскеуден тоғыз жыл кіріс көрмей («выхода мне не дает девятый год») көзжұмбайлықта қолқусырып отырған Үлкен Орда ханы Ахмет бас бермей ноқта жұлған Мәскеуді құлағынан басып отырып ауыздықтайтын кез келді деп 1480 жылдың көктеміндежорыққа шығады. Алған бетте алғыншылары (авангарды) Ока бойындағы Беспута өңірін жайпап өтеді, ал орыс қолынан күші үш есе басым негізгі қосындар маусымда келіп жетеді. Уәдеге сай біріккен Польша мен Литваның королі IV Казимирде қосындарын ертіп Ока бойына келе қалады. Басқақтарды мойындамай («Великий же князь не мало убояся страха царева и, приим басму лица его и плевав на ню, низлома ея»)өркөкіректенген ІІІ Иванның сол кезеңдегі жағдайы бір мезетте күрт өзгеріп, салы суға кетіп бейшаралық дәрежеден бірақ шығады. Іштей кінәзға наразы болып сыртқақпай болып жүретін жуанқарын («богатых и брюхатых») боярлары ханның талабын мойындауды талап етіп («не противится супостату, но отступити») бірден князьдан іргесін аулақ салып («шепчут за ухо») қырбай бола қалады. Кінәз ІІІ Иванға жақын тұрған беделді тұлғалар да ханға қарсы тұрмауға (« не противится государю») угіттейді. Баспаналарын өртетіп барынан айрылып Мәскеуге тығылып қақтыққан рабат (посад) жұрты және осындайда айғайға дауысы зор қашқан-пысқан көлденең көкаттыларкінәзді қарғап-сілеп (« нас выдаешь царю и татарам») қаладағы бейберекетсіздікті одан сайын ширықтырып кикілжіңді өршіте түседі. Литва жаққа жалтақтап жүрген кінәз бауырлары Андрей мен Борис бүйректен сирақ шығарып дұшпандар жағын алып («из земли вышли со всеми силами») бүлік шығарып жүргендеріне де біраз уақыт болған. Жығылғанға жұдырық деп Ливон ордені 1480 жылдың жазында Псковке шабуылдағанда отбасыларын Литваға өткізіп жіберген аражікшіл ағайындылар дүрдараз Псковтың сойылын соғып шыға келеді.Новгородтық архиепископ Феофилмен сыбайлас новгородтық дәулеттілер партиясының қосындары Великие Лукиді өздеріне қаратып алады. Кінәз отбасы мен қазына Мәскеуден әкетіліп («и объял князя ужас, и захотел бежать от брега, а свою супругу великую княгиню римлянку и казну отправил в Белоозеро») жұртшылық бар жаманшылықты бастан өткізуге іштей әзір болып отырғанда («князь великий, не обитав в граде на своем дворе, бояся граждан мысли злые») аяқ астынан құтқарушы да табыла кетті.

            Жау жағадан алғанда, ит етектен дегендей жәй жүрмей мәскеуліктердің жырын жырлай қалған Қырым ханы Меңлігерей Литвамен екеуара соғысқа килігіп, соғыстың соның сиырқұйымшақтатып, сөзбұйдаға салған келіссөз жүргізіп Орданың одақтасының күшін матап тастайды. Тағы да бір ескерусіз қалмайтұғын жәй ол сырт беріп, орыспен іштей ымыралас Қазан ханы Ильхамның («Али»)Орда тағдырына немкетті болып немқұрайлылық танытуын да Мәскеу құйтырқылығының жетістігі деп айтуға негіз бар. Сөйтіп Үлкен Орда Мәскеумен жалғыз бетпе-бет қалды. Алғашқыда жазғытұры тек қақтығыстармен шектеліп, күзге қарай, әсіресе 6-11 қазан аралығында екі жақ бетпе-бет соғысады, тіпті орыс жылнамашылары орыс кінәзінің тықсырылып( «а инии против великого князя мнози») жағдайдың барынша ушыға жаздаған кездерді де («искрасти великого князя») атап көрсетеді. Ендігі жердегі кінәздің амалы бүгінгі ұрпақтары стратегиялық қадам жасады деп ақтайтын шегіну болады, бірақ бақтың таюы кінәзға емес, ханға келеді. Басты қателік – хан Ұлы кінәздікке қатысты жарлықты кезіндегі Тоқтамыс сияқты Мәскеуге бақталас болып жүрген Тверьге бере қойып, сырттап жүрген боярлар мен дінбасыларды Дмитрий Донскойдан (« уразумев бо во князех и боярех и во всем воинстве роскудание, не ста на бой против царя (Тоқтамысқа қарсы — автор), не поднял руку») ажыратқаны сияқты өзіне тарта білу керек еді. Литва күші әне –міне келеді деп босқа малданып күздің қара суығына ұрынуы Ахмет ханның басты шалыстардың бірі болды.

            Сәтсіздіктерден жүрегі шайлығып, есеңгіреп қалған орыс кінәзі алғашқыда амалдап Кременецке, кейінен біржола Боровскіге шегінуге бұйрық береді. Шегінудің басты себебі қарашаның басында қатты аяздар түсіп, өзенде қалың мұз қатып, қуатты ордалық атты әскер («реки все стали, мразы великие, яко не мощны зрети») Ахмет ханның өз сөзімен айтқанда өткелсіз-ақ кез келген жерден өтуге («реки все станут, ино много дорог будеть на Русь») мүмкіндік алар еді. Орыс жағы енді өткелдерді күші басым жаудан қорғап тұру мүмкін емес деп шұғыл шегінеді, келіссөзге шақырып Мәскеуді бағынышты («царевым улусом») деуге дейін барады.Өкінішке орай Ахмет хан тиімді сәтті орынды пайдаланудың орнына кідірте беріп (26 қазаннан – 11 қарашаға дейін ішіп-жемі литвалықтарға қарасты жұрттан болып өзен бойында босқа тұрды) неге екені белгісіз шегінуге бұйрық береді, ал ол болса өзі келіп тұрған жеңісті уысынан шығарып алу деген сөз еді. Алтын Орданың айбынын қалпына келтіремін деп жүргенсоңғыҰлы хан орыстардың үрке көшкен күшіне тарпа бас салудың орнына кібіртіктеп өз қолымен кейін шегініп кетеді. Мұнысы дүркірей қашып бара жатқан («побежа прочь») қалың нөпір әскердің райында көрініс береді. Орыс жағы олар да қашты (« едины от других бежаху») деп бір көтеріліп қалады. Шынында бірінші болып шегінген орыс қолы еді, өткел бермей тұрған Уграда мұз қатып қуатты атты әскері бар ордалықтардың арғы бетке өтуі оңайланып шайқас солардың пайдасында шешілейін деп тұрғанда, істі аяғына жеткізудің орнына («отступи от реки от Угры на две версты и ста в Лузе») біржола шегініп кетті. Болар іс болды, басымдық қолдан шығып кетіп мүмкіндік жіберіліп алынды. Текетірес аяқталып тарих ағыны басқа арнамен аға жөнелді.

            Табан астында мұндайда жаздық-жаңылдық деп кінәздің бір бауырлары Андрей мен Борис келе қалады мәскеуліктерге көмекке. Тиімді сәтті ұтымды пайдаланып қалу үшін уақытты соза түсу ретіне ІІІ Иван ханға келісімге отырайық деп тағы да кісі салады. Ал Ахмет болса кінәздің өзі келсін деп («сам приехав, бил челом, как отцы твои к нашим отцам ездили в Орду») босқа қасарысып біраз күпінеді. Келіссөзде кергимін деп жүріп Қазан хандығының жері арқылы(?) қырымдық Нұрдәулет пен Василий Ноздреватый аламандарын ту сыртына шығарып алады. Дегенмен осы жорыққа күмән келтіруші зерттеушілер жетерлік болып әрі уақытылы жылнамаларға түспеген күмәнді дерек (XVI ғасыр. «Казанская история») болғандықтан аңызсарынындағы сенімсіз жайды онша назарға алмаған да дұрыс сияқты.

            «Кідіртудың соңы неге ұласары белгісіз, озған уақытпен бірге зұлымдықта, жақсылықта келуі мүмкін»- деп Ахмет ханның замандасы Макиавелли айтқандай арада екі ай өтпей жатып соңғы ұлы ордалық Донец өзені жағасында алтын шатырында бейқам жатқан жерінде бауыздалып өлтірілді. Қиырда жатқан Сібір ханы Ибақтың Тұрадан шығып Оралды айналып, Еділ — Жайықты жағалай қоныс қылған қара ормандай қарақұрым жұртты көктей өтіп, ерінбей-жалықпай нартәуекелге барып Солтүстік Донецке жетті деуі қисынға келіңкіремейді. Есесіне тері сатып Мәскеуге тіленшек болып жүрген Ибақты Үлкен Орда тағына отырғызып бегілербек атағына ие боламын ба деп аласұрған беймаза ноғай мырзаларының қанды қол ісі болып еді десе нануға болады. Мәскеу дегеніне жетіп 1492 жылы Меңлігерей арқылы Осман дәулетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып («каковы дружбы со мной хочет тюркской») дәуірлеу кезеңіне аяқ басты. Дей тұрғанмен, жыланды үш кессеңде кесірткедей әлі болатыны белгілі. «Тақты Елден» бөлініп шыққан ұлыстар орыс жеріне әлі талай дүрбелең орнатады. Орыс жетегінде кеткен ұлыстарды IVИван Грозный қайтарған кезі де болған («И ты о Казани и Асторохани молвил «дадим», грамоту свою прислал»).Қырымдық Дәулеткерей 1571 жылы нақ сол Уградағы орыс шебін бұзып- жарып Мәскеуге кіріп келіп Кремль түбіндегі посадты қызыл өртке орайды («Жгу и пустошу все из-за Казани и Астрахани»), отқа оранған жер«Красная (алғашқыда – Пожарная) площадь» деп аталады.

            Сол жылы Мәскеуге жылына мың бұлғын терісін жіберіп кіріптар болыпжүргентағы сол Ибақтың немересі Көшімнің де тынысы ашылып Мәскеуден тәуелсіз ұлыс болуға ұмтылады. Ал Россия 1701-інші жылға дейін сол қырымдықтарға салық төлеп отырғаны тарихтан тағы белгілі. Алайда Ұлы Даланың тарихы сол Ахмет хан мүлт жіберген мүмкіндіктерінен кейін басқа бағытпен даму алып Үлкен Орданың өзін айтпағанда Қырымы, Ноғайы, Астраханы, Қазаны, Сібірі және төтеннен қосылған ойыншы қалмағы бар бәрі өз алауыздықтарының құрбаны болып, кейіннен әбжыланға арбалған торғайдай қалай жұтылғанын білмей де қалды.

Ыдырыс Иса Байзақұлы, Қостанай қаласы