Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауылдастарға тарту

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Аманкелді ауданы орталығында жабық бассейн мен спорт-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Рәсімге Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, аудан әкімі Талғат Карбозов, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақов, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов және Амангелді селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Жандильдин қатысты. Құрметті қонақтар сөз сөйлеп, бұл істің игілікті екенін айтып, ризашылықтарын жеткізді.

Аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы балалар мен ересектерге арналған жабық бассейннің құрылысына атсалысқаны үшін бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыс етті. Тұсаукесер рәсімі Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақұлы мен облыс әкімінің орынбасары Бахыт Есімоваға берілді.

Ашылуға келген қонақтар бассейн ішіне кіріп, танысты. Е.Сейкенов атындағы аудандық спорт мектебінің директоры Нұрлыбек Еренғайыпұлы үйірмелер туралы баяндап, Б.Қоласбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 9 сынып оқушысы Қуанышбаев Қуаныш Бақытжанұлы заманауи жабдықталған жабық бассейн мен спорттық-сауықтыру кешенін ашып бергені үшін Сапар Ысқақұлына алғысын білдірді. Содан кейін аудандық спорт мектебінің оқушылары суда жүзуден шеберлік сағатын көрсетті.
Жобаны қаржыландырушы – меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақұлы екенін айта кеткен жөн. Құрылысқа 120 млн теңге жұмсалған. Бассейн ұзындығы – 25 метр, ені — 8 метр. Жалпы ауданы – 920 шаршы метрді құрайды.

Сондай-ақ, осы күні Амангелді ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ора аудан орталығында кәсіпкер Оспанов Еламан Минералұлының «Fast Food» орталығы ашылды. Ашылу салтанатына аудан басшылары, мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары қатысты. Аудан әкімі Талғат Карбозов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпкердің еңбегіне табыс тіледі. Лента қию рәсімін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Амангелдіқызы мен аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы жасады.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 555 600 теңге грант ұтып алып, сонымен қатар құрылыс жұмыстарына 4 млн. теңге өз қаражаты есебінен ашылды.

Бұдан соң құрметті қонақтар Аманкелді ауданының Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде Несіпбек Айтовтың «Тілеп – Сарықыз» поэмасы бойынша дайындалған қойылымды тамашаланды. Қойылымның режиссері — ҚР  Еңбек сіңірген әртісі,  «Құрмет орденінің иегері Татьяна Рақышева, авторы – жерлесіміз, ақын Жұма-Назар СОМЖҮРЕК.

Он беске жуық кейіпкерлерді ауданның талантты жастары еркін сомдап шықты. Спектаклді он беске жуық адам сахналады. Соның ішінде Тілеп баба бейнесін Балтазар Ізтілеуов, бала кездегі бейнесін  Ерхан Егінбаев,  ал Сары қызды — Айгерім Мұханбетжан мен Ақтоты Садуақас және  ондағы әр түрлі кейіпкердің рөлін аудан жастары сомдап шықты.

Спектаклді көрермен қауым ерекше ықыласпен көрді. Аудан әкімі Талғат Карбозов осы спектаклді сахналаған барша  өнер иелеріне ықылас гүлін сыйлап, ортаға шықты.

— Бүгін қаншама іс-шаралардың басы-қасында жүрміз. Балаларды қорғау күніне орай ашылған бассейн құрылысын салған Сапар Ысқақов ағамыздың іс шаралары жалғасын тауып,  сол кісінің еңбегінің арқасында  рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Тілеп Сарықыз» спектаклін ауданымыздың М.Қапышев атындағы халық театрының  сахналауының және жерлес ақын, драматург Жұмаш Сомжүректің әсерлі қойылымының куәсі болып отырмыз. Ойнаған актерлердің шеберлігіне шек жоқ. Шын жүрегімнен алғысымды білдіремін. Қаншама кезеңдегі оқиғаларды қамти отыра шынайы махаббаттың үлгісін көрсеткен бәріміз тамашаладық. Осы ойымызға себепкер болған Сапар Ысқақов ағамызға тағы да рахметімді айтқым келеді.

«Тілеп – Сарықыз» поэмасы бұдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген, атақты қобызшы бақсылар туралы сыр шертеді. Тілеп бүкіл қазақ даласында аты кеңінен жайылған Қойлыбай бақсының шәкірті болып, одан қобыз тарту өнерін де, бақсылықтың тылсым сырларын да үйреніп, меңгерді. Қойлыбай бақсы туралы Хамитбек Мұсабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» атты поэмасы арқылы таныдық. Осы поэма желісі бойынша  белгілі қобызшы Әлқуат Қазақбаев күй шығарған болатын.  Ол Қойлыбайдың қызы Бүлдіршін де Тілеппен бірге әкесінен қобыз үйренеді. Екі жастың арасындағы шәкірттік сыйластық кейін махаббатқа ұласады. Тілеп өз ауылына оралып, елде қобыз тартып, бақсылық жасап бірнеше жыл жүріп, ел түр-түсіне қарай Сарықыз атандырып жіберген Бүлдіршінді қайта іздеп келеді.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Сарықызды жұрт Қойлыбаймен көңілдес пері әйелінен туыпты-мыс деп өсекке таңады. Онымен қоймай, перілермен, жындармен байланысы бар, елге бақытсыздық әкеледі деп ауылдан қуып жібереді. Тілеп оны Ақкөл жағасында қобызын күңірентіп жүрген жерінде жолықтырады. Бір-бірін аңсап, сағынып көріскен Тілеп пен Сарықыз бақыт құшағында жарасып, қобыз тартысып қуанышты күй кешеді. Екеуі үйленбекші болады. Бірақ Сарықызға жауыққан ауыл есерсоқтарының бірі тасаланып келіп, садақ тартады. Сарықыз ауыр жараланып, Тілептің көз алдында қайтыс болады. Қобыздың қасиеті де, Тілептің бақсылық өнері де туралап келген ажалдан Сарықызды аман алып қала алмайды.

Қойылымның әсерлі шыққаны сондай көрермен қауым көзіне жас алып тұрып көрді. Қойылым аудан халқына рухани азық сыйлап, жақсы әсер қалдырды. Сондай-ақ қойылымды көрген Сапар Ысқақов ағамыздың өзі көңілі босап, толқып тұрды.

— Құрметті қауым,  спектакльге қарап отырып, осындай керемет қойылымды аудан деңгейінде бірінші рет көріп отырмын. Тілеп деген менің бесінші атам. Ол кісі қазір Торғайдан 65 шақырым жерде жатыр. Сарықыз бен Тілептің мавзолейі бір. Маған Сарықыздың рөлін сомдаған Әйгерім баламның өнері ерекше ұнады. Түбі менің атымнан осы қызға жақсы сыйлық болады.

Қойлымға келсек, 2005 жылы Торғайда бір қария  Тілеп атам туралы аңызды айтып берді. Мен сонда осы аңызды алғаш рет естідім. Сары қыз деген орысша айтқанда – «Кольдуня». Сары қыздың әкесі Қойлыбай бақсы, ал шешесі пері болған. Пері дегенді жақсы мағынада түсіну керек. Қойлыбай өзі перілерді ұстаған. Содан бір пері одан бала туып, ол баланы тастап кетеді. Оны бала көтермеген Қойлыбайдың бәйбішесі Ұрқия бауырына басқан. Тілеп деген кісі өте әруақты кісі.

Сөйтіп сол Торғайдан қайтып келе жатқанда бір жігіттер осы аңызды бір туынды етіп неге шығармасқа деген соң, Несіпбек Айтов пен екеуміз отырып, осыны  жаздық. Кейін Жұмаш Сомжүрек  қойлым етіп жазды.  Ағылшынның атақты композиторы Карла Дженкинс «Сары қыз» музыкасын жазды. «Сары қыздың» тұңғыш рет Алматыдағы опера театрында презентациясы өтті. 

Сөйтіп Токиода, бірнеше елде көрсетілді. Ал енді бүгін осы спектакль өз туған елімде сахналанып отыр. Оның үстіне мінекей мен  «Аманкелді ауданының құрметті азаматы» болып отырмын.  Былтыр Сіздердің бұрынғы әкімдеріңіз ұсынып, сол атақ бүгін бұйырып отыр. Рухани байлық қана еме туған еліме қолдан келгенше көмектесіп келемін. Бүгін бассейн құрылысы ашылса, енді ауылдың шетінде арнайы демалыс орнын салып отырмыз. Оның кіре беріс маңдайшасына «Тілеп тәжі»деген жазу жазылып тұрады. Өйткені ол кісі әруақты адам. Сол бабамыздың әруағы бәрімізді қолдап жүрсін. Осылай тек қуаншта кездесе берейік,- деді  Сапар Ысқақов.

Сондай-ақ, Аманкелді ауданына футбол алаңдарын салып демеушілік жасаған Серік Қанафинге де «Аманкелді ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.