Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«ҚымызFest» фестивалі өтті

Әулиекөл ауданында алғаш рет аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында және көне дәстүрді жаңғырту мақсатында “ҚымызFest” фестивалі өтті.

Салтанатты шара аудан ардагері Нұрмұхамбетов Қабыл Бекмұхамбетұлының құттықтау сөзімен басталды. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Сүлекеев Аят Сексенбайұлы кештің құрметті қонағы болды. Көп кешікпей фестивальдің негізгі бөлімі де басталды.

Концерттік бағдарламаны “Қазына” этнофольклорлық ансамблі ашты. Талантты жастар мың бұрала би билеп, шараның көркін қыздырды. Іс-шара жүргізушілері қымыздың шығу тарихын баяндап, жұртшылық назарына ұсынды. Ауа-райының шуақты күні аудандағы саябақ алаңы нағыз қазақ ауылына айналды. Арнайы мереке үшін бауырсақ дайындалды. Бауырсақтар саябақ алаңында қазан ошағында пісірілді. Мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жалпы, фестивальге елу литрге жуық қымыз әкелінді.

Осылайша, ұлттық сусынымызды дәріптеген бұл іс-шарада аудан тұрғындары қаз-қатар тігілген киіз үйлерге бас сұғып, Новонежин, Тимофеев, Федосеев және Жалтыркөл аймағынан әкелінген қымыздың дәмін татып, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, концерттік бағдарламаны тамашалады. Аталмыш фестивальдің тарихы да терең. Келген қонақтарға ұлттық сусынымыз туралы жан-жақты мағлұмат та берілді. Қазақ ғұламаларының айтуынша, қымыздың жиырма бестен астам түрі бар екен.

Мәселен, мамырдағы қымыз – уызқымыз – ең құндысы, ақ уыздан жасалады. Маусымдық сарықымыздың сарғыш түсі болады, ал шілде айында дайындалатын құнарқымыз өзінің нәрлілігімен бағаланады.

Айдана Айбекқызы, Әулиекөл ауданы