Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

147 үміткер тіркелді

Қостанай облысына қарасты Денисов ауданында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына сегіз үміткер түскен. Оның үшеуі  «Nur Otan» партиясының атынан қатысып жатыр.

Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш тікелей сайлауға дайындық барысымен танысу мақсатында аталмыш ауданға арнайы келген  Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева өңір тұрғындарымен кездесіп, алдағы сайлаудың мән-маңызы жөнінде пікір алысты. Е.Смышляева ауданға сапары барысында «Nur Otan» партиясының атынан сайлауға түсіп жатқан үміткермен бірге бірқатар шаруашылықтарды да аралады.  

Денисов ауданындағы Тельман ауылдық округінде өтетін әкім сайлауына түскен екі үміткердің бірі — «Nur Otan» партиясының мүшесі, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Арман Дабылов.  Ол осы өңірдегі Антонов ауылында туып-өскен. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, туған жерге оралып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Үміткер әкім сайлауына шен үшін емес, туған жерге бел шешіп қызмет ету мақсатында түсіп жатқанын айтады.

«Осы өңірде кіндік қаным тамып, есейіп, ер жеттім. Сондықтан Тельман ауылдық округінің тыныс-тіршілігі, мұндағы көптен шешілмей келе жатқан күрмеулі мәселелер маған етене таныс. Өзім білім саласында жүрсем де, күнделікті тұрмыс барысында  мұндай жайттармен бетпе-бет келіп қалатын сәттер жиі кездеседі. Бұл, әсіресе, балалар мен спорт алаңдарын салу, мектеп ғимараттары мен жолдарды жөндеу мәселелеріне қатысты. Өзімнің бар күш-жігерім мен білім-тәжірибемді туған жерді көркейтуге, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға жұмсаймын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», ауыл өмірін жақсартуға қатысты кез-келген мәселені жерлестеріммен ақылдаса отырып, тиімді шешу жолдарын қарастырамын», деді округ әкіміне үміткер Арман Дабылов.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мен Арман Дабылов  ауылдық округтегі «Агрофирма Олимп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымымен кездесті. Мұнда 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Еңбеккерлердің көбі әкім сайлауына бірінші рет түсіп жатқан үміткерді жақсы білетін болып шықты. Ал Мәжіліс депутаты биыл ауылдық жерлерде алғаш рет өтейін деп отырған тікелей сайлаудың еліміздің саяси өміріндегі ең елеулі өзгеріс екенін, мұның ауылды дамытудағы маңызы зор екенін әңгімелеп, үміткерге қолдау білдірді.

«Осы ауылдың төл перзенті Арман Дабылов сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түсіп отыр. Ол осы ауылдың жергілікті жердегі мәселелерді жетік біледі, өйткені өзінің туған ауылы ғой. Қалада оқып, білім алды, аудандық әкімдікте жұмыс істеді, білім саласының білікті маманы. Осы өңірдің тұрғындарын да жақсы таниды. Ең бастысы, ол замандастары сияқты қалаға тұрақтап қалған жоқ, саналы түрде өз ауылына оралып, еңбекке араласты. Сондықтан оның осы жолғы сайлауға түсуі де кездейсоқ дүние емес», деді Е. Смышляева.

Кездесу барысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Арман Дабылов өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ауыл тұрғындарының тарапынан көптеген тілектер мен ұсыныстар да айтылды. Халық қалаулысы мен үміткерге түрлі сауалдар қойып, тұшымды жауап алған тұрғындардың дені алдағы маңызды саяси науқанға белсенді қатысатындарын жеткізді.