Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жедел штаб отырысы өтті

18 августа 2021 14:00 • 425 просмотров

Қостанай облысының әкімдігінде өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен КВИ таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың кезекті отырысы өтті.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов штаб отырысы барысында Амангелді, Әулиекөл және Қостанай аудандарының әкімдерін тыңдады. Сондай-ақ, мониторингтік топтардың жұмысы қарастырылды. Сандарға тоқтасақ, мониторингтік топтар 2021 жылғы 1 шілде мен 15 тамыз аралығында 3 994 рейдтік іс-шара өткізді, 235 карантиндік шараларды бұзушылық анықталды.

Бүгінгі күні облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 299 375 дозасы және екінші компонентінің 227 595 дозасы жеткізілді. 16 тамыздағы жағдай бойынша бірінші компонентпен 276 082 адам вакцинацияланды. Екінші компонентке келетін болсақ, оны вакцинациялауға жататын 213 137 адам алды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта инфекциялық кереуеттердің жүктемесі 55,5%-ды құрайды, 1 131 адам емделуде. Ағымдағы жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша облыста «Ashyq» жобасына қатысу үшін 4 116 өтінім берілді.

Қала және аудан әкімдеріне халықты КВИ-ға қарсы вакцинациялауға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырдым.

Отырыс барысында өңір басшысы тұрғындарды уақытыл екпе алуға шақырды.

-Құрметті облыс тұрғындары, әрқайсыларыңыздан өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығы үшін жауапкершілік көрсетіп, COVID-19-ға қарсы уақтылы вакцинациядан өтуді сұраймын,-деп атап өтті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Ashyq жобасы карантин бұзушыларды анықтап жатыр. 10 маусымнан бастап Қостанай облысының нысандарына «қызыл» мәртебедегі 629, «сары» мәртебедегі 454 адам кірмек болған. Бұл туралы Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Марат Әбенов мәлім етті.

«Біз бизнесті тәртіп бұзушыларды анықтауға жауапкершілікпен қарауға және олар туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына дер кезінде хабарлап отыруға шақырамыз. Осылай ғана біз облыстың басқа тұрғындарын COVID-19 жұқтыру қаупінен құтқара аламыз. Ashyq қосымшасының арқасында Қостанай облысының қоғамдық орындарына «қызыл» және «сары» міртебедегі 1 000-нан аса адам кіре алмады. Бұл жобаның тиімділігін байқатады. Сонымен қатар біз бизнестің назарын кәсіпорындарда екпе салдыру керектігіне аударғымыз келеді, бұл – пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы», — деп түсіндірді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

Бүгінгі күні Қостанай облысында Ashyq жобасына 4 158 кәсіпорын кірді.