Үкімет отырысында елдегі жем-шөп дайындау барысы мен алдағы егін орағына дайындық жайы талқыланды. Бұл тұрғыда ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев пен облыс әкімдері есеп беріп, қазіргі ахуалдың мән-жайын түсіндіруге тырысты.
«Биылғы климат жағдайы ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз етуде белгілі бір қиындық туғызды. Жағдайды түзету үшін Үкімет нақты жедел шаралар қабылдап жатыр. Жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді», — деді Е. Қарашөкеев.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысына мал азығын дайындау мақсатында қосымша 5,3 млрд теңге бөлу мәселесі шешімін тапты.
«Сонымен қатар жем-шөп дайындау проблемаларын шешуге жергілікті бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Қосымша тағы 4,5 млрд теңге бөлу күтіліп отыр. Зардап шеккен өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша қарыздарын ұзарту және қайта қарау туралы шешім жасалып, өтінімдерді қабылдау басталды. Облыстарда азық дайындау көлемін барынша арттыру бойынша шаралар кешені іске асырылып отыр. Өңірлерге мал азығын дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылғандизель отыны бөлінді», — деді министрдің міндетін атқарушы.
Белгілі болғандай, зардап шеккен шаруашылықтарға шөп шабу үшін 130 мың гектарға жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалды. Сондай-ақ, табиғи резерваттың 211 мың гектарында азық дайындауға рұқсат етілді. Бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдар да қосылды және олар зардап шеккен өңірлерге шамамен 150 вагон азық жеткізді. Бұл ресурстарды жергілікті жерлерде бөлу қоғамдық кеңестердің белсене қатысуымен жүргізіледі.
Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясы арқылы жемдік астықпен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда, атап айтқанда, зардап шеккен өңірлердің субъектілеріне нарықтық бағадан 17%-ға төмен бағамен 1,2 мың тонна жемдік арпа сатылды. Қазіргі уақытта Азық-түлік корпорациясы мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға 200 мың тонна көлемінде жемдік астықтың қосымша резервін құруға 20 млрд теңгеден бөлу және фермерлерге суару әрі азық дайындайтын техниканы лизингке беру мәселелері қарастырылуда.
Бұған қоса, «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ тамыз айының соңына дейін мал азығын тасымалдауға жеңілдікті тарифтерді нарықтағыдан 77%-ға төмен деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұдан басқа, ағымдағы жылғы 23 тамызда ірі мал азығын республикадан әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, 1 қыркүйектен бастап жемдік астықты экспорттауға квота енгізіледі.
«Жедел штаб жергілікті атқарушы органдарға зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету қорларын құруды, сабан дайындау және жемдік астық пен кебек резервін құру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды», — деді Ербол Қарашөкеев.
Өз кезегінде Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірде жем-шөп дайындау жұмыстары туралы баяндады. Биыл өңірде қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты мал азығымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Қыс мезгіліне мал азығын дайындау бойынша арнайы штаб құрылды.
Жалпы, облыс бойынша қыс мезгіліне 77 мың тонна шөп пен 53 мың тоннадай жем керек. Дайындалған шөптің көлемі 35 мың тоннаны құрады. Оның 28 700 тоннасы өзге аймақтардан, яғни негізінен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан. Қалған 3,5 мың тоннасы жергілікті қорықтардың аумағынан дайындалды. Серікбай Трұмовтың айтуынша, өзге облыстардан көмек ретінде келген 2800 тонна тегін жем-шөп қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруа қожалықтарына таратылды. Атап айтқанда, Ауыл шраушалығы министрлігінің мәліметінше, шөп дайындау жоспары запастағыларды ескере отырып, 23,7 млн тоннаны құрайды. Іс жүзінде 19,7 млн тонна шөп немесе 83% дайындалды. Алматы, Жамбыл және Қостанай облыстарында жоспардың шамамен 90%-ы көлемінде шөп дайындалды.
Ұйымдастырылған шаруашылықтар 989 мың тонна пішендеме әзірледі, бұл жоспардың 62%-ын құрайды. Сондай-ақ сүрлем дайындалып жатыр, жоспар 2 млн тоннадан асады. 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна құнарлы азық дайындау бойынша жоспарлар айқындалды. Солтүстік өңірлер үшін пішен бойынша ғана емес, басқа өңірлерде шөп жетіспеген жағдайда, сабан дайындау бойынша да жоспарлар ұлғайтылды. Үкімет отырысында осы бағыт бойынша Премьер-Министр Асқар Мамин тиісті министрлік пен өңір әкімдіктеріне тапсырма берді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауы қажет», — деді Үкімет басшысы. Биылғы астық өнімі қандай болмақ? Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрады (бұл 2020 жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға көп). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,9 млн га (оның ішінде бидай – 12,9 млн га), майлы дақылдар — 3,1 млн га, көкөністер мен бақша дақылдары және картоп — 473,8 мың га, мақта — 109,7 мың га, қант қызылшасы — 21,7 мың га, мал азығы дақылдары 3,2 млн га алаңда орналасқан.
«Сонымен қатар, биыл топырақтағы және атмосферадағы қалыптан тыс құрғақшылыққа байланысты дәнді дақылдар егістерінің жай-күйі айтарлықтай нашарлады және бұл Қазақстанда ғана болып жатқан жағдай емес. Егістіктердің күйінің нашарлау тенденциясы бүкіл әлемнің астық егетін көптеген елдеріне әсер етті. Мысалы, Америка Құрама Штаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанда 31,6%-ға, АҚШ-та 4,4%-ға, көршілес Ресейде 15%-ға төмендеуі мүмкін», — деді Е. Қарашөкеев.
Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша бүгінгі таңда дәнді дақылдар егістіктерінің жай-күйі былай бағалануда: — 13,2 млн гектарда немесе дәнді дақылдардың жалпы егіс көлемінің 85,2%-ында жақсы және қанағаттанарлық күйде; — 2,1 млн гектарда немесе 13,7%-ында нашар күйде; — 178,3 мың гектарда немесе 1,1%-ында егістер жойылған.
«Біздің алдымызда әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен жалғасып жатқан Covid-19 коронавирус пандемиясы жағдайында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұр. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша астықтың жалпы жиналымының болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Бұдан басқа, республикада 3,5 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар», — деді Ербол Қарашөкеев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалы.
Бұл ретте Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 448 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Көрсетілген астық көлемі қажет болған жағдайда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа бағытталатын болады.
«Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы жиналатын астықтың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспорттауға жеткілікті. Өндірілетін астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап тұруға да мүмкіндік береді», — деді министрдің міндетін атқарушы.
Айта кетейік, астық егумен айналысатын негізгі аймақтар жаппай егін жинауды тамыз айының үшінші онкүндігінен бастайды. Республикадағы астық сақталатын қоймалардың жалпы сыйымдылығы 27,5 миллион тоннаны құрап отыр. Үкімет отырысындағы талқылауды қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету керек екенін тапсырды. Үкімет басшысының айтуынша, экспорттық әлеует жоғары деңгейде қалады – шамамен 6,5-7 млн тонна.
«Сондықтан басты міндетіміз – егін жинауды уақтылы әрі сапалы өткізу. Жалпы мынадай мәселелерге көңіл бөлгім келеді. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдіктері қыс мезгіліне жем-шөп қорын сапалы дайындау және оның бағаларын тұрақты болуын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екіншіден, егінді сапалы жинап қана қоймай, бидай сақтаудың тиісті шарттарын да бақылауда ұстау керек. Элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет», — деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.