1916 жылғы ұлт азаттық қозғалыстың соңғы кезге, тіпті әлі күнге дейін белгісіз болып келген ардагерлерінің, халқының азаттығы үшін шыбын жанын, қасықтай қанын қиып, сол жолда өлімнен тайынбай, қасқая қарап, қарсы барғандардың бірі және санаулы қолбасылардың бірегейі, көтерілістің қайнаған орталығы болған Қараторғай болысының мыңбасы Қосжан би Маңыбайұлы.
Оның ардақты есімі ел аузында ұмыт болмай әлі күнге дейін сақталып келгенімен, ресми деректерде аталмай жүргені белгілі. Себебі, жоғарыда айтылған «би» деген лауазым мен әкесі Маңыбайдың дәулетті бай адам, әрі қажы болғандығы. Біздің кешегі идеологиямыздың бағыт — бағдары бұрынғы патша заманында басшылық қызметте болған, дәулетті шаңырақтан шыққандардың бірлі — жарымы болмаса, көпшілігі тарихқа жақпайтын тұлғалар болғаны белгілі. Өкінішке орай, азаттық жолында қаза болған Қосжан атамыз да осы сыңаржақтық түсініктің құрбаны болды. Ал, 1931 — 1933 жылдардың алапат қырғын аштығы кезінде Маңыбай әулеті мен оның жақын туғандары бас сауғалап, елден безіп кеткен. 1916 жылғы көтеріліс туралы деректер жинау басталғанда бұл әулеттен бірде — бір бас көтерер сөз, дерек берер адам Торғай төңірегінде жоқ болатын. Елден табан аудармай қалғандары аштық жылдары құрып кеткен. Мысалы, атпен жүріп санамаса Дәу Омар ұрпағының санына жете алмайсың дейтін, Қосжанның немере ағасының 33 жанынан бірде — бір тұяқ тірі қалмапты. Осындай сөз ұстар кісі жоқтықты кейбіреулер өздеріне тиімді пайдаланып, Қосжан атын шығармауға әрекет жасап бақты. Бұл әрекет күні кешеге дейін іске асып келді.
Мыңбасы Қосжан би 1878 жылы Торғай уезі Қараторғай болысында дүниеге келген. Әкесі Маңыбай Жиенбайұлының Үлкен Торғай өзенінің оңтүстік жағасындағы көп бөлмелі қызыл үйі кейінгі кезге дейін тұрды. Өзі пысық, әрі дәулетті шаңырақтан шыққан Қосжан ерте атқа мініп, ел ісіне араласқан. Сол Қараторғай болысының биі болып сайланған. Сол жылы оның ұлы Биғали ағай өмірге келіпті. Оның есіміне «би» сөзінің қосылуы да осыған байланысты. Биғали ағай 1911 жылы туып, 1993 жылғы қазан айында 83 жасында дүние салды.
Ата қоныс қыстауы, мешіт, мектеп ұстаған ортаға жақын Қосжан – заманының көзі ашық, көңілі ояу, парасатты азаматы болған. Ол ел билігінде әділдігі, турашылдығымен аты шыққан. Халықтың жиі орналасқан қалың ортасы болған Торғай бойындағы елде әрбір іс — қимыл есепте, жұрттың көз алдында болатын еді. Қосжан өзі дүниеден өткенше бұл сыннан сүрініп кетпеген кісі. Сондықтан да болар, көтеріліс басталғанда Қараторғай болысының азаматтары оны бір ауыздан мыңбасы етіп сайлаған. Бұл жөнінде ел аузында мынадай әңгіме бар. Бұл және бірер адамның емес, жұрт біткеннің барлығы айтатын шындық.
Әуелде Қараторғай болысының мыңбасылығына Қосжанның немере ағасы Дәу Омар ұсынылыпты. Кезінде қақ сойылдың, түнгі жортуылдың адамы, батыр, балуан Омардың жасы алпысты алқымдап қалған кезі екен. Денесінің ірілігіне орай «Дәу» деген анықтауыш қосыла аталған, Омар бай адам. Өзіне біткен 500 жылқыдан он екі ат қана көтеріп жүре алады екен. Ел бірлігін, ата жолын сақтап отырғанын түсінген Омар Әбдіғапар, Амангелдіге өзі келіп, жағдайын айтып, ризашылық білдіріп, жолын немере інісі Қосжанға беруді ұсынған. Әбдіғапар, Амангелдіге де керегі осы. Сөйтіп, Қосжан би Қараторғай болысының мыңбасысы болып сайланған. Бұл арада осы Қараторғай болысындағы елдің басым көпшілігі Қаз қыпшақ екендігін де ескерген жөн. Өйткені, ол кезде мұның елеулі маңызы болғаны құпия емес.
Мыңбасы болып сайланғаннан кейін Қосжан би өзгелер сияқты өз сарбаздарын қаруландыруға кіріседі. Ұсталар дүкенін құрып, суық қарулар соқтырады. Әбдіғапар, Амангелдінің нұсқауымен қалалы жерлерге адам шаптырып, атыс құралдарын іздестіреді. Торғай қаласына шабуыл жасау, көтерілісшілердің осындай әзірлігінен кейін барып жасалған. Әрине, күш тең емес еді. Сарбаздардың қару — жарағы аз, әсіресе отты қарулар жеткіліксіз еді, әрі сарбаздар да соғыс ісіне жете машықтанбаған. Олардың жерді жақсы білетін, бәрінің де ат көлігіне табиғи жаттыққандығы сияқты ерекшелігі болатын. Бұл шұғыл шешімдер, оралымдар (маневр) жасап, қаша соғыс салуына, жауға ұстатпай кетуіне мүмкіндік беретін. Болыстағы үй санына қарай әр мыңбасының қарауында атауына сай қарулы сарбаздар болған деп шамалауға болады. Оған өзге өңірлерден азаттық аңсап келіп, қосылғандарды есептеңіз. Сонда көтерілістің орталығы болған Қараторғай болысының мыңдығы кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі Ковпак, Федоровтардың партизандық дивизияларына шамалас келеді.
Мыңбасы Қосжан Торғай, Күйік, Шошқалы, Доғал шайқастарына белсене қатынасқан. Әбдіғапар, Амангелді, Кейкі батырлардың үзеңгілес серігі болған. Қосжан ағасын жақсы білген әкелеріміздің және оның өз атшысы, немере інісі Досжанның Тайпылының айтуынша ол толық, орта бойлы, ат жақты, қалың қабақты, өткір көзді, кескінді кісі болатын. Сұлу қияқты, қара мұртты, қара сақалды адам.
Қосжан Маңыбайұлы осы шайқастардың бірі – Құмкешу соғысына бармай қалған. Қосжанның мыңбасы болғанына кейбіреулердің күмәны да осыған байланысты.
Дініміз бен тіліміз қалпына келтіріліп жатқан қазіргі кезеңде енді бұл бүкпе сырды ашып айтуға болады. Қазақта көрген түске сену, оны тұспалдап болса да жору деген бар. Мысалы, арғы бабамыз Шақшақ Жәнібек Тархан қалмақ батырымен жекпе — жекке шығарда түс көріп, бас тартатыны бар. Алдында қалмақ ханы Абылайға сөз салып, жаппай соғыспай, екі жақтан, екі ең күшті батырымызды шығарайық. Қайсымыздікі жеңсе, таласып жүрген малды сол жағымыз алсын, – деген екен. Абылай хан түсті жақсылыққа жорып, астындағы тұлпарын Жәнібектің жолына құрбандыққа шалып, батырды райынан қайтарады. Жекпе — жекте бабамыз қалмақ (жоңғар) батырын аттан ұрып түсіреді. Анау: Жәнібек, мені өлтірме, – деп жалынады. «Сенің көрген түсіңді менде көріп едім, бірақ жоруы басқа болды», – дейді. Жәнібек батыр қалмақ батырының тілегін орындап, отыз ауылымен туыстарын қазақтарға көшіріп алатыны тарихи аңыздан белгілі.
Мыңбасы Қосжан да түсінде өзі мінген күрең атты ер тоқымсыз бос көріп, оны жамандыққа жорып, Құмкешу соғысына барудан бас тартады. Доғал шайқасы алдында Үрпекке келіп жеткен сардар Амангелді іргедегі Қосжан ауылына келіп, оны райынан қайтарып, Доғал соғысында ол өз мыңдығына қолбасшылық етеді. Көтерілістің қайнаған ортасында болған Қараторғай болысының мыңдығы әр кезде де сарбаздар қолының ұйытқысы, алғы қосымы болғанға ұқсайды. Өйткені, оқиғалардың қай — қайсысы да осы болыс орталығынан бастау алған.
– Сарбаздарды өзен табанымен және ашық қырға қарай көріне шегінуге бұйырған Амангелдінің тактикалық әдісі болуы керек. Ол мұнымен өзен жарын қалқалап, шегінген сарбаздарды тікелей қуудан сақтады. Қары жұқа, ық беттегі жағамен өзен табанындағы сарбаздарды қуалай оқ жаудыру жазалаушы қосынға жеңіл еді. Ал, қалың қарды кесіп өтіп, қырға көріне қашқан сарбаздарды өзеннің екі қабағындағы қалың қарды көктей өтіп, қуу оңай емес. Әсіресе зеңбірек пулеметтерін алып өту қиын еді. Осыған байланысты солдаттар өзен жиегіне таяу келіп, арттан оқ жаудырудан аса алмады. Осындай атыстың үстінде мыңбасы Қосжан өзен табанынан кешеуілдеп шығуына орай жанындағы екі — үш сарбазымен оққа ұшты. Мыңбасыға зеңбірек оғының жарықшағы көк желкеден қадалған екен.
Біз бұған дейінгі жазбаларымызда («Мыңбасы Қосжан батыр»), («Торғай таңы», 1994 жыл 18 қазан) алдымыздағы бұрынғы зерттеушілердің ығына еріп, Қосжанды тосқауылдағы мергендерге қосылып, қаза тапты дегенбіз. Бұл жалған, бұрмаланған дерек еді. Тосқауылдағы мергендердің басшысы, жүзбасы Жағыпар, мұны осы оқиғаның куәгерлері мыңбасының атшысы Тайпыл Досжанов пен мергендер мен қоршауда қалған Әміржан әкей талай растаған. Ескі концепциядан арыла алмай тұрған кездегі қатемізді Құдайдан қорқып, адамнан ұялып, енді түзеткеніміздің еш айыбы жоқ.
Сарбаздар Үрпекке қайтып оралып, шейіт болғандардың мәйітін жинағанша жаяу борасын жүріп, адамдарды тауып, танып алу қиынға соққан. Оны әртүрлі белгілерінен айырып, көз жасын төгіп, еңіреп жүріп, танып алушы қыржігіт Мұханбетжан деген ауылдасы. Болыс әулетінің есімдерін алдың деп ағайынды Сейдахмет екеуін Ақтаутан, Қаратаутан атандырған осы ақ көңіл, адал адам Қосжаннан бес жас кіші еді. Оны ағасындай көріп, қатты сыйлайтын. Қосжанның денесінде көп оқ жарасы бар екен.
Көтерілісшілер жазалаушы патша әскеріне қарсы жүргізген шайқастарда Мыңбасы Қосжан батырдың ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен шайқасы – осы өз мекені түбінде өткен Доғал соғысы. Зеңбірек, пулемет, винтовкамен қаруланған подполковник Тургенев бастаған халықтың айтуынша ұзын саны мың адамдық құрама қосын Құмкешуде сарбаздарды ығыстырып, көтеріліс орталығы Батпаққара мен Үрпекке бет алады. Осы шайқаста майдан төңірегіндегі жағдайдың ұшынуын аңдаған сардар Амангелді екі жүз елудей мергенді өзен жиегіндегі қалың тоғайдың тасасына тосқауылға қалдырып, суық қарулы сарбаздарға шегінуге бұйырған. Сарбаздардың бір тобы өзен табанымен жар қабақты, қалың жынысты қалқалай шегініп, үлкен бір тобы өзеннің жел жақ бетіндегі қалың қасаба қарды жарып өтіп, ашық далаға қарай көріне қашқан. Зеңбірек, пулеметтен, винтовкадан оқты қарша боратқан солдаттар оларды өршелене қуып, алғашқы легі тасада жатқан мергендер оғына душар болған. Патша әскері алғашқы қарқынынан қайтып, шегініп, оқ жетпестей жерге барып, тағы да зеңбірекпен атқылай бастаған. Осыны пайдаланып, сарбаздың негізгі топтары қоршау қаупінен шығып үлгереді. Енді зеңбірек оғы астында қалған мергендер тобының шегінуіне тура келеді. Олардың да негізгі тобы өзен бойымен шегініп үлгеріп, сардардың арнаулы тапсырмасымен бір топ мерген тағы да тосқауылға қалады. Осы арада сардардың бұйрығымен өз мыңдығын қырға қарай шегіндірген Қосжан соңғы сарбаздарын өзен жағасынан шығарып, өзі солардың соңын ала кетпек болды. Бірақ, зеңбірек оғы жағаға шыққан сарбаздарды қуалай атқылайды. Өзен табанында жасырынған мергендерінің тобы да шегінеді. Атыстан үріккен аттарға ие бола алмай атшылар да кетеді. Әуелде олармен отызға тарта адам болған. Мергендер өздері 15 шақты адам қалған. Мергендер тобы қауіпсіз жерге жеткенше өзен жағасындағы иелері көшіп кеткен қыстаулардың біріне келіп, қорғаныс жасап, тосқауыл құрады.
Ішінара винтовка, құс мылтықпен немесе қолдан жасалған бір атар жасанды мылтықтармен қаруланған мергендер әуелі жауды жақын келтіріп, оқ жетер жерден атқылап, дұшпанның бетін қайтарады. Мергендердің қалын жаумен арпалысы ұзаққа созылады. Алыстан атысып, сарбаздардың оғының таусылғанын білген солдаттар бірте — бірте қыстауға жақындап, берілуді ұсынады. Ақыры солдаттар қыстауға өрт қояды. Тірідей беріспеске бел буған мергендер өлімге әбден бас тігіп, бір — бірімен қоштасып, түтінге тұншығып, отқа күйіп өлгенше, жастығымызды ала жатайық деп, суық қарумен сыртқа шығып айқасады. Ерлік пен намысшылдықтың үлгісін көрсеткен есіл сарбаздар күші басым жау қолынан жайрап түседі. Азаттық жолында асыл жанын құрбан етеді. Осы ерлерден екі адамның есімі елге әйгілі. Бірі – Жүзбасы Жанбосынның Жағыпары. Екіншісі – әр деректе түрлі лауазымда аталып жүрген Мұсабайдың Өмені. Жазалаушы отрядтың солдаттары қаза тапқан екеуінің мүрдесін қатты қорлаған.
Жағыпар екі метрдей бойы бар, еңгезердей алып кісі екен. Айқаста оқ пен қылыштан қатты жараланған Жағыпардың бетін жау қылышпен төрт бөліп шауып «Х» (икс) белгісін салыпты. Өмен батырға да осындай аяусыздық жасаған.
Өмен батыр шайқас алдында көрген түсін жақындарына жария етіп, осы шайқаста өзінің опат болатынын біле тұра, олардың барма дегеніне көнбей, шайқасқа белшеше кіріскен. Өз жолдастарынан бөлініп, тосқауылдағы мергендер тобына қосылған. Берген сөзінен, алған бетінен қайтпаған. Соғыс өнеріне машықтанбаған, арнаулы әскери әзірліктен өтпеген осы есіл ерлердің қаһармандығы мен қайсарлығы, беріктігіне қайран қаласың. Бір ғажабы Тосқауылда қалған ерлердің қай — қайсысы да жан сауғалап, өз басын сақтауды мақсат етпеген. Ар — намыс үшін жанын пида еткен. «Жаным – арым садақасы» деген қасиетті ұғымды ту етіп көтерген. Бұл ерлердің қай — қайсысына да алтыннан ескерткіш қойса артық емес. Өкінішке орай, бұлардың есімі әлі күнге ресми түрде толық жарыққа шықпай келеді. Оның басты себебі – кезінде дерек берушілердің өздерін ғана көрсетуге тырысқан қараңғы қасақылығы. Екіншіден – олардың дәулетті шаңырақтан шығып, ел басқару ісіне араласқандығы. Кезінде осындай кемшіліктер болғандығы қазір ешкімге құпия емес.
Жалғасы алдағы санда.
Журналист Бөгетбай Әлмағамбетовтің «Торғайдағы азаттық көтерілісі» кітабынан үзінді.