Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Этнотуризм елге қызық

Жанкелдин ауданында жылжымалы киіз үй глэмпингі ашылды. Бұл облыс көлемінде қолға алынып отырған тың жоба. Жоба авторы Торғай өңірінің тумасы Амандық Әмірхамзин ағамыз. Жартоғай ауылында жүзеге асқан бастама бұл өңірде этнотуризмнің дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Глэмпингтің ашылу салтанатына Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов, Жанкелдин ауданы мәслихатының Төрағасы Серік Бағдаұлы Нұрғазин, аудандық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сауле Дүйсенова, Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Құлетқызы және «Біздің ТОРҒАЙ» газетінің бас редакторы Байбатыр Ниязбекұлы қатысты.

Іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды сақтай отырып, ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына жиналған қауым шашу шашып, игі тілектерін білдіріп жатты.

Аудан әкімі Шота Оспанов пен аудандық мәслихат хатшысы Серік Нұрғазин, кәсіпкерлік нысанының жетекшісі Амандық Әмірхамзинмен бірге глэмпингтің таспасын қиды. Ашылу салтанатына жиналған қауым шашу шашып, игі тілектерін білдіріп жатты.

— Бұл көптен ойлап жүрген жоба болатын. Осы ретте, «Аянбай» ШҚ басшысы Талғат Қорғанұлына, «САНАиБ» ЖК жетекшісі Салтанат Мақсұтқызына, Албарбөгет ауылдық округінің (Көкалат ауылының) әкімі Аманжол Қуанышбекұлына зор алғыс білдіремін. Іс-шараның басы-қасында жүрген, аты аталған, аталмаған барша жанға, әсіресе, аудан орталығынан келген барша қонақтарға зор алғыс айтқым келеді. Жоба ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының арқасында жүзеге асырылды. Жоба үшін Қостанай облысы Жангелдин ауданының Албарбөгет ауылдық округіне жататын Жартоғай ауылы таңдалды. Бұрын бұл шағын ауыл бөлімше болған, осындай игі бастамалар ауылымыздың, туған жердің өркендей түсуіне бастамашы болатынына сенімдімін. Этнотуризмнің дамуымен Торғай өңірі екінші тыныс алады, ал глэмпинг өңірдің баламалы дамуының негізін қалайды деп үміттенеміз. Біз өз тарапымыздан туристерге глэмпингте демалу, атпен жүру, садақ ату, балық аулау, ұлттық тағамдардың дәмін тату, аймақтың флорасы мен фаунасымен танысу, жергілікті халықтың тұрмысымен танысу сияқты қызықты дүниелерді ұсынамыз. Бәлкім, бұл жоба кезінде ферма орталығы болған Жартоғай ауылының қайта түлеуінің бастамасы болар деген үмітіміз бар, — дейді Амандық Әмірхамзин.

Айта кетерлігі Амандық Әмірхамзин отандық туризмді дамытып жүрген азамат. Бұл бастамасы қала өмірінен шаршаған, туған жерге саяхаттап барып, топырағына аунап-қунап жатамын деген жандар үшін, отбасылар үшін тамаша мүмкіндік. Ал Торғай халқына қосымща жұмыс орны, баламалы табыс көзі болары сөзсіз.

–Елбасы­мыз өзінің жуырда ғана жария етілген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласында бұл туралы «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ға­сыр өтсе де бізді кез келген рухани жұ­таңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақ­таны­шымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлт­тық бірегейлік негіздерінің басты элемент­терінің бірі. Сондықтан, мың­жыл­­дық тарихымызда біз алғаш рет осын­дай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асы­руға тиіспіз» деген болатын. Осы орайда еліміздің барлық дерлік аймақтарында аталған жобаға қатысты бастамалар бүгінде іс жүзіне асырыла бастады. Мәселен, осы мәдени-географиялық белдеуді қамтитын өңірге жататын Қостанай облысының оңтүстік аудандарының аумағында Сатыбалды ишанның мазары, Екідің, Жәуке батыр мазары, Қыз тамы сияқты көптеген тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған. Тарихи маңызы зор ескерткіштер қатарына Торғай мұражайлар кешенін жатқызуға болады, оның құрамына Шақшақ Жәнібек панорамалық мұражайы, Әліби Жангелдин мен Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов мұражайлары кіреді. «Тіпті Торғай жерінде ашық аспан астынан мұражай жасап қойса да артық емес,-дейді жоба авторы Амандық Әмірхамзин.

Жалпы, облыс аумағында шамамен 2 000 тарихи және мәдени ескерткіштері бар екенін ескерсек, туристер үшін қаншалықты мәдени-танымдық, өте қызықты турларды жасауға болатынын бағамдай беріңіз. Облыста туризмді өркендету үшін қандай қиыншылықтар кездесетініне тоқталған Амандық Әмірхамзин оның негізгі себептерін де атай кетеді: туризм орындарындағы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік нысандарға жетудің қиындығы, демалыс орындарындағы қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің сервис сапасының және санының аздығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, оның ішінде білімнің академиялық сипаты, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістердің қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің үдесінен біршама алшақтығы және т.б., орналастыру орындарын айқындаудың, сондай-ақ олардың белгілі бір түріне қолданылатын стандарттардың болмауы, заңнамада жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қатысты қолданылатын әлеуметтік туризмді реттеу қағидаларының – туристік сертификаттар жүйесінің, салықтық ынталандыру шараларының жоқтығы, туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесін нормативтік реттеудің жеткіліксіз деңгейі, туристік бизнесті дамытудағы ықтимал кедергілер, оның ішінде әкімшілік кедергілердің кездесуі, бұдан әрі жетілдіруді талап ететін мемлекеттік қолдау құралдарының болмауы.

–«Тылсым Торғайға тур» атты жобамызда біз бес бағыт бойынша жұмыс істейміз» деп, Амандық Әмірхамзин оларды санамалап өтеді. Амандықтың айтуынша, біріншіден «Бабалар ізімен» деген шартты атаумен Торғай өңірінің батыр-бектерін, жырауларын, әулие-әмбиелерін, ақын-жазушыларын өзге жұртқа таныту. Торғай жері Шақшақ Жәнібек батыр, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлы тұлғалардың мекені. Өз кезегінде олардың аталған өңірдегі 10 музейін көруге мүмкіндік бар,- дейді жоба авторы Амандық Әмірхамзин.

Мәселен, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейі, Амангелді кентіндегі Амангелді Иманов музейі, Торғай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин, «Торғайдың топжарғаны» Нұрхан Ахметбековтің, Шақшақ Жәнібек батыр музейлері сияқты музейлер. Жалпы, Торғай елі, аты Торғай болғанмен, қырандар мекені ғой, мәселен, бір ғана Қызбел ауылынан исі қазаққа танымал 25 академик пен алаштың ұл-қыздары туған екен, бұны біреу білсе, біреу білмес. Ал Көкалат, Аралбай мен Көлқамыстан жалпы саны 60 ақын-жазушы шыққан екен.

–Бұл мақтаныш па, мақтаныш, әрине, оларды өскелең ұрпаққа осылай насихаттай аламыз. Одан өзге Құтан әулие, Оспанқожа сияқты әулие-әмбиелеріміз қаншама. Одан басқа менің өз ауылым Ыбырай Алтынсариннің кітабына арқау болған Қыпшақ Сейітқұл атамыздың ауылы, Айса Нұрманов сияқты техника жоқ заманда 20 шақырымдық бөгет тұрғызған атамыз да осы ауылдан шыққан, дейді Амандық. Қысқаша айтқанда, осындай қаншама аталарымызды, жерімізді танытамыз, жалпы барша қазақ даласы сияқты Торғай даласы да тұнып тұрған тарих. Екіншіден, қазір әлемнің сегізінші кереметі – Торғай геоглифтері нақ осы өлкеде орналасқан, аталған геоглифтер дүние жүзінде тек Қазақстанда және Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде кездеседі екен. Сапар барысында міндетті түрде Торғай геоглифтерінің ішіндегі белгілісі Үштоғай төртбұрышына өтеміз. Геоглифтер Қазақстанның басқа да жерлерінде, әсіресе, солтүстік өңірлерде болуы мүмкін, бірақ тың игеру жылдары олар тегістеліп кетті ме деген ойға қаламын. Бір жағынан жеріміздің шалғай болғаны сондай, мұрамыздың сақталып қалуына да әсер еткен сияқты. Үшіншіден, міне, осы шалғайлығымыз Торғай қазақтары тұрмысының бұзылмай, қазақы қалпына сақталуына да септігін тигізді. Егер ол қонақжайлығымызды, нағыз ауыл тұрмысын неге туристер үшін ұсынбасқа, әрине, оны қызмет көрсетуді жақсарта отырып ұсына аламыз ғой,-дейді Амандық Әмірхамзин.