ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16,1 млн га (оның ішінде бидай – 12,9 млн га), майлы дақылдар – 3,1 млн га, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 473,8 мың га, мақта – 109,7 мың га, қант қызылшасы – 21,7 мың га, жем-шөп дақылдары – 3,2 млн га жерге егілді. Дәнді дақылдарды жинау үрдісі ауа-райының қолайсыздығымен және соның салдарынан бидай өнімділігінің төмендеуімен күрделене түсті. Канадада бидай жинаудың 34,5%-ға, Ресейде 15%-ға, АҚШ-та 7%-ға төмендеуі күтілуде. Қазақстанда дәнді және майлы дақылдардың жалпы көлемін 18 млн тонна деңгейінде, оның ішінде 16 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинауды қамтамасыз ету көзделген. Бүгінгі күні егін жинау жұмыстарының 95% орындалды. 9,5 ц/га орташа өнімділік кезінде 14,3 млн тонна астық және шамамен 200 мың тонна майлы дақылдар бастырылды.
«Биылғы құрғақшылықтың салдарынан бидай көлемі азайса да, еліміздегі бидайға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілді. 6-6,5 млн тоннаға жуық бидайды экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар», — деді А. Мамин.
Жаңа егіннің сапалық көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Дәнмаңызы 28%-дан асатын жоғары сапалы «Hi-Pro» бидай көлемі жиналған астықтың жалпы көлемінің 74%-на жетті (2020 жылы – 60%).Бұл санаттағы бидай әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Үкімет басшысы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің «Азық-түлік келісім шарт корпорациясына» астық жеткізуді қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Облыс әкімдіктеріне және Ауыл шаруашылығы министрлігіне егін жинауды қысқа мерзімде аяқтау, 2022 жылғы егінге қажетті тұқым қалдыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерін астықты тұрақты тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау тапсырылды.