«Әне, деді жолдасым, әне «Шұғаның белгісі көрінді… өй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!..», деген сөйлемді бала күнімізден бәріміз оқыдық. Көпшілікке белгілі «Кітапхана» телехабарында «Қостанай неге «Шұғаның белгісіне» ескерткіш орнатпайды?» деп мәселе көтергеніміз бар. Сол Қостанайға баратын үлкен жолдың бойында «Шұғаның белгісі» тұрса, әдебиетке одан артық қандай насихат керек?
Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Кешелі-бүгінгі жазушылардың көзге түсетіндері әдебиетте Бейімбеттің балалары сияқты. Басқасы басқа, маған Бейімбет әдеби ортадан шет жерде тұратын жазушылардың жалғыз ұстазы секілді көрінеді кейде. Сол жалғыз ұстаздың бір баласы тараздық Несіпбек Дәутайұлы екенін, оның жабық бәйгелерде оза шапқанмен, ашық бәйгелерде шет қалып қойып жүргенін біраз жұрт біледі. Оны жақсы жазушы деп бағалайды, бірақ бөліп беретін еншісі жоқ. Көзі тірісінде «жас күнінде қой бақса, қартайғанда да қойын құрттап жүре берсін» дейтін секілді еді.
Ана бір жылдары төрт түліктің басқа аталарынан гөрі қанатты пырақ жылқыны көп азайтып алдық. Бір жолы Бексұлтан Нұржекеұлы бәріміз жайлауға барғанда, жайлаудағы бұрын жылқы жүретін жерде қаптап сиыр жүргенін байқадық. Соған қарап біртүрлі жүрегің қарайып кетеді екен. Құдайға шүкір деп айтайық, қазір жылқының да қарасы көбейді. Үлкен жолдарда кетіп бара жатқанда, ұзап жайылып жүрген үйір-үйір жылқыны жиі кездестіретін болдық. Сол жылқыларды көргенде, әр қазақтың баласы сияқты біздің де көкірегіміз тазарады.
Мұны айтып отырғаным да жайдан-жай емес. Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутайұлы есімізге түсетінді шығарды. Алдымен, ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутайұлы біздің ұлтымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын «адамат» деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутайұлы «айғыркісі» деген баламасын сарт еткізді.
Бұл кісі «Айғыркісі» деген әңгіме жазды. Ескі мифологияға жаңаша мазмұн беретін мұндай образды тудыру екінің бірінің қолынан келмейді. Асырып айтқандық емес, атауының өзінде мифологиямен тайталасқан образ тұр. Жазушының айғыркісі деп отырғаны, құдай өзі кешірсін, түйсігі адамнан артық жаралған жылқы. Тек деген нәрсенің барын еске салатын құдіретке ие мақұлық. Сатылып кеткен жағына сыймай, иесінің моласына қашып келіп жан тапсырады. Сондағы қабырғасынан бейіт басындағы үшкір темірдің сойдиып шығып тұрғаны жаныңды ауыртады.
Маған бұл шығарманың басқасы басқа, тап осы Таразда туғаны заңдылық сияқты көрінді. Екі мың жылдан астам тарихы бар жерде қалам ұстаған үлкен дарын иесіне рухтар да көп ой салатын болса керек. Ежелгі ғұндардың, сақтардың, үйсіндердің тұлпарларының тұяғы дүбірлетіп өткен жерде жазушыға осылай арқаланып жүрген бек жараспай ма?! Бұдан туатын сұрақ: сонда жазушы деген кім, оның жазған кітабы не, бізге қандай керегі бар? Бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болады: жазушы да, кітап та, бізге керегі де – есте жүретін образдар. Мысалы, Айғыркісі – образ!
Осындайда біз өзіміздің образымызды жасай алмай жүрген ұлт секілді көрінеміз. Қазақ деген ұлтты қандай болмыста елестетеміз? Кейде жер боп қалған көңілдің жетегінде кететініміз өтірік емес. Несіпбек Дәутайұлы – ер мінезді ұлттың образын сомдаған суреткер. Ал енді мына қызықты қараңыздар. Осындай үлкен миссия арқалаған жазушыны елағасы жасында да «Несіпбек Дәутайұлы» дей саламыз, болды. Маған бұл буындағы қаламгерлер алдыңғы ағаларының құрбандығы болып кеткен сияқты елестейді. Аталы сөз айтатын тұлғаларды өмірде жоқ классиктеріміздің алдында баладай ғып қойған өзіміз.
Бұларды қара тұтпасаң, сөзіңді кім сөйлейді, тегіңді кім еске салады? Былай қарасаңыз, «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін қалай ұмытамыз. Ғабиден Мұстафиннің: «Бұрын ұлтшылдықпен күрессек, енді ұлтсыздықпен күресетін болдық» деген сөзі тіпті сұмдық қой. Бірақ сол даналарымыз бүгін келіп, мыналарың дұрыс, мыналарың бұрыс деп айтып бере ала ма?! Баламыз бала, данамыз дана, ақсақалымыз ақсақал боп жүрейік дейтініміз содан. Несіпбек Дәутайұлының мерзімдік басылымдарда басылған сұхбаттарынан осындай кісіліктің белгісін көрдік. Жазушының өзі мен шығармашылығының арасын бөле-жарып қарауға болмайтынын түсіндік. Бұл жағын Бағашар Тұрсынбайұлы «аңызы бар» деп жақсы айтыпты. Шығармаларын байыптап оқып отырсаңыз, бұл кісі өз образын да сомдап жүрген арда қазаққа ұқсайды. Иә, жүрген жүрісі, тұрған тұрысы аңыз боп жүргені де рас.
Несіпбек Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» романының кейіпкері Досмағанбет ел-жұртымен бақұлдасуға бет қойғанда қасында үш әйел отырады. Досмағанбет – үш әйелге тілеуін тілеткен күрделі қазақ. Бір әйелмен шүңкілдесіп отырып, аласапыран заманның сырын қалай ашасың? Міне, жазушы келген-кеткен көріністердің бәрін осы үш әйелдің дүниетанымына салады. Тақырыптың тоңын жібітіп, шығарманы оқылымды етіп жазу үшін сәтті табылған тәсіл.
Алланың алдында есеп беретін күн адамның еркіндегі нәрсе емес. Ал өз өмір сүрген ортаңның алдында есеп беру арлы адам айналып өтпейтін ол да бір өткелек. Әуезовтің «Абай жолында» қажылыққа бара жатқан Құнанбайдың балағына «ақымды бер» деп жармасу өмірде қайдам, ал әдебиетте өткір қолданылған «деталь». Несіпбек Дәутайұлы да кейіпкерін, міне, осындай сынақпен бетпе-бет келтіріп отыр. Негізі Несіпбек қандай тақырыпты жазса да, тақырыбының тұмары әйел болып келеді. Мұны Дәутайұлы шығармашылығының философиясы десе де артық емес. Шығатын жерің тақым, кіретін жерің ақым пәлсапасы қай шығармасына болса да тін болып тартылған. Тақырыбының тұмары әйел болғанда, құмары – жазу, басқа ештеңе де емес!
Бұл тұрғыдан «Көгілдір көйлекті келіншек» атты әңгімесін атақты жапон жазушысы Кобэ Абэ жазыпты десе, таңқалмас едім. Кобэ Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» повесінде құм қойнауында қалған мекен мен ондағы адамдардың тағдыры суреттеледі. Терең шұңқырдағы мекенге құм сусып түсе береді, адамдар оны шелектеп сыртқа шығара береді. Оқиға сол мекенге иелік етіп отырған әйел өмірімен астастырыла суреттеледі. Бала күніміздегі «қуыр-қуыр қуырмашты» еске түсіретін осы хикаят әлемді шарлап кеткелі қашан.
«Көгілдір көйлекті келіншекте» ондай құм жоқ, құм шұқырда қамалып қалған адам да жоқ. «Құм үйді басып қалды, адамдар оны тазалады» деп суреттеп те отырмайды. Бірақ «Көгілдір көйлекті келіншекті» «енді не болар екен», «апыр-ай, енді қайтер екен», «мына жағдайдан қалай шығар екен» деп құмартып оқисыз. «Құм құрсауындағы әйел» құм тұтқыны болса, «Көгілдір көйлекті келіншек» – жан тұтқыны. Екеуінде де оқырманды бір сәт те босаңсытпай, бір ысынтып, бір суынтып отыратын тылсым қаракет бар. Әйел бойындағы адамды арбап алатын магиялық сезімдерді жазушының сендіріп, нанымды суреттегеніне еріксіз тәнті боласыз. «Көгілдір көйлекті келіншекті» оқығанда, «мұндай әр сөйлемі серіппедей ширығып тұрған әңгімені жазу үшін жазушы қанша энергия жұмсады екен?» деп те ойланасың. Әлгі «ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» деген осы. «Көгілдір көйлекті келіншек» эмоционалды биігін аяғына дейін еркін ұстап тұра алған шығарма.
Несіпбек Дәутайұлының «Жалғызілік» әңгімесін қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь жазыпты десе де, «әбден мүмкін» дер едім. Мо Янь шаруаларды жақсы көреді, олардың әрекетін күлкілі етіп жазғаны сонша, көзіңнен жас шығарады. Сол сияқты Несіпбек Дәутайұлының «Жалғызілігі» де тұншығып күліп, тұншығып жылайтын, жылататын әңгіме. Жазушының шеберлігі сонда, кейіпкерінің көрген азабын күлкілі істері арқылы жеріне жеткізе суреттеп береді. Несіпбек Дәутайұлының әңгімелерін бірін мұңлы, бірін күлкілі притча немесе тәмсіл деуге толық келеді.
Притча дегеніңіз кәдімгі мысалға жақын жанр. Несіпбек Дәутайұлының шығармаларының бәрі өмірдің мысалына құрылған. Әлем әдебиетіндегі мықты жазушылардың бәрінің шығармалары өмірдің мысалымен жазылады. Бұл жанрды Несіпбек Дәутайұлы шебер меңгерген, өзінің табиғаты да сондай болуы мүмкін. Адамды кісілікке шақырып тұратындай кесек бітімі де көп нәрсені аңғартса керек.
Несіпбек Дәутайұлы шығармашылығындағы притчаның бір биігі – оның «Ақ күшік» хикаяты.
Ажырасқан адамдардың екеуіне кезек шапқылаймын деп, екі арадағы сел алған көпірмен бірге суға кеткен ақ күшікті аяйсың. Екі жағалауда тұрған ерлі-зайыптыларды ақ күшік енді табыстырады дегенде, өзі суға ағып кетті. Бұдан әркім әлінше неше түрлі қорытынды шығаруына болады. Бұл шығармада біреулер шатасып айтып жүргендей ешқандай да махаббат лирикасы жоқ, қайта өмірдің ащы сабағы бар. Бір ұлттың өкілінің екінші ұлттың өкіліндей болып өмір сүруі қиын екені, егер солай өмір сүремін десе түп-тамырынан ажырайтыны, түп-тамырынан ажыраса өзін жоғалтып алатыны мысалға алынады. Бірақ бұл жерде ана ұлт жаман, мына ұлт жақсы деген сөз жоқ. Әркімнің өзінше артықшылығы, өзінше кемшілігі бар.
Мен өзі шынымды айтайын, лирика дегенді поэзияда болмаса, прозада аса қабылдай алмаймын. Керісінше, қандай әдебиеттің бәсі биік дегенде, протестік әдебиеттің бәсі биік деген қорытындыға бүйрегім бұрады. Жоғарыда аты аталған жапон жазушысы Кобэ Абэні «популярный» емес, «элитарный» деп айтатыны сондықтан шығар. Бұл арада протестік дегенді баяғыдағыдай қоғамға қарсылық деп емес, кең мағынада болмысқа, болмысыңа қарсылық деп ұққан жөн. Менің болмысымдағы, сенің болмысыңдағы, оның болмысындағы сатқындықтар мен түрлі пасықтық мінездер. «Ертең әлдекім, аудандық газет КПСС Орталық Комитетінің Бас секретарының цитаталарын орысшасында басып, қазақшасында қысқартып тастаған деп жоғарыға арыз жөнелтіп жүрсе ше?» дегенде көзәйнегінің ар жағындағы көзі бер жағына саттиып шығып кете жаздады» деп жазады Несіпбек Дәутайұлы.
Протестік дүниелер Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовта ғана емес, Бейімбет Майлинде де бар. Кейінгілерде Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменовте айқын көрінеді. Жоғарыда Бейімбеттің балалары деп меңзеген жазушылардың көбінде ұшырасады. Бұлардың шығармаларындағы протестік сипат қатал реализммен астасып жатады. Солардың ішінде Несіпбек Дәутайұлының үні өзгешерек естіледі.
Бұл кісінің «Аты жоқ әңгіме» деп аталған ақ кітабы бар. «Айғыркісі» деген атау атырылып тұрғанда, неге «Аты жоқ әңгіме» деп атады? Байқасақ, ел ішінде аты жоқ бір әдеттер пайда болыпты. Жақсы деуге де келмейді, жаман деуге де келмейді. Елге тұлға болатын адамдардың ісі ұсақтап барады. Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дейді. Ал бүгін: «Бай түзелмей, ел түзелмейді» деуге мәжбүрміз. Себебі бас көтерер азаматтар көрге ала кетпейтін байлығын өзі өскен елді көктетіп-көгертетін меценаттыққа да қимайды. Өткен ғасырдың басындағы Бейімбеттің кейіпкерлері сияқты әлі күнге өз тумаластарына өктемдік жасайтындар да бар. Сондай ұсақ мінездердің бәріне берілетін жауап біреу, ол – Айғыркісі!
Жазушы бұл образды оңай тудыра салмаған. Қырғыздар шекарадан мал айдап өткенде, батпаққа батып бір жабағы тай жатқан. Жалғас деген есті бала оны тауып әкеліп, үстін балшықтан тазартып жуған. Тыриған тұрқы мәз болмаса да, жақсы көріп күтіп-баққан. Кейін ол бәйгенің алдын бермейтін жүйрік болып шыққан. Біреудің келіні босана алмай қиналып жатқанда, есікті басымен ұрып ашып кісінеп жіберген. «Есік тарс еткенде тура маған қарай екі көзінен от шашып, жылқының басы төніп келеді екен. Өмірімде мұндай қорыққан емеспін. Баланың дауысы шар етісімен жылқы езу тартқан сықылданды. Сөйтті, рас» дейді аман-есен қол-аяғын бауырына алған келіншек.
«Апыр-ай, кісі екен ғой» дейді мұны естіген бір қария. «Жылқыны кісі деп, мұныңыз не?» деп оқшыраяды біреу. «Бізден кеткен кісілік киені құдай осы жануардың деніне салған шығар» дейді әлгі қария. «Айғыркісі» аталған Қаратөбелге жұрт енді басқаша қарай бастады» дейді жазушы. «Әйел затына оның алдын кесіп өтуге тыйым салынды» дегенде қазақы әңгіме шығыс миниатюрасындай құбылып шыға келеді. Шығыс миниатюраларындағы нәзік желілер әйел құпиясының кілтін тыңдаушының қолына байқатпай ұстата қоятын еді ғой. Сол сияқты енді қаламгер бір-екі тылсым сырлы эпизодты Габриэль Гарсия Маркесше сілтеп-сілтеп те жібереді. «Оның аяусыз ырғауынан жас байталдың бөксесі қатты шөмиіп кеткенде, өз жөнімен кетіп бара жатқан келіншектің оқыстан күйті құтырып, ұрпақ күйінің ағыны бойынан құйылып кеткені» – анау айтқандай анайылық емес. Бірақ жазушының айтайын, жазайын деп отырғаны ол емес.
Жалғас үйдің шатырынан құлап, өлім аузында жатқанда Айғыркісі бүкіл үйірді алдына иіріп салып сол маңға әкеледі. Әкесі сауданың соңында кеткен Жалғасты түні бойы күзетіп шыққан Есқұл қария сонда мынаған куә болады. Түнімен үй артында топтанып тұрған үйірлі жылқы түгелімен Айғыркісінің соңынан шұбырып өріске бет алып бара жатыпты. Қараса тұрған орындары адам шошитындай екен, жиырма шақты биенің бәрі құлын тастап кетіпті. Бұдан соң Айғыркісінің киелі мал екенін мойындамаған жан қалмайды, бірақ соның бәріне қарамастан саудагер әке айғырды қырғыздарға сатып жібереді. Сөйтіп, жарық дүниеде кие бар екеніне, ие бар екеніне енді ғана сене бастаған қайран жұрт қай заманғы қайрансыз халіне қайта түседі.
Ал әкесіне ренжіген Жалғас Айғыркісіні әкеткен қырғыздардың соңынан кетіп бара жатып жол апатынан мерт болады. Мал қарауға ма, жол қарауға ма шыққан Есқұл жас моланың басында қалқайып тұрған жылқыны көреді. Айғыркісі Қырғызстаннан қашып келген екен, маңына жан баласын жолатпайды. Жас моланың басында ас-сусыз бір күн тұрады, екі күн тұрады. Оны күнде келіп сыртынан қарап жүрген Есқұл келесі келгенінде Айғыркісінің моланы қоршаған істік темірге шаншылып өліп жатқан үстінен түседі.
Айғыркісі өмірде қарапайым шындық болса, өнерде – жарығы сөнбейтін символ. Әдебиетте де, басқада да символдық образдарды жаны таза адамдар тудырады. Символдық образдар жойылған кезде аспандағы жұлдыздардың сөнгені сияқты әдебитте де мән-мағына қалмайды. Адамдар ештеңеге сенбесе, өздерінің бойынан жоғалып бара жатқан қасиеттерді іздемесе не болады? Ең құрмаса сондай сезімдердің құрметтеуге лайық екенін білмесек, онда қорадағы малдан айырмамыз не? Ал қаны сорғалаған шындық бейіт басындағы қоршау темірдің қадасына қабырғасынан шаншылып тұр, одан артық не керек?! Бұл шығарманың сұмдығы сонда, адамдар құлын-құрбандығын өз қолдарымен жерлеп, басына өлген айғырдың денесінен ескерткіш белгі қойып қойғандай әсерде қалдырады. Біз балалық шақтың ертегісіндей көріп отырған туынды осылай сюрреалистік шешіммен аяқталады.
Несіпбек Дәутайұлы «Айғыркісі» деген бір ғана атаулы сөзбен есте жүретін осындай өшпес образ сомдады. Ескерткішке айналуға лайықты образ. Сөз басында «Шұғаның белгісіне» ескерткіш орнатылса» деген әңгімені бекер айтқамыз жоқ. Жалпы, әдеби кейіпкерге орнатылған ескерткіш, авторға орнатылған ескерткіш емес. Сондықтан «Несіпбек Дәутайұлы облыста жүрген жазушы еді, мына кісі тым артық кетті» деп тарпынудың қажеті шамалы. Сәтті табылған образ елдің санасынан онсыз да өшпейді. Несіпбек Дәутайұлы деген есімді ұмытып қалып, «Айғыркісі» деген атауды ұмытпай жүруіміз де әбден мүмкін. Жазушыға өзін ұмытса да, сомдаған кейіпкерін ұмытпаса, одан үлкен бақыт жоқ!
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК