Қазақ халқының ұлы ағартушысы, қазақ мектебін негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Қостанай облысына жұмыс сапарымен білім министрі Асхат Аймағамбетов келді. Тұңғыш педагог-ағартушыға тағзым ете отырып, Асхат Аймағамбетов іссапарын Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге Қостанай жерінің ұлы перзентінің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады.
Бұдан кейін министр Қостанай ауданының Мичурин ауылдық мектебіне барып, сабақтарға қатысып, оқушылармен және педагогтермен сұхбаттасты, мектеп күндері қалай өтіп жатқанын сұрады. Сапар барысында Асхат Аймағамбетов қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту және елдің барлық мектептерінде сапалы білім беру ортасын құру маңыздылығын атап өтті.
Педагогтер мемлекеттің ауылдық мектептері үшін көптеген іс тындырылғанын жеткізді. Мысалы, Мичурин мектебінде соңғы екі жылда компьютерлік паркі жаңартылды, шеберханаларға жаңа жабдық орнатылды, мектеп кітапханасы, спорт жабдықтары жаңартылды. Осының арқасында мектепте олимпиадалардың, спорттық және ғылыми жарыстардың жеңімпаздар саны артуда. Министр Айнаш Даданова басқарып отырған Мичурин мектебі ұжымына сәттілік пен табыс тіледі.
Сапар барысында Асхат Аймағамбетов қауіпсіз және сапалы білім беру ортасын құру маңыздылығын атап өтті. Мичурин мектебінде бейнебақылау жүйесі, турникет және дабыл түймесі бар. Ағымдағы жылы облыста жалпы сомасы 5 млрд теңгеге 82 ауылдық мектебі жаңғыртылды, 2025 жылға дейін тағы 325 мектеп жаңғыртылатын болады.
Министрді Мичурин ауылдық мектебі директорының белсенділігі және оның білім беру ұйымы жайлы, оқу үрдісі туралы қызығушылықпен айтып бергені қуантты. Директор жыл сайын мектеп көбірек қаражат алатынын айтты. Мәселен, биыл «Nur Otan» партиясының бағдарламасы шеңберінде мектепті модернизациялауға қосымша қаржы бөлінген.
— Сапар барысында әріптестеріммен де әңгімелестім. Мұғалімдер жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы айтып берді. Олар 45 минуттық сабаққа оралу мәселесіне оң баға берді. Өйткені педагогтер бұл уақытты өткен материалды қайталауға және оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға жұмсайды. Мұғалімдер білім алушылардың офлайн форматтан кейін дәстүрлі оқу процесіне қайта бейімделулеріне эмоционалдық тұрғыда қолдау көрсету үшін бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Сондай-ақ бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндермен әңгімелестім. Олар онлайн оқу форматы ыңғайсыз болғанын, ал бүгінгі таңда мұғалімдерімен қауышып, сыныптастарын көргендеріне және дәстүрлі форматта білім алып жатқандарына қуанышты екендерін айтты, – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр қаладағы № 27 орта мектебіне барды. Оқу кабинеттерін аралап, ұйымның материалдық-техникалық жабдықталуымен, мектеп кітапханасымен танысты. Ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті. Сонымен бірге білім беру ұйымдарының және облыстағы аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кездесті.
Екі сағат көлемінде педагогтер, мектеп және колледж басшылары директорларды тағайындау ережелеріне, ротациялауға, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға, білім беру саласында вертикалды басқару жүйесін енгізуге қатысты сұрақтар қойды. Мұғалімдерді қайта даярлаудың маңыздылығы және тірек (ресурстық) мектептердің бекітілген білім беру ұйымдарымен өзара байланысындағы қиындықтар, ауылдық мектептерде жан басына қаржыландыруды енгізу қажеттілігі туралы айтылды. Колледж қызметкерлері академиялық еркіндік, колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын синхронизациялау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ колледжден кейін студент білім алу үрдісін жоғары оқу орнында жалғастырған кезде оның колледждегі нәтижелерінің ЖОО-да ескерілуі сынды сұрақтар талқыланды.
Ол «Оқуға құштар мектеп» жобасы облыста белсенді жүзеге асырылып жатқанына, сондай-ақ көркем әдебиет сатып алынғанына, мектеп кітапханаларының модернизацияланып жатқанына риза болды.
Білім басқармасының басшысы Зәуре Әнуарбекқызы Байменова облыстық білім беру жүйесінің дамуы мен перспективаларымен таныстырды. Облыс педагогтері Ыбырай Алтынсариннің мұрасын сақтап және арттыра отырып, жаңа әдістемелер мен жобаларды белсенді енгізуде, өздерінің кәсіби шеберлігін арттыруда. Қостанайлық мұғалімдер жаңа «Әліппенің» авторлары атанды, облыс оқушылары РISA және ТIММS халықаралық зерттеулерінде, республикалық олимпиадаларында тұрақты түрде жоғары орындарды алып жүр. Облыстың білім беру саласында 21 мыңнан аса педагог, тәрбиешілер, өндірістік оқыту шеберлері еңбек етеді.
Ашық диалогта Асхат Аймағамбетов білім беру саласының даму перспективаларын көрсетті, «Педагог мәртебесі туралы» заңның және жаңартылған білім беру бағдарламасының іске асырылуы туралы айтып берді. Министр: «Президент өз Жолдауында толық жинақталған мектептердің жан басына шаққандағы қаржыландыруға біртіндеп көшуі туралы айтты. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу директорларға мектептердің нағыз иесі болуға, қажеттілікті айқындауға және қаржыны дамытуға қосуға мүмкіндік береді» деп белгіледі.
Кездесуде мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды ерте дамыту, педагогтер мен білім беру ұйымдарын аттестаттау, көпшілікті толғандыратын педагогикалық қайта даярлау тақырыптары қозғалды.
Сондай-ақ инклюзивті білім беру мәселелері, мектептерде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды оқытудың маңыздылығы талқыланды. Колледждердің педагогтері колледждерді заманауи жабдықпен жабдықтауға мүмкіндік беретін «Жас маман» жобасын қолдады, жобаны іске асыру бойынша тәжірибелермен бөлісті.
Білім министрімен мұндай ашық диалог педагогтерге өз көзқарасын білдіруге, білім беру жүйесінің даму перспективаларын, бағыттарын көруге мүмкіндік берді.
Сапар барысында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Қостанай жоғары политехникалық колледжіне барып қайтты.
Қостанай облысы жастарының 34 колледжде сапалы кәсіптік білім алуға, сұраныстағы мамандыққа ие болуға мүмкіндігі бар. Жаңа оқу жылында колледждерде 22 мыңнан астам адам білім алуда.
Қостанай жоғары политехникалық колледжі 2019 жылы «Talap» КЕАҚ рейтингісінде 1 орынға ие болды, рейтингте көшбасшылық орынды ұстап отыр. Қазақстан Республикасының «Жас маман» жобасы материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға және қазіргі еңбек нарығында сұраныстағы мамандарды даярлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Осы мақсаттар үшін шамамен 3 млрд.теңге бағытталды.
«Жас маман» жобасы бойынша Қостанай жоғары политехникалық колледжінде 10 зертхана мен оқу-өндірістік шеберханалар үшін жетекші әлемдік брендтердің заманауи оқу жабдығы сатып алынды.
Сапар барысында білім министрі Асхат Қанатұлы Аймағабетовке «Электрмен жабдықтау» және «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандықтары бойынша инновациялық жабдықпен жабдықталған зертханалар мен шеберханалар көрсетілді.
Қостанай жоғары политехникалық колледжі облыста ең бірінші болып дуальды негізде мамандарды даярлауды бастады. «Баян-сұлу», «СарыарқаАвтопром», «Қостанай автомеханикалық зауыты», «АгромашХолдинг» сияқты өңірдегі ірі кәсіпорындар колледждің әлеуметтік серіктестері болды. Бұл колледж бен өндірістің өзара іс-қимылының үлгісі болып табылады.
2015 жылдан бастап колледж WorldSkills кәсіби шеберлік конкурсын аймақта және республикада дамытуға белсенді ат салысады, Құзыреттіліктер орталығы жұмыс істейді.
Құзыреттіліктер орталығы «Серіктестік алаңы» жобасы аясында облыс колледждерінің оқушыларын дайындау үшін жаңа зертханалар мен шеберханалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, желілік өзара оқыту жүйесін іске асырады.
Колледжде мобильді робототехника бойынша курстар өткізу, ІТ-құзыреттіліктер бойынша жобалау қызметін жетілдіру үшін ІТ-орталық құрылған. Асхат Аймағамбетов тегін кәсіптік және техникалық білім алу, WorldSkills халықаралық стандарттарын қолдану және жастар арасында жұмысшы мамандықтарын танымал ету маңыздылығын атап өтті.