Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (New) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Арды ойлаған азамат

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист Ілияс Омаровтың дүниеден өткеніне 19 шілде күні тура елу жыл болды. Әйгілі тұлғаның тағдыр-талайына жазылған аз ғұмырының өзі жасындай жарқылдаған, алтындай жалтылдаған сәттерге толы.

(Жалғасы. Басы газеттің өткен нөмірінде)

«Тарихшылар арасында кейбіреулердің қазақ тарихын кемсіткісі келетіні бар. Неге грузин патшасы мен өзбек ханы дәл қазақтардағыдай жағдайда озық ойлы болып есептеледі де, ал қазақтар Абылай мен Кенесарыға неге күйе жағуы тиіс? Мен қазақ тарихындағы көрнекті қайраткерлерге кері тарихи баға беру жолына түсе алмаймын. Оның үстіне ондай сыншылар өздерінің жасаған қорытынды түйіндерін ешқандай тарихи құжатпен, дерекпен дәйектемейді», дейді ол. Өзі құрмет тұтатын ғалымның хаты Ілияс Омаровты қатты қуантады. Оны сол кездегі Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке көрсетеді. Алайда екі жыл өтер-өтпесте қазақ ұлтшылдығы жайында әңгіме қозғалып, өрескел саяси қателік жіберген Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменов «халық жауларының» қамытын киіп, лагерьге айдалады. Бекмахановтың Панкратова мен Омаровты қаралауға бармай, қиындықты қайыспай көтеріп, тұтқын татар дәмді татып, әйтеуір кейін аман-есен елге оралғаны аян. Бірақ осыған қарамастан, Қазақстан КП бюросында ҚКП хатшысы І.Омаровтың жіберген қателігі турасында мәселе көтерілетін болады. Сонда Жұмабай Шаяхметов Ілияс Омарұлына Мәскеуден Сталинге өте жақын сенімді адамның қоңырау шалғанын айта келіп, оның Омаровтың тарихшы болмағандықтан Панкратовадай іргелі ғалымның жетегінде кеттім деп айтуы, ал Панкратовадай әлемге аты белгілі әрі Сталинмен сонау Азамат соғысы жылдарынан таныс, 1946 жылы Сталиндік сыйлық алған ғалымға ештеңе болмайтындықтан, өз басын арашалағаны жөн деген сөзін жеткізеді. Алғашында таңданғандықтан үнсіз қалған Ілияс Омарұлы артынша өзінің ондай сатқындыққа бара алмайтындығын айтады. Бір күннен кейін болған ҚКП ОК бюросында қазақ ұлтшылдығы сыналды. Сөз кезегі Ілияс Омаровқа келгенде ол өзінің Бекмахановты тарихи фактілерге адал да кәсіби тарихшы деп білетінін, ал оған кінә таққандардың жалған ғылыми ұғымдармен адасушылар деп пайымдайтынын айтады. Осыдан кейін бюрода нағыз у-шу болып, аяғы Омаровтың қызметтен кетуі туралы шешім қабылданады. Шын достар сыналып, күні үшін жүргендердің тайып кететін кезеңі жетіп, Ілағаң бір жыл үйде отырады. Тіпті қатаң қудалау шаралары да қабылдануы мүмкін еді. Осыны түсінген адал достары Мәскеуде Омаровты құрметтейтін ықпалды адамдармен кездесіп, мән-жайды түсіндіреді. Ал олар Микоян мен Суслов арқылы мәселені ушықтырмай оң шешеді.

Омаровтың адамгершілігінің тағы бір көрінісі – кейін өзіне сырт бергендердің, оның ішінде бюрода партбилетін тапсыруды айтқан адамды кешіруі. Отбасындағылар мен жанашыр достары: «Неге, өзіңе жамандық жасаған адамның өзін кешіре бересің?» дегенде: «Адамдар – заманның құлы, ол емес, бұған осындай жүйенің өзі кінәлі. Барлығын халық көріп отыр. Ал жіберген қателікті кешіру – ердің ісі», деп өзінің тағы да Ілияс Омаров екендігін танытқан. Енді оны Солтүстік Қазақстан обкомына бірінші хатшы етіп жібереді. Одан кейін ҚазКСР Министрлер Кеңесіне жұмысқа шақырылады. Бір жыл өткен соң Мемлекеттік жоспарлау комитеті басшысының орынбасары, кейін бірінші орынбасары болады.

І.Омаровтың Мемлекеттік жоспарлау комитетінде қызмет еткен кезі экономикадағы «косыгиндік реформа» кезеңіне тұспа-тұс келді. Осы жылдардағы Ілекеңнің атқарған жұмысы туралы белгілі экономист Жарысбек Әбутәліпов «ол кісі еліміздегі экономикалық реформаның бастауында тұрып еді. Омаровтың бастамасымен экономикалық зерттеу институты ашылып, ал орталық аппаратта жаңа жобалау әдістемелері бөлімі ашылды» деген екен. Сол жылдары Ілаға «Енді бір 20 жылдан кейін КСРО-ны ауыр экономикалық соққылар күтіп тұр. Ұзаққа созылатын осы экономикалық дағдарыс алып державаның болашағына қауіп төндірмек. Адамзаттың дамуы ортақ диалектикалық спиральға негізделген, ал Сталин осы спиральды зорлықпен түзеді. Бұл 20-30 жылдың ішіндегі қысқа мерзімге ғана жүрмек, ал әрі қарай заңдылық өзін күштеп өзгертуге жол бермейді» деп айтқан болатын.

1967 жылы І. Омаров Мәдениет министрі болып бекітілгенде одақтық Бас Жоспарлау комитеті бастығының орынбасары, академик Николай Некрасов: «Осыншалықты кәсіби экономист маманды қалайша мәдениет саласына жіберген?» деп кәдімгідей ренжіп, Д.Қонаевқа телефон шалмақ болыпты. Сонда оны Ілияс ағаның өзі тоқтатып, «Бұған тек өзім кінәлімін, Қонаевқа мәдениет саласының жұмысын жақсарту мен реформалау жайында жиі ұсыныс жасаған едім» деп академикке басу айтыпты. Ал Ілияс Омаровтың Мәдениет министрі болған кезеңі қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін айтулы жылдар болды. Өнер мен мәдениет саласына жас толқын таланттар келе бастады. Осы жылдар ішінде қазақстандық өнер жұлдыздары шетелге үлкен шығармашылық сапарларға шықты. Қазақстанның барлық мәдени өмірінің бастауында Ілияс Омаров тұрды. Әсіресе, 1967 жылғы Монреальдағы ЭКСПО халықаралық көрмесінде көптеген адамды өзінің мінез-құлқымен таңғалдырды, онда ол бірде-бір шетелдік тілшіге сұхбат беруден бас тартпаған. Канаданың радиосында сөз сөйлеп, Кеңес-Канада достық қоғамының басшыларымен тілдескен, басқа одақтас республикалардың мәдениет министрлері барынша қашқан кездесулерден бас тартпаған.

Сол кездегі басшылық Ілияс Омаровтың көптеген әрекеті мен айтқан пікірлеріне кешіріммен қарады. Бұл жерде Дінмұхамед Қонаевтың да, КСРО Мәдениет министрі Екатерина Фурцеваның да еңбегі болды деп болжауға болады. Бір күні Ғ.Мүсірепов Қонаевпен кездескен кезде Омаровтың үстінен Орталық Комитетке хат жазған фанат коммунистердің арыз-шағымына назар аудармағаны үшін алғысын білдірді. Қонаев Ілияс Омарұлы бірде-бір оғаш іс-әрекет жасамағанын және адамгершілік пен моральға қайшы келетін бірде-бір сөз айтпағанын жеткізді. Ал хаттар толассыз келіп жатты. Ілияс Омаров Мәдениет министрі лауазымында жұмысқа кіріскен күні кабинетіне сол кездегі саясатқа сай Лениннің емес, «халық жауы» деп саналған және әлі ақталмаған Жүргеновтің портретін іліп қояды. Келушілерге ол: «Егер бұл адам болмаса, мен де осы лауазымда отырмас едім», деп жай ғана түсіндіреді. Бір күні Омаровқа Фурцева былай деп әзіл-шыны аралас ескерту жасайды: арыз-шағымдардың соншалықты көптігінен жақында КОКП ОК-де жеке «қазақ шағым хаттары бөлімі» ашылатынын айтады. 1970 жылдың шілдесінде Ілияс Омаров мезгілсіз өмірден озды, ол 58-ге де толмаған еді. Оны көрнекті мемлекет қайраткері ретінде соңғы сапарға шығарып салды. Омаровты мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Бірақ ОК бюросының отырысында Алматының бір көшесі мен Қостанайдағы кеңшарды Ілияс Омаровтың есімімен атау ұсынысын барлығы бірдей қолдамады. Бірақ 1992 жылы 80 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы көше мен Қостанай облысындағы кеңшарға Ілияс Омаровтың есімі берілді. Ал 2000 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қостанайдағы қазақ драма театры Ілияс Омаровтың есімімен аталды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың артында қалдырған мол шығармашылық мұрасын зерттеудің алғашқы қадамдары да жасалды. Оның 100 жылдығына орай 2012 жылы «Ілияс Омаровтың хаттары» кітабы жарыққа шықты. Жинақта жарияланған хаттардың ең алғашқысы 1942 жылдың желтоқсанында жазылған болса, ең соңғысы өз замандастарына арнаған үндеу-хаты 1970 жылдың 16 шілдесінде ауруханада, қайтыс болуына екі күн қалғанда жазылған. Жазылған хаттардың географиясы мен адресаттары қайран қалдырады. Ілияс Омаров дүниежүзілік даңқы бар жазушылармен, режиссерлермен, атақты ғалымдармен, Қазақстанның әйгілі зиялы қауымымен, сондай-ақ қарапайым еңбек адамдарымен, тіпті балалармен хат жазысқан екен. Ал енді бұл хаттардың мазмұнымен танысқанда, асқақ рух пен ақылдың күшіне, теңіздей терең білімді жоғары лауазымдағы қызметкердің соншалықты қарапайымдылығына таңғаласыз. Ұлтын жанындай жақсы көрген, елім деп еміренген, өзінің «орынтағының жайын» емес, халқының өнері мен мәдениетінің өркендеуін көксеп аянбай еңбек еткен нағыз нар тұлғаның бейнесін көреміз. Көреміз де, көңілге медеу тұтамыз. Мына жалған баянсыз дүниеден өзінің баянды басты мақсатын таба білген Ілияс Омаровтың өмірлік ұстанымы да – халқына адал қызмет ету болған еді.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, журналист