Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қарабалық қарқынды дамып келеді

2 декабря 2021 14:00 • 7 239 просмотров

Өңірлік коммуникация орталығында Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов тілшілермен кездесіп, аудан аумағындағы ауқымды істер жайында айтып берді. брифингте «Агро-Холдинг Зерновая индустрия» ЖШС бас директоры Ердос Тапаев пен «Poultry-Agro» ЖШС бас директоры Қайрат Маишев қатысты. Қос кәсіпкердің бұл брифингке келуі бекер емес. Дәл осы екі ірі кәсіпорын Қарабалық ауданында орналасқан, сол себепті ауданның ахуалына тікелей қатысы бар.

Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында Қарабалық ауданы біраз жетістікке қол жеткізген. Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру аясында шекарадағы ауданда жолдарды жөндеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланы дамыту мәселелері оң шешімін тапты. Мұның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес және мемлекеттік бағдарламалар арқылыауылдың дамуына көрсетілген зор қолдау, экономика мен әлеуметтік саясаттың нығаюына жаңа серпін екені анық.

Пандемия жағдайында қабылданған шектеу шараларына қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, ағымдағы жылы ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 3,8 млрд теңгенің өнімін өндірген. 7,2 млрд теңге инвестиция құйылса, жеке инвестициялардың үлесі 5,1 млрд теңгені құрап отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 1,8 млрд теңгені құрады, 2,7 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 39 млрд теңгеге жеткен.

— Биыл жаздық егіс алқабы 251 мың га құрады, оның ішінде 197 мың га – дәнді және дәнді-бұршақты, 54 мың га – майлы дақылдар. Соңғы бес жылда егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі жиырма, жемшөп дақылдарының үлесі 13%-ға дейін ұлғайды. Өнімділікті арттыру мақсатында аудан шаруалары 4,6 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштар сатып алды. Материалдық базаны нығайту үшін ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің машина паркі 105 жаңа техникамен толығып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн. Диқандар 2,2 млрд теңгеге жуық субсидияға ие болды, – деді Өңірлік коммуникация орталығында Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов.

Короновриустық шектеулер тығырыққа тірегені рас, бірақ соған қарамастан ауданда кәсіпкерлікті дамыту жұмысы тоқтаған жоқ. 1,4 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі болса, салаларды жеңілдікпен несиелеуге арналған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 8,3 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге аспақшы. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 636,5 млн теңгеге 29 жоба мақұлданған. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген 16 кәсіпкер жалпы сомасы 54,3 млн теңгеден астам жеңілдікпен несие алыпты.

Биыл өңірдегі 19 көше орташа жөндеуден өткізілсе, оның 14-і Қарабалық кентінде, Научный мен Станционный елді мекендерінде екі көшеден, Новотроицк ауылында бір көше және құс фабрикасы мен мал сою пунктіне кіреберіс жолдарға 918 млн теңге жұмсалып отыр. Аудандық маңызы бар 560 шақырым жолдың 25 шақырымы асфальтбетон жабынымен 750 млн теңгеден астам сомаға жөнделіпті. Соның ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 2020 жылдан бастап «Тоғызақ – Бөрлі – Михайлов– Бозкөл 0–25 км» автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша өтпелі жобаны іске асыру аяқталған.

— Бүгінгі таңда біз «Қарабалық – Сарыкөл 21,8 км», «Бөрлі – Песчанное 14,5 км» жолдарын орташа жөндеуге бюджеттік өтінімдерді жолдадық. Жалпы ұзындығы 79 шақырым жол бойынша жобалар әзірлік үстінде, ол «Песчанное – Славенка», «Новотроицк – Мағнай станциясы», «Бөрлі – Михайлов – Бозкөл станциясы» және Тоғызақ пен Станционное ауылдарына кіреберіс жолдары. Сонымен қатар, Қарабалық кенті мен ауылдық округтердегі ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 22 жоба әзірленді, – деді аудан әкімі Руслан Халықов.

Ауданда қазір 44 елді мекеннің 12-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Новотроицк, Станционное, Бозкөл ауылдарына тіршілік нәрін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бүгінгі күні сараптама мақұлданған екен. Осы жобаларды іске асыру халықтың жалпы санының 67%-ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, биыл «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Қарабалық кентінде ана тілімізде оқытатын 320 орындық мектептің құрылысы басталған. Жобаның жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асады. Құрылыстың келер жаңа оқу жылының басында аяқталады деп жоспарланған.

Брифинг барысында «Агро-­Холдинг Зерновая индустрия» ЖШС базасындағы «Терра» серіктестігі – 20 мың басы бар Қазақстандағы ең ірі мал бордақылайтын алаң. Серіктестіктегі ет өндірісі 28,4%-ға өсіп, 13 мың тоннаны құрады. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте «Агро-Холдинг Зерновая индустрия» ЖШС бас директоры Ердос Тапаев алдағы жоспары жайында айтып берді.

— Мал шаруашылығы саласында оң өзгерістер көп. Төлдің барлық түрінің саны өсті, өндірістік сектор нығайтылды. Айта кету керек, биыл облыс әкімінің қатысуымен «Терра» ЖШС бордақылау алаңының базасында Қостанай облысының Индустрияландыру картасына енген жаңа ет өңдеу комбинаты салтанатты түрде іске қосылды. Инвестициялық жобаның құны 400 млн теңгені құрайды. 30 жұмыс орны құрылды. Қуаты жылына 15 мың, бір ауысым кезінде 64 бас. Ет комбинатының сою цехына заманауи жабдықтар сатып алынды. Алдағы уақытта тағы 700 млн теңге инвестициялау жоспарланып отыр. Бұл KazakhExport компаниясының демеушілігімен және «Халық банкі» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Егер бұл жоба іске асса, жұмысшы санын 100 адамға дейін көбейтіп, жылдық өндіріс көлемін 6 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. 2023 жылы ет бұқтыру цехын ашу, одан кейін ет деликатесін өндіру жоспарда бар, – деді Е. Тапаев.

Серіктестік сонымен қатар, Қарабалық ауданында Еділбай асыл тұқымды қойын өсіруді қолға алмақшы. Бүгінгі күні 3600 бас шопан ата төлі сатып алынған. 2023–2024 жылдары асыл тұқымды қой санын 10 мыңға дейін жеткізбек.

Қарабалық ауданындағы жылдың маңызды оқиғаларының бірі Қостанай облысының Индустрияландыру картасына енген «PoultryAgro» ЖШС базасында құс фабрикасын жаңғыртудың инвестициялық жобасын іске асыру. Қазір фабрикада штаттық режимде 12 адам жұмыс істейді, 325 жұмыс орны құрылған. 2021 жылдың наурыз айынан бір тәулік болған балапандар әкеліне бастады. 26 сәуірден бері 1,3 млн құс сойылып, шамамен 3 мың тонна ет алынды. Бұл туралы өңірлік коммункация орталығында өткен брифингте «Poultry-Agro» ЖШС бас директоры Қайрат Маишев баяндады.

— Құстарды әкелу және сою технологияға сәйкес жүзеге асырылады. Серіктестік өнімі сауда маркасына ие, ол облыстың ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне шығарылып жатыр. Ет комбинатының сою цехына заманауи жабдықтар сатып алынды. KazakhExport компаниясының серіктесі ретінде етті Ресей Федерациясына шығаруды бастадық. Осындай қысқа мерзімде өнеркәсібіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне ықпал жасаған облыс, аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Келер жылдың аяғында жұмыстың жүз пайыз қуаттылығын арттырып, жылына 12,5 мың тонна ет өндіру және қосымша тағы 150 жұмыс орнын құру жоспары тұр. Қазіргі уақытта нысанды су және газбен жабдықтау мәселесі шешілуде, – деді Қ. Маишев.

Мұның сыртында серіктестік құстың жемі үшін егін салуға бел буып отыр. Алға қойған жоспарды орындап, экспорт көлемін арттырып, ең бастысы, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға зор көңіл бөлінбек.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор