Қостанай облысына компанияның бас директоры Сергей Анатольевич Когогин бастаған «КАМАЗ» ЖАҚ делегациясы келді. Құрметті қонақтарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қарсы алды. Сапар бағдарламасының басында делегация индустриялық аймақтың аумағындағы құрылыс алаңында болып, онда автоқұрамдауыштарды шығаратын екі зауыттың құрылыс барысымен танысты.
Бүгінгі күні Қостанай қаласының индустриялық аймағының аумағында «КАМАЗ» ЖАҚ-мен бірлесіп шойын құю зауытының, сондай-ақ жүк техникасына арналған жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 160 млрд.теңгеден астам, сондай-ақ 700-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Одан әрі қонақтар Қостанай «КАМАЗ» автоорталығының аумағында «AUTOCARGO KZ» Қостанай көлік компаниясының «КАМАЗ» ЖАҚ-тың алғашқы жүк автомобильдерін тапсыру рәсіміне қатысты. «AUTOCARGOKZ» ЖШС көліктік-логистикалық қызметтерді көрсету мақсатында, оның ішінде индустриялық аймақтың болашақ зауыттарынан, сондай-ақ облыстың машина жасау кәсіпорындарынан дайын өнімді тасымалдау үшін құрылды. 2022 жылға қарай компанияның автопаркінде 250 бірлік техника, 2025 жылға қарай «AUTOCARGO KZ» иелігінде 1500 жүк көлігі болады деп жоспарлануда. Бұл біздің облыста машина жасаудың белсенді дамуына байланысты өте өзекті және қажет бастама.
Сондай-ақ, сапар барысында делегация болашақ мамандарды дайындайтын «КАМАЗ» компаниясының серіктесі болып табылатын А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде болды. Қонақтарға арнайы макетте барлық ғимараттар мен зертханаларды ескере отырып, университеттің әлеуеті таныстырылды.
«КамАЗ» компаниясы мен Қазақстан арасындағы әріптестік бірнеше бағытта дамып келеді. Қазір Көкшетауда әйгілі брендтің жүк көліктері шығарылса, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы техника өндіріледі. Енді компания Қостанай қаласында өндіріс ауқымын кеңейтпек. Мұнда шойын құю және жетекші белдеме зауытының құрылысы қарқын алды.
Ресейлік «КАМАЗ» автомобиль корпорациясы Қазақстанның маңызды индустриялық серіктесі. Компанияның елімізге салған инвестиция көлемі 233 млрд теңгеден асып түсті. Қазақстандық «Аллюр» компаниялар тобымен отандық машина жасау саласына үлес қосып келеді.
— Қазақстанда сервистік қызмет жөндеу зауыты бұрыннан бар. Көлік құрастыру ісін қолға алғанымызға да біраз болды. Бүгінге дейін Қазақстанда 17 мың көлік шығарылды. Бұл ауқымды көлем. Осы елге лицензияны сеніп тапсырып, соңғы үлгідегі автомобиль құрастыру ісін де жолға қойып отырмыз. Тіпті көрсеткіш жағынан бірсыпыра әлемдік көшбасшылардан басып оздық, – дейді КамАЗ» ЖАҚ Бас директоры Сергей Когогин.
2023 жылы Қостанайда шойын құю зауыты іске қосылады деген жоспар бар. Осы жерде жүк көліктеріне арналған беріліс редукторларын шығаратын кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандар 700-дей жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы техникалар өндірісі 70-ке жуық маманды жұмыспен қамтып үлгірді.
— Зауыт жаңғыртудан толық өтті. Арнайы техника екі мың шаршы метр аумақта құрастырылады. Яғни көлік Көкшетауда жиналып, Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Ол жерде өрт сөндіруге, коммуналдық салаға арналған машиналар шығарылады. Техниканың жыл сайынғы өндірісін мыңға дейін жеткізуді көздейміз, – деп атап өтті КамАЗ» ЖАҚ Бас директоры Сергей Когогин.
Елордадағы өндіріс екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Бастапқыда қазақстандық «КАМАЗ-Инжиниринг» өндірісінің шассиінде аспалы жабдық бойынша технологиялық операциялар орындалса, екінші кезеңде аспалы жабдықты оқшаулауға дайындайтын учаске құрылады. Арнайы техниканың мүмкіндігін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин тамашалап, жоғары бағасын берді.
Одан әрі «Agro-skills’ зертханасына барып, онда «КАМАЗ» басшылығына «Олжа Агро» және «Жас Қанат 2006» сияқты облыстың кәсіпорындарымен университеттің өзара әрекеттесу қағидаттары көрсетілді. Қонақтар қолданбалы биотехнология зертханасына барып, студенттерге дәріс оқыды. Университеттегі экскурсия студенттермен кездесумен арқылы аяқталды.
«Камаз» ЖАҚ-ның бас директоры Сергей Когогин А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің SMART-орталығында болып, инженерлік-техникалық мамандықтардың студенттерімен кездесті. Кездесу барысында ҚӨУ-нің ректоры Алма Дощанова, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және «Камаз» ЖАҚ-ның бас директоры Сергей Когогин өзара ынтымақтастық бағыттарын атап өтті.
Қостанайдың индустриалды аймағында «KamLitKZ» ЖШС бірлескен кәсіпорны «КамАЗ» көліктерінің құрамдас бөліктерін шығаратын екі зауыт салып жатқандығын естеріңізге сала кетейік. Осы тұста «Камаз» ҚР-ның Білім және ғылым министрлігімен, атап айтқанда, Қостанай өңірлік университетімен жоғары білікті кадрларды даярлау, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласында ынтымақтастық туралы келісімге отырды. Осылайша, университетіміз Қостанай облысының индустриалды аймағы мен машина жасау саласы үшін қарапайым жұмысшыдан PhD докторларына дейін, әртүрлі деңгейдегі мамандарды дайындайтын базаға айналды.
«Біз Қазақстанмен бірлескен жобаларға үлкен үміт артамыз және КАМАЗ техникасының сенімділігі, қуаты мен тиімділігі, сайып келгенде, тұтынушыларымыздың бизнесінің табыстылығы байланысты болатын бірқатар жауапты қызметтерді Қостанайға тапсырамыз», – деп атап өтті Сергей Когогин. Қостанайдағы зауыт мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын болады.
Сонымен қатар, осы келісім аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Индустрия және индустриялық даму министрлігінің қолдауымен университет базасында инжинирингтік орталықтың құрылысы басталады. «Қостанайдағы машина жасау саласының дамуына атсалысу өте маңызды. Бірде-бір жоба білікті мамандарсыз жүзеге аспайды. Мамандар күрделілігі жоғары жабдықпен жұмыс істейтін болады және біз қызметкерлердің кәсіби дайындығына сенімді болуымыз керек. Сондықтан білікті кадр дайындауды А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті қолға алды. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсететін боламыз, оқу орны студенттері кәсіби тәжірибені «Камаздың» өнеркәсіптерінде өтетін болады», – дейді Сергей Когогин.
Айта кету керек, аталмыш ынтымақтастық машинажасау, инженерлік мамандықтардың беделін арттырады, сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасу мәселесін шешеді, яғни барлық тараптар үшін қолайлы.
«КАМАЗ» компаниясының бас директоры Когогин С. А. студенттерге кәсіпорынның мақсаттары мен принциптері, индустриялық аймақ зауыттарының жоспарлары, сондай-ақ Ресей Федерациясындағы әріптестерімен бірлесіп оқыту туралы айтып берді.
Айта кетейік, А. Байтұрсынов Қостанай Өңірлік университеті Қазан федералды университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, оның аясында біздің студенттеріміз «қос» диплом алуға мүмкіндігі бар. Жазғы кезеңде қостанайлық студенттер Ресейден «КАМАЗ» ЖАҚ зауытында тәжірибеден өткені туралы сертификаттармен оралды.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор