Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тасқын суға тойтарыс пысықталды

Облыс әкімдігінде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық туралы айтылды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдерімен селекторлық кеңес өткізіп, оның барысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін қарастырды. Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында облыс аумағын және халықты қорғау бойынша іс-шаралар кешені жүргізілуде.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Виктор Ионенконың айтуынша, су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 130 тонна жанар-жағар май, 9,1 мың тонна инертті материалдар және 46 мың тонна құм толы қаптар әзірленді. Су басқан жағдайда азық-түлік өнімдерін жеткізуге 59 шарт жасалды және 194 мотопомпа дайындалды.

Су тасқыны кезеңінде зардап шеккен халық үшін 11 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 195 жинау пункті анықталды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 185 бірлік мамандандырылған жол техникасы дайындыққа келтірілді.

Сондай-ақ, тасқын су автожолдарды жырып кетпес үшін жасанды бөгеттер жасау үшін қажетті материал дайындалды.

Бұдан әрі Қостанай облысын цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру қарастырылды. Қостанай облысында цифрландыру жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде басталған болатын.

Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиевтің айтуынша, 2018-2021 жылдар аралығында облыста 48 млрд.теңге сомасына шамамен 300 жоба іске асырылған, оның ішінде 37 млрд. жеке инвестициялар.

— Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру оң нәтиже көрсетті. Экономикалық тиімділік шамамен 9 млрд. теңгені құрады. 300 жұмыс орны құрылды. 2021 жылғы қазанда «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бекітілді. Оның мақсаты — Қазақстанның цифрлық трансформация есебінен тиімді мемлекеттік басқаруы бар, экономиканың барлық салаларында сенімді деректер негізінде шешім қабылдайтын заманауи елге айналуы,-деп атап өтті А.Кашиев.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі өңірлерге су тасқынына қарсы іс-шараларды бақылауда ұстауды, сондай-ақ цифрландыру саласындағы жобалардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.