Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа кітап жарық көрді

Белгілі ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақылбек Шаяхметтің «Тәуба», «Жүрек сөзі», «Сила слова» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған шараға өңірдегі зиялы қауым, мемлекеттік қызмет ардагерлері, студенттер жиналды. Айта кетейік, тырнақалды жыр жинағы жарық көрген 1977 жылдан бері осымен ақынның 73 кітабы баспадан шығып отыр.   «Тәуба» деп аталған топтамаға имандылық туралы жырлар топтастырылған. Бұл жыр жинақ – ақын ақиқаты, жүрек жыры, көңіл сыры. Кітапта Ислам дінінің артықшылығы тайға таңба басқандай айшықталған. Төрт бөлімнен құралған жырлар төрт құбыламыздың түгендігін білдіргендей. Кітаптың «Тәуба» деп аталуы да сондықтан.

— Жалпы, имандылық нұры, Алла жолының хақ екенін, пайғамбар сөзінің ақиқат екенін топтастырған алғашқы жыр жинағым 2011 жылы «Фолиант» баспасынан «Мінәжат» атауымен жарық көріп еді. Діни тақырыпты осымен жеткізіп болған шығармын деп ойлағанмын сол кезде. Бірақ олай емес, әр күн сайын көкейге үстемелеп небір тың ойлар, жыр шумақтары орала береді. Имандылық – таусылмайтын, сарқылмайтын тақырып екен, — деді автор.

«Жүрек сөзі» – қалтаға салып жүріп оқуға ыңғайлы, ықшамды кітап. Лирикаға толы бұл жинақтың жарыққа шығуына «Қарлығаш» баспасының басшысы, белгілі прозашы, экономист-оқытушы Әбутәліп Әмір мұрындық болды. Ақылбек ағамыз Түркияға барған сапарында «Жүрек сөзінің» он данасын алал барып, оларды сондағы фестивальге қатысуға келген түркі халықтарының өкілдеріне тәбәрік ретінде таратып беріпті.

— Ақаңмен таныстығымызға қырық жылдан асып барады. Қостанайдағы ақындар арасында Ақылбектің өзі бір төбе. Жаратылысына сай поэзиясы да өзгеше. Өз басым автордың әр жарық көрген кітабының куәгері болып келе жатырмын. Ол көптің бірі емес, нағыз патриот, ер ақын. Азамат ақын болу екінің бірінің пешенесіне бұйырмаған. Оны айтатыным, кеңестік заманда біздер ұл-қыздарымызды шарасыздық деп орыс мектептерінде оқытып жүргенде, Ақаң анау «әскери қалашық» шағын ауданынан қала орталығына дейін балаларын ана тілімізде білім алсын деп жаяулап, шанаға салып тасыған күндерін білеміз. Сол кезде ұлты үшін, тілі үшін күресіп, соған еш мойымады. Мұндай ақынның шығармашылығының ар жағында – мінезі жатыр, — деді Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры Жанұзақ Аязбеков құттықтау сөзінде.    

Ақылбек Шаяхмет өзінің ұлттық болмысты ойын орыс тілді аудитория кең танысын деген ниетпен «Сила слова» кітабын оқырманға арнап отыр. Кейінгі жылдары түрлі жанрда өрілген топтама «Драмалар», «Өлеңдер», «Мақалалар мен миниатюралар» деген үш бөлімнен құралған.