Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ескерткіштерді қорғауды қолға алды

20 марта 2022 10:00 • 700 просмотров

Қостанайда тарихи және мәдени ескерткіштердің күтімі мен қазіргі жағдайын тексеріп, көне жәдігерлерді қорғау шараларын күшейту мақсатындағы жұмыстар жүріп жатыр. Қазір тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қайта жаңғырту және қорғау орталығының мамандары көпшілікке тарихи ғимараттар мен монументтерді пайдалану және күтіп-сақтау ережелерін түсіндіруде. Аталған шара наурыздың соңына дейін жалғасады.

Қала төрінен орын тепкен үш ес­керт­­кіш, атап айтсақ, Ыбырай Алтын­сарин ескерткіші мен екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары Л.Беда мен И.Павловтың қола мүсіндері республикалық маңызға ие. Мұның сыртында, Қостанайда жергілікті маңызы бар 14 монументалды өнер нысаны мен 33 құрылыс және сәулет нысандары орналасқан.

– Бүгінде облыс орталығындағы сәулет ескерткіштерінің басым көп­шілігі ғибадат үйі, тұрғын үй, оқу орындары, әкімшілік және өнеркәсіп ғимараттары ретінде пайдаланылып отыр. Бұл нысандардың құрылысында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы сәулет өне­рінде із қалдырған «сібірлік кірпіш» үлгісі басым болып келеді. Жергілікті шеберлер бұл үлгінің қостанайлық нұсқасын қа­лып­тастырғаны байқалады. Көне ғима­раттардың басты ерекшелігі қабырға ернеулері асқан шеберлікпен қызыл кірпіштен өрнектеліп өрілген. Мұндай сәулет өнерінің бүгінге дейін мүжілмей сақталған бір үлгісі ретінде ХІХ ғасыр­дың соңына таман салынған қазіргі облыстық мәдениет басқармасы орна­лас­қан ғимаратты айтуға болады, – дей­ді тарихи-мәдени мұраларды зерт­­теу, қайта жаңғырту және қорғау орта­­лы­ғының меңгерушісі Виктория Щербин.

Маман айтып отырған ғимарат 1886 жылы салынған. 1896 жылға дейін Ресейдің Орал аймағынан келіп Қоста­найда шарап сатумен айналысқан көпес В.А.Поклевский-Козелдің меншігінде болыпты. Кейін мемлекеттік шарап монополиясы енгізілгеннен кейін көпес ғимаратты жертөлесімен қосып қала әкімшілігіне сатады. Ғимарат содан кейін біраз жыл Халық үйі ретінде пай­да­ланылған. Мұнда әрегідік театр­лан­дырылған қойылымдар сахналанып тұ­рып­ты. Тіпті қарапайым жұмыс­шыларға арналған кітапхана мен оқу залы жұмыс істеп тұрған деседі. Қостанай тарихында орны ерекше көне ғимаратта соңғы 22 жылдан бері мәдениет басқармасы отыр.

Бүгінде Қостанайдағы тарихи-сәулет ескерткіштеріне жататын 13 көне ғимарат – жекенің меншігінде. Заң бойынша меншік иелері ғимаратты өздері қалаған мақсатта еркін пайдалана алады, бірақ өз бетінше бұзып, жойып жібере алмайды.

В.Щербиннің айтуынша, мұндай ғимараттарға жөндеу, өзгерту, қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алмас бұрын меншік иелері біздің орталыққа хабарласып, арнайы рұқсат алуға тиіс.

– «Жарнама туралы» заңға сәйкес тарихи-мәдени ескерткіштер санатына жататын нысандардың сыртына жарнама ілуге болмайды. Сондай-ақ, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 145-бабы бойынша тарихи-мәдени мұраға жататын нысандарды қорғау және пайдалану тәртібін бұзған жеке азаматтарға 10, лауазымды адамдар мен шағын кәсіпкерлерге 50, орта кәсіпкерлерге 100, ірі бизнес өкілдеріне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қайта жаңғырту және қорғау орталығының меңгерушісі.

Биыл мемлекет қамқорлығындағы ескерткіш мүсіндер де жоспарлы жөндеуден өтеді. Бұл міндетті «Изамер Групп» серіктестігі атқармақ. Аталмыш фирманың басшысы Ербол Тоқтаров жөндеу жұмыстары күн жылынған соң басталатынын және жөндеу жүргізілетін монументтердің дені Жеңіс саябағында орналасқанын айтты.

– Біз биыл мамыр айындағы мерекелерге дейін қала аумағында орналасқан 43 ескерткішті қалыпты жөндеуден өткізуді көздеп отырмыз. Ескерткіш тұғырларының керамикалық және мәрмәр плиталарын ауыстырамыз, айналасындағы қоқысты шығарып, ескерткіштің өзін жуып тазалаймыз. Сондай-ақ сызат түскен жерлерін жамап, әріптерін түгендейміз, – деді Е.Тоқтаров.

Қала әкімдігі аталған серіктестікке 892,2 мың теңге бөліп отыр. Мердігер бұл қаржыны жыл соңына дейін жаратуға тиіс.