Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Білімді бағалайтын халықаралық жоба

Қостанай облысында мыңнан астам оқушы PISA халықаралық зерттеу жобасына қатысады. PISA – 15 жастағы оқушылардың академиялық жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы. Салыстырмалы түрде іске асырылатын зерттеу жұмыстары 4 сәуірде басталды.

Жобаны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізеді және оқушылардың жалпы білім деңгейін, математика және жаратылыстану пәндері бойынша ғылыми сауаттылық деңгейін бағалайды. Ұйымдастырушылар сауалдамаға қатысатын білім мекемелері мен оқушылар кездейсоқ іріктеу әдісі арқылы таңдап алмақ. Аталған жоба 2000 жылдан бері әр 3 жыл сайын жүргізіліп келеді.

— PISA қазіргі оқу сапасы мен оқушылардың мектептен алған білімдерін тәжірибеде қолдана білу қабілетін бағалайды. Білу – қазіргі функционалдық сауаттылықтың ең маңызды аспектілерінің бірі. Осы уақыт ішінде зерттеуге 15 жастағы 3 млн-нан астам студенттер мен оқушылар қатысты. Өткен жылы пандемияға байланысты мұндай зерттеу жүргізілген жоқ. Ал биыл жобаға 80-ге жуық ел қатысады, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева.

PISA халықаралық зерттеу жобасына Қостанай облысындағы 4 колледж, 32 мектепте білім алып жатқан 1 030 оқушы таңдалып алынған. Оқушылардың білім деңгейі компьютер форматында тест сұрақтары мен сауалдамаға жауап беру арқылы тексеріледі. Бұл жолы балалардың шығармашылық ойлау дағдысы бағаланбақ.

PISA нәтижелері оқушылардың оқу үлгерімі бойынша алған бағаларына әсер етпейді, бірақ салмақты талдау нысаны ретінде пайдаланылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай зерттеулер оқушылардың оқу дағдысын, математикалық және ғылыми сауаттылығын бағалаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар балалардың оқуға деген ынта-ықыласының нендей уәжге негізделетінін қоса зерделейді. Ал зерттеу барысында алынған мәліметтер білім беру саласындағы кемшін түсіп жатқан өзекті мәселелерді анықтауға, сондай-ақ білім беру стратегиясын жетілдіру бойынша ұсыныстар жасауға көмектеседі.