Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мәдениет қайраткері, күйші Айтбай Мұздаханов: «Күйді түсіну үшін өре керек»

15 апреля 2022 11:26 • 506 просмотров

«Ел іші – өнер кеніші» деп халқымыз бекер айтпаған. Ауылда қарапайым ғұмыр кешіп, өнерімен елге танылған таланттар жетерлік. Соның бірі – Айтбай Мұздаханов. Кезінде Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Нұрғиса Тілендиев секілді халқымыздың ардақтылары өнерпаз азаматтың күйшілігіне риза болып, батасын берген. Бүгінде ол кісі Қостанай облысы, Амангелді ауданы Қарасу ауылында тұрады. Елге бір жол түскенде тағдырлы күйші ағамызға сәлем бере барып, әңгімелескен едік.

— Күйшілік – кез келгенге қонбайтын киелі өнер. Ата-бабаңызда күй тартқан адам болды ма, күйшілік кімнен дарыды деп ойлайсыз?

— Өнер де тек қуалайды. Атам Молдаш танымал күйші болыпты, ел оны «Молдашсыз думанның сәні кіре ме?» деп тойға ат жіберіп алдырады екен. Оның әкесі Шомақ, яғни менің арғы бабам, кісі есігінде жүріп байыпты. Бір байға жалданып, бес жылдан кейін сол малы өсіп, ауқаттылар қатарына қосылған. Ақыры, бабам жинаған малын айдап бара жатқанда, әлгі бай есік жаққа елеңдеп, қарай бергесін, кемпірі:«Саған не болды, бір орында отырмай, тыпыршып, есікке алаңдай бердің» дегенде, «Бәйбіше, сен не білесің, Шомақпен бірге ырысым кетіп бара жатыр» деп күрсініпті. Молдаш – Шомақтың жалғыз ұлы болғандықтан ерке өсіп, шаруаға қырсыз болады. Домбырасын құшақтап қайда той, қайда жиын сонда жүреді. Баласының осы қылығына күйінген бабамыз: «Менің байлығым өзіммен келді, өзіммен бірге кетеді, ұрпағымның көштен қалмайтын, өзегі талмайтын күнкөрісі болады», деп айтыпты. Шынында, сол кісінің айтқаны қате кетпеді.

— Ал әкеңіз өнерге жақын болды ма?

— Әкем де өнерден қара жаяу емес. Дәулескер домбырашы еді. Негізгі шын есімі – Мұзафархан, жеңгелері «Мұздахан» деп атаған. Анамның да ән салатыны бар еді. Қазақтың ескі әндерін жақсы орындайтын. Әкем он бес жасымда өмірден өтті. Маған домбырашылық әкемнен дарыды.

— Домбыраны қолыңызға қанша жаста ұстадыңыз?

— Біздің балалық шағымыз қызыққа толы болды дей алмаймын. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы өмірге келдім. Былтыр сексенге толдым. Домбыраны 5–6 жасымда әкем үйретті. Алғаш Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін тарттым. 3-сыныпта ата-анам көрші колхозға көшіп барды. Алақандай ауылда Омар, Біртай есімді күйшілер болды. Оның қатарына әкем келіп қосылды. Сол кісілер айына бір рет біздің үйге жиналып, күй тартатын. Омар деген әкеміз ғажап күйші еді. «Боз інген», «Нар идірген» деген күйді алғаш содан естідім. Омар күй тартқанда шешелеріміз үнсіз жылап отыратын. Біздің ауылдан 25 шақырымдағы Көктау деген жерден Құрман күйші қыстыкүні өгіз шанамен келеді. Қазір ойласам, көзім көрген сол күйшілердің күйге деген кұрметі, өнерге деген пейілі бөлек. Солардың тартқан күйі бойыма сіңді ме, әлде санамда қалды ма, білмеймін, әйтеуір, күйшілікті бала күнімнен пір тұттым.

— Күйшілікке қай кезден ден қойдыңыз?

— Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Төкен Елтебаев ағамыз Алматы консерваториясын бітіріп келіп, ауылға қызметке орналасты. Мінезге бай, өзі де келбетті, жігіттің сұлтаны дейтін азамат еді. Сол кісі ауылда оркестр құрып, домбыра тартатындарды жинады. Оркестрге мен де алындым. Дайындыққа барып, домбыра тартып отырсам, үнемі басқа әуенге түсіп кетем. Төкен аға соны байқап қалып, «әрі қарай тартшы» деп шабыттандыра түсті. Сөйтіп, алғашқы күйім «Амангелді дүбірі» туды.

— Неге, олай атадыңыз?

— Жаңа күй туғанмен, атын қойған жоқ едім. Бірде ауылға облыстық радиода істейтін қаламгер Табыл Құлиясов келді. Сол кісіге: «Аға, бір күйім бар, әлі ат қойған жоқпын, өзімше «Тың толғауы» деп атап жүрмін. Соны тыңдап көріңізші» дедім. Табыл ағамыз күйді мұқият тыңдағасын: «Мынау, дүбірлеп тұрған күй ғой, «Амангелді дүбірі» деп ата» деп сол мезетте атын қойып берді. Бұл туынды Амангелді батыр атамыздың тоқсан жылдық тойында орындалды.

— Шаруашылықтың қымқуыт жұмысын атқара жүріп, оны өнермен қалай тоғыс­тырдыңыз?

— Ауылда істемеген кәсібім жоқ. Электрик, су шаруашылығының маманы, бөлімше меңгерушісі болдым. Күні-түні жұмыстан бас алмаймыз. Ол кезде совхоздың тіршілігі қауырт, кейде үйге түнде келемін. Сонда қолыма домбыра алып, шаршағанымды басамын. Домбыра адамды тартып тұрады. Ұлы Жеңістің 25 жылдығына арнап «Ер есімі – ел есіңде» деген күй жарыққа шықты. Ол кезде ауылда майдангерлер көп, солар қалай соғысқанын айтып отыратын. Сол маған қатты әсер етіп, күй туды. Одан кейін «Балалы киік», өмірден ерте өткен досыма арнап «Сәтен» деген күй дүниеге келді. Жалпы мен қолым сау кезде 8 ғана күй шығардым.

— Кешіріңіз, көңіліңізге мұң шалдырған сол оқиғаны айтып өтесіз бе?

— Кеңес дәуірінде Одақ көлемінде халық шығармашылық фестивалі өтетін. Мен де соған қатыстым. Алдымен аудандық, одан облыстық байқаудан бірінші орын иеленіп, республикаға жолдама алдым. Бұл – 1977 жыл еді. Республикалық байқауға әр аймақтың шашасына шаң жұқтырмас жүйріктері жиналыпты. Әсіресе Атырау, Маңғыстаудан келген күйшілердің өнері керемет! Мен осы фестивальде «Амангелді дүбірі», «Ер есімі – ел есіңде», «Балалы киік» деген үш күйімді орындап, бірінші орынды жеңіп алдым. Елге абыроймен оралдым. Көңілім алып-ұшып, ғажайып бір сезімде жүрдім. Бір күн үйде демалып, келесі күні жұмысқа шықтым. Онда ауылдағы «Кормоцехтың» меңгерушісімін. Әлі есімде, 17 желтоқсан. Келсем цехтағы бір агрегат жүрмей, мұз қатып қалыпты. Мұзды қолымен алып тастағым келді. Автоматты сөндіру ойымда жоқ, қолымды салып жібергенде агрегат айналып кетті. Есім шығып, айқайды салып жібердім де қолымды тартып алдым. Содан ауруханаға келдім, ар жағы белгілі… Бір қолымнан айырылғасын он жыл домбыра ұстамадым. Совхоз директоры Әбсадық Нұржанов көңіл көзі бар азамат еді, сол бірде: «Менің музыкаға әуестігім шамалы, бірақ тыңдаймын. Сенің күйлеріңде өзгеше сарын бар, домбыраңды қайтадан ұста» деп айтатын. 1985 жылы өнердегі ұстазым Төкен Елтебаев қайтыс болды. Алдында сол кісі Мұқағалидың «Жапырақ жүрек жас қайың» атты өлеңіне жазған бір әуенді тыңдатқан. Соның әуенімен үндес «Ақ қайың» деген күй шықты. Оны қызым Анарға тартқызып көріп ем, тез қағып алды. Күйдің сарыны келеді, оны домбырада тартпағасын, ұмытып қаламын. Сосын магнитофонға ауызша жазып жүрдім. 1986 жылы ауылға әнші Мәдина Ерәлиева келіп, концерт қойды. Сол бір сөзінде «Қазақ жастары қанға боялып қалды ғой» деп күрсінді. Осы сөз маған ерекше әсер етті де, жастарға арнап «Елім-ай» деген күй шығардым. Содан қолыма сым байлап, домбыра тарта бастадым. Осы жылдары «Қаратау», «Боз тайлақ», «Қыпшақ Сейітқұл», «Ару арман», «Жұбату» атты күйлерім туды.

— Содан домбыраңызбен сахнаға қашан шықтыңыз?

– 1988 жылы ауылға атақты Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрімен келіп, концерт қойды. Нұрағаның шығармашылығын бұрыннан жақсы көремін. Енді өзімен кездескім келді. Совхоздағы партия ұйымының хатшысы, белгілі журналист Жалғасбек Сүлейменовке айтып, Нұрғиса ағамен жақын таныстым. Соған арнаған «Нұраға» деген күйім бар еді, соны орындадым. Тыңдап болған соң «тағы тартшы»деді. «Ару арманды» тарттым. Риза болды ма, арқамнан қағып, «Бүгін кешке бізбен сахнаға шығасың» деді. Сөйтіп, Нұрағаңа еріп, алдымен ауылда, одан соң аудан сахнасында өнер көрсеттім. Одан қалдырмай Арқалыққа ертіп апарып, онда күй тартқызды. Мен өмірімде Нұрғиса ағамен үш рет кездестім. Соңғы рет Алматыда кездесіп, үйінде қонақта болдым. Аяғымды ауыртып, ақсаңдап жүр едім, маған бір әдемі таяғын берді де: «Сен өзің қызғаншақ екенсің. Мен саған бір-екі күйіңді бер, оркестрге жаздырайын деп едім, жібермедің ғой» деді. Негізі, мен ол кісіге 2–3 күйімді жібергем, қолына тимепті.

— Күй деген тылсым өнер. Жалпы, күй қалай туады?

— Айналайын, оны тілмен жеткізу қиын. Енді ол Алла тағаланың саған берген қабілеті деп ұғамын. Күйді түсіну үшін өре керек. Кейде кейбір күйлердің аты мен заты үйлеспей тұрады. Күй шығарғанда бір жол болса да соған үндесетін сөз тауып алам. Мысалы, отызыншы жылдардағы ашаршылыққа арнаған «32-ші жыл» деген күйім бар. Оның шығуына анамның басынан өткен оқиға себеп болды. Елді аштық жайлап, жұрт жан-жаққа босады. Анамның да жақындары аштықтан көз жұмғасын, қасына жеткіншек қайнысы мен қайын сіңілісін ертіп, жолға шығады. Қырдан аса бере, өзен жағасында тұрған киіз үйден жылаған баланың дауысын естиді. Барса, біреуі ересек, екіншісі еңбектеп жүрген сәби екен. Әке-шешесі жоқ, есікті тіреп кеткен. Ересегі «Апа, нан берші» дегесін дорбасының түбіндегі талқаннан кішкене бөліп береді. Сосын «Апа, бізді ала кетші» деп айтыпты. Оларды алып кетуге өзі екі бала жетектеп келе жатқан анамның шамасы келмейді. Әлгі баланың «Апа нан берші» дегені менің жан-жүйемді босатып жіберді. Осы сөздің әсерімен күй туды. «37-ші жыл» деген туындымды, сол жылдары жаппай қуғынға ұшырап, ату жазасына кесілген қазақ зиялыларына арнадым.

— Жолыңызды қуған қызыңыз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, күйші Анар Мұздаханованы жұртшылық жақсы біледі. «Әке – балаға сыншы» дейді, қызыңыздың күйшілігіне көңіліңіз тола ма?

— Анар – егіздің сыңары. Әке алдымен ер балаға жақын ғой, сондықтан Серік деген ұлыма домбыра үйретіп едім, оның өнерге ықыласы бола қоймады. Ал Анар соны көріп жүріп, домбыраны өз бетімен үйреніп алды. Бала күнінен өнерге жақын өсті. Аудандағы музыкалық мектепте оқыды. Сегізінші сыныпты аяқтағасын Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесіне түсті. Анардың шығармашылығына үнемі зер салып отырамын. Оған батырып та айтқан кезім болды. Кейде бабы келмей қала ма, күйді орындауы көңілімнен шықпай қалады. Бірақ былтыр сексенге толғанда ауданда шығармашылық кешім өтті, сонда 5–6 күй орындады, көңілім толды. Қатты риза болдым.

— Өзіңіз қай күйшіні табиғатыңызға жақын көресіз?

— Негізі, күйді түсініп орындау керек. Кейбір домбырашылар бар, күй не айтып жатыр, домбыра не айтып жатыр, онда шаруасы жоқ, күйді күмбірлетіп тартып береді. Домбыра тартқанның бәрі күйші емес. Оған ерекше қабілет, зерек ынта қажет. Қандай күй болса да жұтындырып орындағанға не жетеді! Менің күйлерім – төкпе күй. Енді жоғарыда Нұрғиса ағамды жақсы көретінімді айттым. Сосын Арқалықта Сағын Жалмышев деген ағамыз болды, керемет күйші еді, күйді жегізіп орындайтын. Сержан Шәкіраттың күйшілігін жоғары бағалаймын.

— Бар өміріңіз ауылда өтті, егер мен жас күнімде талай талант топ жарған астанаға барғанда, өнер жолым басқаша қалыптасар ма еді деген өкінішіңіз болды ма?

— Адам баласы жарық дүние есігін ашқаннан кейін Алла тағала пешенеге не жазды, соған риза болу керек деп ойлаймын. Өткенге еш өкінішім жоқ. Егер мен ауылда қалмасам, өнерім өрістемей қалуы да мүмкін. Адам табиғатпен бірге болу керек. Басымнан түрлі кезеңдер өтті, он шақты рет ажалдан аман қалдым. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Атақ қумадым. Қолымнан келгенше, елге қызмет істедім. Сондықтан тағдырыма шүкіршілік айтамын.

Балаларым аман-есен өсті, енді солардан немере-шөбере сүйіп отырмын. Жақсы қартая білу де өнер. Туған елім алақанына салып қадірлейді. Амангелді ауданының Құрметті азаматымын. Бүгінге дейін 70-ке тарта күй мен 50-ге тарта ән жаздым. «Бабалар үні» атты шығармалар жинағым жарық көрді. Дәл осындай әлі шықпаған үш кітабым бар. Енді соны шығарсам деймін.

— Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Азамат ЕСЕНЖОЛ