Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жас келсе – іске

20 апреля 2022 12:08 • 484 просмотров

Бүгінде жұмыс табуға нақты мүмкіндігі бар мыңнан астам жас жәрмеңкеге жиналды. Аталмыш жәрмеңкеге Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те келді.

Жәрмеңкені ұйымдастырушы – Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы мен жастар ресурстық орталығы. Бұл алаң – жұмыс берушілер үшін прогрессивті және замануи мамандарды тартуға, ал жас мамандар үшін лайықты жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді. Ол үшін бүгін облыстың барлық өңірінен 50-ге жуық кәсіпорын мен ұйымның, әр өңірдің жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері, 1000-нан астам түлек, оның ішінде «Серпін-2050″бағдарламасына қатысушылар жиналды.

Ұсыныстардың ішінде 3000-нан астам бос жұмыс орны бар. Мемлекеттік мекемелер, ұйымдар және 50-ге жуық кәсіпорын жас мамандармен кездесуге арнайы келді

— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Үкімет жастарды жұмыспен қамтуды қолдау шараларын көрсету шарттары мен тетіктерін қайта қарады. Тек соңғы екі жылдың ішінде жастар практикасына 1 300 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, осы уақыт ішінде жұмыспен қамтуды қолдаудың мемлекеттік шараларын 18 000 жас өркен пайдаланды. Мұның бәрі, ең алдымен, біздің облысымыздың жастары үшін жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, — деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыруға 2021-2025 жылдарға 1,8 млрд теңге, оның ішінде жастар практикасына – 225,4 млн теңге бөлінді. «Бірінші жұмыс орны» жобасына — 115,4млн.теңге, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға — 239,2 млн. теңге бөлінді. Жастардың, халықтың әлеуметтік осал топтарының бизнес-бастамаларын қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға қайтарымсыз грант мөлшері екі есе — 400 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.Бизнестің жол картасы аясында соңғы жылдары жастардың 20 жобасы 87,0 млн. теңге сомасына гранттық қаржыландыруға ие болды.

Мәселен, Лисаков қаласынан келген Иван Батура 5 млн.теңге көлемінде грант алып, қақталған металл бұйымдарын жасайтын цех ашты. Қостанай облысы жастарының алтын кітабы лауреаты Балкен Күзембаева Бизнестің жол картасы 2025 бағдарламасы бойынша алған грантының арқасында Сарыкөл ауданында «Baby-park» балаларды оқу, ойын-сауық орталығын ашты. Бүгінгі таңда орталық мерекелерді ұйымдастыру, логопед-дефектологтың, қосымша бастауыш білім беру педагогының қызметтерін ұсынып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша қызмет түрлерін көрсетуде.

Өткізілген іс–шаралардың арқасында Қостанай облысы бойынша 2021 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 83%-дан (83,6%) асты, жастар жұмыссыздығының деңгейі 2,8%-ды құрады

— Біз өз командамызға жаңа кадрларды тартудың қосымша мүмкіндігіне қуаныштымыз. Бізге Call орталыққа операторлар қажет. Біз бірден жұмыстың қызметтері, жұмыс кестесі туралы сөйлесеміз. Бұл үміткердің не күтетінін бірден білуі өте маңызды. Біздің жағдайда, бұл жалақы 170 000 теңге, еңбекке ақы төлеудің кесімді түрі, тоқсан сайынғы KPI, демалысқа емдік жәрдемақы, оқыту, тренингтер, құзыреттілікті дамыту. Әрине, біз жүктемені талқылаймыз. Бірыңғай байланыс орталығында бір операторға кемінде 130 қоңырау келеді! Ізденушілерден бастысы-сапалы және тиімді жұмыс істеуге деген ұмтылыс, қалғанын үйретеміз,-дейді 1414 жалғыз байланыс орталығының Қостанай бөлімшесінің басшысы Динара Жәкенова.

Жалпы, ағымдағы жылы кемінде 27 мың азамат жұмыспен қамтылады. Жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар мен жеке бастамалар аясында 18 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Облыста экономиканың білікті жұмысшылар мен мамандарға болжамды қажеттілігі жыл сайын жұмыс берушілер арасында жүргізілетін сауалнама әдісімен анықталып отырады.

Облыстың еңбек нарығында механизатор, ауыр жүк автокөлік жүргізушісі, құрылысшы, электромонтер, аспаз сияқты және басқа да білікті жұмысшы мамандықтар үлкен сұранысқа ие.

Бұған қоса, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларында да мамандардың тапшылығы байқалады.

2022 жылы қажеттілік 3 200 адамды құрап отыр, оның ішінде 2 200 техникалық және кәсіптік білім иелері, 1000 жоғары кәсіптік білімді маман қажет.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап ҚР-да жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындарының ірі базасы болып табылатын электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Электрондық еңбек биржасы онлайн режимде істейді, онда әр ниет білдіруші адам облыс және ҚР бойынша бос жұмыс орындарымен таныса алады. Бүгінгі күні облыс бойынша электрондық еңбек биржасының сайтында 5 652 бос жұмыс орнына 2 114 өтініш жарияланған

–Мұның бәрі бірінші кезекте облысымыздың жастары үшін жасалуда. Сіздерге жұмыс берушілермен нәтижелі, жемісті диалог және еңбек жолының табысты басталуын тілеймін. Қиындықтан мойымай, тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылыңыздар, барлық жоспарларыңыз бен бастамаларыңызды батыл жүзеге асырыңыздар,-деп сөзін түйді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.