Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Әулиекөл және Қарасу аудандарының тұрғындарымен кездесті

21 апреля 2022 12:58 • 536 просмотров

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Әулиекөл және Қарасу аудандарының тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Архимед Мұхамбетов бірінші кезекте Әулиекөл ауданының тұрғындарымен кездесті. Облыс әкімі Әулиекөл ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Оларды ауыл көшелерін жарықтандыру, жер учаскелерін алу, жаңа мектептер салу мәселелері қызықтырды. Өңір басшысы барлық мәселелер мен ұсыныстар басымдықтар негізінде шешілетінін атап өтті.

Ауданды одан әрі дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы саласында бірден бірнеше жоба іске асырылуда, өйткені Әулиекөл жері аграрлық сектор көшбасшыларының бірі болып табылады. Мысалы, мал шаруашылығы саласында ірі қара малды тұқымдық түрлендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданда «Әулиекөл» тұқымын өсірумен 8 шаруашылық айналысады, қазіргі таңда бұл тұқым саны 9050 басты құрайды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсіруге арналған бес жоба бойынша жалпы сомасы 111 млн.теңгеге қаражат берілді. Сондай-ақ, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Әулиекөл ауылында ұзындығы 128 шақырым газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жобаны іске асыру аяқталды.

Газ арқылы су құбыры құрылысы бойынша жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Аманқарағай ауылында жалпы сомасы 2,6 млрд.теңгеге су құбырының құрылысы басталды. 1820 абонентке су құбыры желілері тартылды, бұл халықтың 83% — ын құрайды.

Сондай-ақ, Новонежин ауылындағы су құбырының құрылысы жалғасуда және ауданның Калинин, Лаврентьев, Қарақалпақ, Шилі, Дүзбай, Харьков, Соснов, Бағаналы, Аққұдық, Федосеев ауылдары сияқты 10 елді мекенінде су тарату пункті орнатылды. Осылайша, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген елді мекендерді қамту 65% — ды құрайды.

«Ауыл — Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2021 жылы Аманқарағай ауылында тоғыз жобаны іске асыру көзделген. 6 көшенің жолдарына орташа жөндеу және дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Островский атындағы Аманқарағай ОМ ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, осы жоба аясында ағымдағы жылы Құсмұрын кентінің 4 көшесінің жолдарына орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, Құсмұрында 320 орындық мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланып отыр.

2023 жылы Новонежин ауылында Мәдениет үйі мен спорт кешенін салу қарастырылған.

Бүгінгі күні жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 85%-ға дейін өсті.

Бірақ жолдарды жақсарту бойынша жұмыс мұнымен аяқталмайды. 2022 жылдың бюджетінде «Әулиекөл – Жалдама – 0-50 км» және «Әулиекөл – Москалев – Мақсұт – Смайлов – 40 – 52 км» облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының екі учаскесіне орташа жөндеу жүргізуге қаражат көзделген. Бұдан басқа, республикалық маңызы бар «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған 55 — 129 км» жолын орташа жөндеу жоспарланған.

Ал Қарасу ауданында жеке кәсіпкерлік өркендеп келеді. Бұған шағын және орта бизнестің дамуы дәлел бола алады. «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кепілдендіру мен субсидиялауға бірден 14 жоба мақұлданды. Жалпы сомасы 85,9 млн теңгені құрады.

Ет, сүт және жұмыртқа сияқты ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі артты. Ірі қара, ұсақ мал, жылқы мен құс санының өсуі байқалды.

Мұнда да ауылды ауызсумен қаматамсыз ету жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2022 жылы «Қарасу және Восток ауылдарының таратушы су құбыры желілерін қайта жаңарту» құрылысын аяқтауға 683,4 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, Комсомольское, Қызкеткен, Амангелді, Люблинка ауылдарын сумен жабдықтау құрылысы жалғасуда.

-Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша тапсырма берді. Бұл бағытта біз бірқатар ірі жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Әулиекөл және Қарасу аудандары халық саны бойынша ең жылдам өсетін аудандардың бірі болып табылады. Сондықтан өмірлік маңызы бар игіліктермен қамтамасыз ету мәселесі уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болуға тиіс. Жергілікті атқарушы орган балабақшалар, мектептер, ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысын ұйымдастыруы қажет. Бүгін халық көтерген мәселелерді барынша тезірек шешуге тырысамыз,- деп қорытындылады облыс әкімі.

Сапар соңында өңір басшысы аудан әкімдеріне аудандарды дамыту мен абаттандыру, халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.