Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мамыр мерекелеріне дайындық

1 мая 2022 15:08 • 646 просмотров

Облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдерімен селекторлық кеңес өткізіп, онда мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселесі және мамыр айындағы мерекелерге дайындық қаралды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес департамент Мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына мониторинг жүргізді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендировтың айтуынша, жекелеген проблемалар анықталды, сондай-ақ сапалы-кадрлық құрамды жақсартуға және халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретін шешу жолдары анықталды.

Бұдан әрі облыстың 2022 жылғы мамыр айында өтетін айтулы және мерейтойлық даталарды мерекелеуге дайындығы қаралды.

Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Кәкенов баяндағандай, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында мерекелік іс-шараларды дайындаудың бірыңғай қағидалары әзірленді.

— Біріншіден, Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу идеологиясы жаңа мемлекеттің құрылысы мен әлеуметтік әділеттілік, халықтың бір-біріне деген сенімділігі және тең құқылық қағидаттарында негізделген. Бұл ретте, мерекені орталық алаң, саябақ пен сквер, яғни, халық жаппай жиналатын жерлерде өткізу қажет. Ол үшін: шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік орындарда концерт ұйымдастырып, қазақстандық автор мен орындаушылардың патриоттық әндерін шырқауды ұсынамыз; қазақстандық тауар өндірушілерді, шаруа қожалықтарын тарта отырып, мерекелік сауда жәрмеңкелерін өткізуді ұсынамыз; үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен қайырымдылық жәрмеңкелер ұйымдастыруды және де жастар үшін білім және бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін өткізу, идеологияға сәйкес келеді. Балама ретінде мерекелік дастарханнан дәм таттыру, балалар үйі тәрбиеленушілері мен аз қамтылған зейнеткерлерге, көп балалы отбасылар мен халықтың басқа да әлеуметтік осал санаттарына баруды ұйымдастыру. Бұған қоса, ерлік көрсеткен әскери қызметшілерді, полиция және медицина қызметкерлерін, сондай-ақ азаматтардың басқа да санаттарын қолдауға баса назар аудару қажет, – деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Кәкенов.

Жалпы, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған іс-шаралар ұйымдар мен мекемелерде 28–29 шілде күні өткізілсе, жалпыхалықтық мерекелеу 1 мамыр, яғни жексенбі күні өтуі тиіс.

— Екіншіден, 7 және 9 мамыр мерекелеріне қатысты. Биыл ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығы мен Жеңіс күнінің 77-жылдығы. Мерекенің идеологиясы бейбітшілік пен мемлекет тәуелсіздігін сақтаудағы халық ерлігімен тығыз байланысты. Негізгі ілім ретінде «Бейбітшілікті қорғау» тезисі ұсынылады. Патриоттық «Жеңіс лентасы» мерекенің басты белгісі болуы тиіс, оны жаппай тағу патриотизмнің жарқын көрінісі және әр азаматтың өз елімен ажырамас байланысы іспеттес. 7 және 9 мамыр күні барлық елді мекендерде, оқу орындарында, әскери бөлімдерде халықтың барлық топтарын тарта отырып, гүл қою рәсімін ұйымдастыру қажет. Бұған қоса, өңірлерде бейбіт уақытта борышын өтеу кезінде қаза тапқан сарбаздардың, сондай-ақ қазақ жерін қорғаған белгілі тарихи тұлғалардың, қолбасшылар мен батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою ұсынылады. Мысалы Қостанай қаласында Шақшақ Жәнібек, Қобыланды батыр сынды, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Дархан Базарбаев ескерткіштерінде шаралар ұйымдастыруға болады, – деді А. Кәкенов.

Бұл үрдіс – ұрпақ арасындағы тарихи байланысты нығайтып, халық батырларын ұлықтаудың бір мүмкіндігі. Сонымен қатар, 7 мамыр күні жауынгерлік және оқу-жаттығу даярлығында ерекше көзге түскен құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің марапаттау рәсімдерінде қала, аудан әкімдері мен орынбасарларының қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету шараларына қатысты. Әкімдер өз деңгейінде ардагерлер және олардың отбасы мүшелерімен жеке кездесулер өткізіп, материалдық ынталандыру ретінде біржолғы төлем ұйымдастыру ұсынылады.

Бұдан өзге, «Ардагерлерге тағзым» атты акциясы аясында ардагерлер мен оларға теңестірілген, қарттар үйінде қалған адамдарға құттықтау, оларға азық-түлік себеттерін табыстау үшін волонтерлер қатарынан арнайы топтар құру қажет.

— Биыл «Жаужүрек полк» акциясы онлайн форматта «Батырларға тағзым» атауымен өткізіледі. Бұған сәйкес ақпараттық және көрнекі материалдарды әзірлеуде тек «Батырларға тағзым» онлайн акциясы деп қолдануды ұсынамыз.

Акция «Тengrinews’ сайтындағы «Жеңімпаздар/Победители» онлайн платформасында ұйымдастырылады. Шараға қатысушылар слайдта көрсетілген whatsApp нөмеріне аталары туралы мәліметті (аты-жөні, туған күні мен жылы, әскерге шақырылған жері, атақ-шені, фотосуреттері және тағы басқа) жібере алады. Акцияны онлайн форматта өткізу әкімдердің жеке назарына алынуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үйлер мен кешендерде халықпен бірлесе отырып, әскери қызметкерлер мен ардагерлерді құттықтауды ұйымдастыру, достық кездесулер және мерекелік атмосфераны орнатып, жалпыға бірдей қамқорлық жасауға ықпал ететін өзге де іс-шараларды өткізу ұсынылады. Мысалы: облыс деңгейінде 7 мамыр күні тұрғындардың біркітіретін велошеру өткізіледі, – деді ол.

Мерекелер қарсаңында, мемлекеттік органдар ғимараттарындағы мемлекеттік рәміздерді тиісті тәртіпке келтіріп, қала, аудан көшелерін алдын ала жіберілген эскиздер мен ұсыныстарға сәйкес безендіру керек.

— Мереке қарсаңында соғыс ардагерлерін аралап, мерекемен құттықтау, сондай-ақ сыйлықтар және материалдық ынталандыру ретінде 1 млн.теңге тапсыру жоспарлануда. Осыған байланысты, қалалар мен аудандардың әкімдіктері халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлап, алдағы мерекелерді жоғары деңгейде атап өту үшін тиісті шаралар қабылдауы тиіс, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор