«СарыарқаАвтоПром» серіктестігі биыл 70 мың автокөлік құрастырып шығармақшы. Бұған қоса, қазіргі әлемдік экономикадағы алыс-беріс, ынтымақтастық қарым-қатынастардың күрделеніп бара жатқанына қарамастан, қостанайлық зауыт жыл соңына қарай Chevrolet Onix, Kia Sportage NQ5, Lada Granta көліктерінің өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.
Алып кәсіпорын бүгінгі таңда Chevrolet, Kia, Lada, Renault, UAZ, SAZ автомобильдерін құрастырып жатыр. Осыдан 12 жыл бұрын іске қосылған зауыттың өндірісі жыл сайын кеңейіп, әлеуеті артып келеді. Мәселен, кәсіпорын 2019 жылы 25 875 автокөлік құрастырып шығарса, осы жөніндегі көрсеткіш 2020 жылы 40 050-ге жетті. Ал 2021 жылы автозауыт 60 мыңнан астам көлік құрастырып шығарды. Нәтижесінде, былтыр Қостанай автозауытының Қазақстан нарығындағы үлесі 61%-ға жетті.
Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті де едәуір артып келеді. Былтыр 7 мың 593 автокөлік экспортқа шығарылыпты. Қостанайдан шыққан көліктерді көбіне Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттерінің өкілдері алып кетіп жатады.
— Әлемде көлік құрастыратын зауыттардың ешқайсысы бөлшектерді өздері өндірмейді. Басқа жақтан тапсырыспен жасатып алдырады. Біздің кәсіпорындағы жағдай да соған ұқсас. Әр көлік маркасының тетіктерін өзара келісімшарт аясында әртүрлі шетелдік зауыттардан алдырамыз. Бастысы, көліктер барлық шеберханадағы білікті мамандардың қолынан өтіп, жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен құрастырылады. Жалпы, негізгі мақсатымыз – халықаралық сапа нормаларына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті өнім шығару, – деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.
2021 жылы Chevrolet автокөлігі қазақстандық тұтынушылар тарапынан ең жоғары сұранысқа ие болғанын айта кеткен жөн. Ал ең көп сатылған көліктердің көшін Nexia мен Cobalt бастап тұр. Қостанайлық зауыттан былтыр аталған үлгілердегі 33 508 автокөлік құрастырылып шығарылды.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, биыл зауыт Chevrolet Onix, Kia Sportage NQ5 өндірісін іске қоспақшы. Жоспар бойынша «СарыарқаАвтоПром» бұл бренд көліктердің әрқайсысын 15 мыңнан құрастырып отырмақ. Оларға қоса 10 мың ресейлік Lada Granta көлігі және аталған автомобильдер үшін CKD және ұсақ бөлшекті жиынтықтар жасалып шығарылмақ.
— Биылғы қаңтар мен наурыз айларының аралығында 12,5 мыңға жуық автокөлік құрастырылды. Зауыттың өндірістік қарқыны енді еселене түспесе, еш бәсеңдемейді. Биыл жүзеге асырылатын жаңа жобаларымыз бар. Жыл соңына қарай тағы бірнеше жаңа желіні іске қосамыз. Сондықтан еліміздің ішкі нарығын сапалы автомобильдермен қамтамасыз ете отырып, зауыттың экспорттық әлеуетін арттыру – біздің басым бағыттарымыздың бірі болып қала береді, – деді кәсіпорын басшысы.
«СарыарқаАвтоПром» серіктестігінің бүгінгі толайым табысы отандық автоөндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың мықтылығының нәтижесі, сондай-ақ зауыт инженерлері мен қарапайым жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің, қажырлы еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Бүгінде жалпы аумағы 86 мың шаршы метр болатын зауытта 7 цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында ұзын саны 2 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Жас маман, жаңа кадрлар зауыт жанынан ашылған SAP University орталығында жүйелі түрде білімдерін жетілдіріп, кәсіби біліктіліктерін арттырып отырады.