Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кеншілер қаласы көркейіп келеді

6 мая 2022 16:22 • 533 просмотров

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Бейімбет Майлин атындағы ауданның және Рудный қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тұрғындар көп мәселені көтерді. Негізінен оларды ТКШ, интернет байланыс, жолдарды жөндеу, сондай-ақ жолаушылар тасымалы, денсаулық сақтау және т. б. мәселелер қызықтырды. Барлық сұрақтар бойынша халыққа жауаптар айтылып, орындаушыларға тиісті тапсырмалар берілді.

Өңір басшысв әуелі Майлин ауданының тұрғындарымен кездесті. Мысалы, тұрғындардың өтініші бойынша ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Елизаветинка ауылындағы медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Халықтың жаппай спортпен шұғылдануы үшін, балалар жылы аясында Майское ауылында шағын футбол алаңын салу жоспарлануда, оған қоса көше тренажерларын орнату қарастырылған.

Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептің жағалауында аралас жекпе-жекпен шұғыллануға арналған үй-жайды жөндеу және №1 Тобыл жалпы білім беретін мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеу көзделген.

Одан әрі кездесу Рудный қаласында жалғасты. Мұнда өңір басшысы бірқатар нысандарды аралап, қала тұрғындарына пәтер кілттерін табыс етті.

Архимед Мұхамбетов бірінші кезекте Рудный су арнасына барды. Сүзгі станциясы Рудный қ., Қашар к., Горняцк к., «ССКӨБ»АҚ объектілерін сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, бүгін Рудный қаласының тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің қоныстанушыларына салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс етті.

— Біз осынау салтанатты жағдайда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа 60 пәтерлік тұрғын үйдің қоныстанушыларына пәтерлерінің кілттерін тапсырамыз. Сіздерге отбасыларыңыздың амандығын және баспаналарыңыздың қуанышқа, құт-берекеге толуын тілеймін! Біз Рудный қаласының қалай өзгергенін, көппәтерлі тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаюын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта 39-орамның құрылысы жүріп жатыр. Біздің облыста соңғы жылдары тұрғын үй құрылысының көлемі оң динамиканы көрсетіп отырғанын атап өткім келеді. Ағымдағы жылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында облыста 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 138,0 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, – деді өз сөзінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бұдан соң өңір басшысы «Карагулина Л.А.» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 2 100 тоннаға дейін нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірумен айналысады. Мұнда 130 жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда кәсіпорын жемісті жұмыс істеп келеді. Облыс орталығына және жақын маңдағы елді мекендерге өнімдерін өткізеді.

Сонымен қатар, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Халықпен кездесу қорытындысы бойынша облыс басшысы Архимед Мұхамбетов өңірлердің әкімдеріне аудандарды дамыту мен абаттандыру, халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор