Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мерекелік велошеру

14 мая 2022 16:17 • 598 просмотров

Қостанай қаласында Отан қорғаушы күніне арналған велошеру өтті. Жастарға елшілдікті, жалпыға бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдас­тырылған мерекелік іс-шараға, арасында кәсіби спортшылармен қатар, әуес­қой велосипедшілер де бар, шамамен 500-ден астам адам қатысты.

Мерекелік көңіл күйде өт­кен велосеруен 7 мамыр күні сағат 10.00-де облыс әкімдігінің алдындағы орталық алаңнан басталды. Қаладан шыққан соң Тобылдың ар жақ бетінде жатқан Ми­чурин ауылынан кері айналып 15 ша­қырым қашықтықты басып өткен вело­сипедшілер Гашек көшесіндегі Тәуелсіздік қақпасына бір-ақ келіп тоқтады.

Кәсіби спортшылар он бес шақы­рымды оп-оңай еңсерді. Алайда бұған дейін велосипедте көп жүріп әдет­тенбеген кейбір әуесқойлар мәреге жет­кенше алқынып, шаршаңқырап қал­ды. Өйткені қапталдап соққан қатты жел жыл­дамдықты арт­тыруға мұрсат бермеді.

Іс-шараға қатысушыларды үрмелі оркестрмен күтіп алған ұйымдастырушылар әр велосипедшіге шағын сыйлық тарту етіп, Отан қорғаушы мерекесіне ар­налған салтанатты жиын өткізді. Жи­ында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Виктор Ионенко Тобыл өңіріндегі вело­спорттың да­муына үлкен үлес қос­қан Ва­лентина Бобылеваны еске алуға арналған дәстүрлі көпкүндік маунтинбайк турнирінің бас­талғанын айтты.

– Көпкүндік турнирге елі­міздің әр өңірінен келген вело­спортшылардың біразы бүгінгі Отан қорғаушылар күніне ар­налған мерекелік шеруге де қа­тысып жатыр. Барлық меймандарды, қала тұр­ғындарын атаулы мерекемен шын жү­рек­тен құттықтаймын. Әсіресе кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп, бүгін жас­тармен бірге 15 шақырым қашықтықты бағындырған спорт арда­герле­ріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Аспа­нымыз ашық, іргеміз бүтін, тату-тәтті, бей­біт тіршілігіміз баянды болсын! – деді В.Ионенко.

Жалпы, Қазақстан велоспортына биыл 108 жыл толып отыр. Бұл спорт түрінен ең алғашқы жарыс 1914 жылы Ақтөбе қаласында өтіпті. Оған не­бәрі 15 велоспортшы қатысып, мәреге Сыбағат Заби­ров бірінші болып жеткен. Жа­рысты ұйымдастырушылар жеңім­пазға саф алтыннан құйыл­ған 15 грамдық медаль тапсырыпты.

Фото газеты «Наш Костанай»/ автор Абиль ДОЩАНОВ