Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Үздік фильм анықталды

14 мая 2022 11:17 • 577 просмотров

Қостанайда қазақ театрының қазығын қағып, негізін қаласқан аса көрнекті өнер қайраткері Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Seraly Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестиваль-байқауы өтті.

Өнер байқауына еліміздің әр түкпірінде түсірілген қы­рық шақты қысқаметражды фильм келіп түсті. Шағын туын­дылардың көпшілігі отбасылық құндылық, ата-ана алдындағы перзенттік парыз,  баспанасын құмар ойынға тігіп отба­сын далада қалдырған, өзі қа­шып-пысып жүрген жауапсыз әкенің берекесіз тірлігі сияқ­ты әлеуметтік жүгі ауыр мәселе­лер­ді көтерген.

Сонымен қатар баскетбол спортына ерекше қы­зы­ғушылық танытқан іні­сінің мықты спортшы болып қалып­тасуына көп күш жұмсап, ерекше жігер танытқан бауырмал аға­ның жанашырлығы сияқты тәрбие­лік тағылымы мол жылы дүниелер де бар.

Көлемі қысқа болғанымен, мазмұны терең, шымыр оқи­ға­­ларға құрылған шағын фильм­дердің көркемдік деңгейі мен түсірілім тобының режиссер­­лік, операторлық шеберлігін С.Қо­жам­құлов атындағы Жезқаз­ған қазақ музыкалық-драма­­лық театрының директоры, театр және кино актері – Сәкен Досхан бастаған қазылар алқасы таразылады. Нәтижесінде, «Үздік опе­­­­ратор» аталымы бойынша шы­райлы Шымкент шаһары­нан келген Фархат Саипов жеңім­паз атанса,  «Үздік режиссер» аталымына қостанайлық Есбол Жатқанов лайық деп та­ныл­­ды. Нұр-Сұл­тан қаласынан кел­ген Жар­қын Тілеуқор «Ең үз­дік сце­на­рийі» аталымы­на ие болса, алма­тылық Рүс­тем Дас­тан­ұлы­ның «Минус 5» деп аталатын 7 ми­нуттық қыс­қа­метраж­ды ­туын­дысы бай­қау­дың ең бедел­ді аталымы «Үздік фильм» ата­ғын жеңіп алды.   

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдың басты мақсаты – Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бады­ров, Әнуар Боранбаев сынды өнер тарландары дүниеге келген өңірде қазақ кино өнерін дәріп­теп, жаңа есімдердің танылуына ықпал ету.

Тобыл төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ша­раға кәсіби сахна өнері мен ұлттық киноның қалыптасып, да­муына өлшеусіз үлес қосқан  сан қырлы актердің туған қызы Мәриям Сералықызы Алматыдан арнайы келіп қатысты. Даңқты әкесінің туған жері Қарабалыққа барып қайтқан Мәриям апай  Қостанай жұртшылығына алғы­сын айтып, ізгі тілегін арнады.

– Қарабалық ауданында әкем атындағы музыка мектебі мен бір көше бар екен. Аталған мектеп­тің оқушыларымен кез­десіп, дәріс оқыдым. Ал сонау Алматыдан менімен бірге кел­ген М.Әуезов атындағы Қа­зақ мемле­кеттік академиялық драма театры музейінің жетекші­сі Нарғыз Тамабекқызы  аудан­дық музей қызметкерлеріне шебер­лік сабағын өткізді.  Бүгін екі той қатарласып отыр. Біріншіден, әкемнің туған күні болса, екін­шіден Жезқазған театрына әкем­нің атының берілгеніне тура 40 жыл болыпты.  Сіздерге алғысым шексіз, – деді толқи сөй­леген  Мариям Сералықызы.

Ауқымды іс-шара барысында І.Омаров атындағы Қостанай об­лыс­тық қазақ драма театрында белгілі кино және театр актрисасы Алтынай Нөгербек  «Пси­хо­физикалық әрекет» атты шеберлік сағатын өткізді.