Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңдеу өнеркәсібінде өсім жоғары

1 июля 2022 15:30 • 627 просмотров

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндады.

Қостанай облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Мәселен соңғы бес айдың қорытындысы бойынша өңірде өнеркәсіп өндірісі 13,8%, құрылыс саласы 12,9%, көтерме сауда 8,6%-ға өскен.

– Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1,0 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өсімді негізінен елді индустрияландыру жылдары іске қосылған кәсіпорындар қамтамасыз етіп отыр. Қостанай облысында өнеркәсіп саласындағы жобалар пулы құрылды. Оған бюджеттік шығындары 1,8 трлн теңгені құрайтын 52 жоба кіреді. Осының нәтижесінде, өңірде 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Пул бүгінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің айтарлықтай артуы есебінен өңірдің экономикалық өсімінің резервіне айналып отыр, – деді Архимед Мұхамбетов.

Машина жасау саласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде кеңірек сөз еткен облыс әкімі Тобыл өңірінде автомобиль өндірісінің қарқынды дамуының нәтижесінде өңдеу секторының жалпы өнеркәсіптегі үлесі 55,7%-ға жеткенін атап өтті.

Архимед Мұхамбетов азық-түлік қауіпсіздігіне де ерекше тоқталып, жергілікті кәсіпорындар өңір тұрғындарын ұлттық нормаларға сәйкес азық-түліктің негізгі түрлерімен толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қайта өңдеумен айналысатын 210 кәсіпорын жемісті жұмыс істеп жатыр.

Биыл қостанайлық диқандар көктемгі егіс науқанын мерзімімен аяқтап, 4,8 млн гектар жерге дән сіңірді. Оның ішінде бидай алқабының көлемі 3,5 млн гектар болады. Мұның сыртында, облыс тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жарма дақылдары, картоп және көкөніс алқаптары едәуір ұлғайтылып отыр.

Өңірде инфляцияны тежеуге және дағдарысқа қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға 6,6 млрд теңге қарастырылған. Қомақты қаржының 2,8 млрд теңге көлеміндегі бір бөлігі тұрақтандыру қорына, ал 3,8 млрд теңгесі кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға бөлінді.

Мамыр айының қорытындысы бойынша, облыста жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес нысандарының саны 5,8%-ға, өнім өндірісі 1,1%-ға ұлғайды.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, биыл өңірде 500 шақырымнан астам автожолға және елді мекендердегі 220 көшеге жөндеу жүргізілетіні туралы мәлімдеді. Қазір облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 78%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биыл Қостанай облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызып, 4 мыңнан астам пәтерді ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Жыл басынан бері 169 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жанданып келеді. 2022 жылы «Нұрлы жер» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары аясында халықты ауыз­сумен қамтамасыз ету және елді мекендерге су құбырын тарту бойынша 48 жобаны іске асыруға 20 млрд теңге бөлініп отыр.

Әлеуметтік саладағы міндеттердің де оң шешім тауып жатқанын баяндай келе, Архимед Мұхамбетов биыл облыста 11 емдеу мекемесіне жөндеу жүргізілетінін айтты. Бұл орайда, денсаулық сақтау нысандарына қажетті медициналық жабдықтар сатып алуға 4,4 млрд теңге бөлінген. Осының нәтижесінде, ауруханалар мен емханаларды медициналық техникамен қамтамасыз ету деңгейі 86%- дан 90%-ға дейін ұлғаятын болады.

Биыл облыстың білім беру саласын қаржыландыруға 149,1 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінде өңірде 2 200 орындық 3 мектеп салынып жатыр. Әкім облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ екенін атап өтті. Қазір аймақта 78 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Халықты жұмыспен қамтудың ең маңызды факторы – жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. 2022 жылы облыста 27 мың адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта шамамен 18 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Оның 10 мыңы – тұрақты жұмыс орындары, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өңірде жыл басынан бері 8,4 мың жаңа жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Оның тең жартысынан астамы тұрақты жұмыс орындары болып табылады. Өңір басшысы халықты жұмыспен қамту шаралары мен жаңадан пайда болып жатқан бос жұмыс орындарының нәтижесінде аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан әріге бармайтын болады деген болжам айтты.

Әкім ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында атқарылып жатқан іс-шараларға арнайы тоқталып өтті.

– Атап айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына апаратын күре жол күрделі жөндеуден өтеді. Таяуда ғана жергілікті халықтың өтініші бойынша Ақкөл мен А.Байтұрсынов ауылдарына жылдамдығы жоғары мобильді интернет желісі қосылды. Бүгінгі таңда А.Байтұрсынов ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы басталып, ауылдық амбулаторияға жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Торғайдағы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының музейін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді Архимед Мұхамбетов.