Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Гранттардың көлемі ұлғайды

2 июля 2022 14:00 • 823 просмотров

Қостанай облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңірде шағын кәсіпкерлікке бет бұрып жатқандардың қатары едәуір көбейгенін мәлімдеді. Осыған сәйкес, жаңа кәсіп бастап жатқан немесе бизнесін кеңейткісі келген кәсіпкерлердің жоба-бастамаларына бөлінген қолдау қаржының көлемі де ұлғайып отыр.

Мәселен, былтыр Қостанай облысында шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттарға 60 млн теңге бөлінсе, биыл бұл сома 80 млн теңгеге жеткен.

– Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында биыл мемлекет гранттарына үміткерлерден 302 өтінім келіп түсті. Жаңа кәсіп бастап жатқандар арасындағы бәсеке жоғары болғандықтан, конкурстық комиссияға грант иелерін анықтау оңай болған жоқ. Жобаларды конкурсқа қатысқан бизнес жоспарлардың жүзеге асу мүмкіндіктері, жаңашылдығы мен бәсекеге қабілеттілігі, қар­жылық өміршеңдігі, үміткердің кәсіп­керлік тәжірибесінің деңгейі, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі сияқты бірнеше қағидаттар бойынша таңдап алдық, – деді кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Қаленов.

Конкурс қортындысында комиссия үздік деп таныған 18 жоба 2 млн 350 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржы гранттарын алды. Жеңімпаз жобалардың бесеуі Қостанайда, үшеуі Арқалықта, үшеуі Қостанай ауданында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар Әулиекөл, Амангелді, Жангелдин, Меңдіқара, Қамысты және Ұзынкөл аудандары да бір-бір грантқа ие болды.

Конкурсқа қатысқандардың дені жас­тар мен тұрмысы төмен отбасылардан екенін айта кету керек. Мысалы, биылғы грант иелерінің жетеуі – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер. Үшеуі көпбалалы ана, ал біреуі толық емес отбасыдан шыққан талап­­кер. Грант жеңімпаздары ашатын кәсіп те бизнестің әр алуан саласына жатады. Олардың ішінде тамақ өнеркәсібі, киім, аяқ­киім тігу цехы, білім беру қызметі, тіпті бала­лар алаңқайлары мен спорт кешендерін жасайтын өндіріске дейін бар.

Кәсіпкерлікті дамыту басқармасы­ның өкілдері жобалардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жасап отыратындық­тарын айтты. Ал биыл бизнес-жоспары мақұлданбай қалып, мемлекеттің қаржылай қолдауына қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер жобаларын толықтырып, жетілдіріп, келесі жолғы конкурста тағы бір рет бақ сынап көрмек.