Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Күмбірле, қоңыр домбыра!

9 июля 2022 12:00 • 665 просмотров

Арқалық қаласының орталығында Ұлттық домбыра күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында халық аспаптар оркестрі мен қала тұрғындарынан құралған 1000 адамдық оркестр өнер көрсетті.

Ашық аспан астындағы алып оркестр жүздеген қала тұрғынының алдында «Тепеңкөк», «Салкүрең» сияқты халық күйлерін, Құрманғазының «Балбырауын», Нұрхан Ахметбековтің «Жеңіс» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындады.

Жалпы, бұған дейін қазақтың қасиетті қара домбырасын насихаттап, дәріптеуге арналған бұқаралық мәдени шаралар жыл сайын Амангелді ауданында да өтіп тұратын. Алайда дәстүрлі шара пандемияға байланысты үзіліп қалып еді, биыл Арқалықта қайта жанданды.

— Ұлттық аспабымыз, ұлттық өнеріміз ұлықталған іс-шараның ұлағаты мол. Осы іс-шараға дайындық барысында 700 адам қолына алғаш рет домбыра ұстады. Ең жасы үлкен домбырашы – 87 жаста, ең жас өнерпаз – 8 жаста. Бір әулеттен 22 адам өнер көрсеткені де таңданарлық жағдай. Арқалықтағы айрықша өнер мерекесі жиналған жұртшылыққа рух беріп, көңілін көкке көтеріп тастады! – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.