Өткен ғасырдың басында ұлттық мүддені бірінші кезекке қойып, елдің сол кезеңдегі жағдайына шынайы бет бұрып, ұлт мұраты үшін қызмет етуге бел байлаған қазақ азаматтарының тобы қалыптаса бастады. Ресейдің қазақ еліне дендеп ене бастаған отарлық саясатының мәнін түсініп, оған қарсы ішкі наразылықтары оянып, елдің өз ішіндегі талас-тартыс пен патшалық биліктің зорлық-зомбылығына қарсы не істеу қажет деген сұрақтарға жауап іздей бастады. Осы жылдары басқа да қазақ тұлғалары секілді, А. Байтұрсынұлының да дүниетанымында түбегейлі өзгеріс туды.
Халықаралық зерттеуде когнитивті картаға түсіру деп аталатын зерттеу әдісі бар. Кейде ол танымды карталау немесе танымды картаға түсіру деп те аталады. Осы зерттеу әдісіне сүйенсек белгілі бір саяси оқиға, жағдай, процесс адамның танымына, күрделі өзгеріске түсуіне әсер етеді деп санайды. Мамандар кез келген адамның өмірінде позитивті немесе негативті ықпал ететін бір бұрылысқа себеп болатын, қозғау салатын оқиғалар болады. Осы жай оның келешегіне, дүние-танымының қалыптасуы мен түбегейлі өзгеріске түсуіне ықпал етеді дейді.
Осыған қатысты бірнеше мысал келтіруге болады. 1962–1979 ж. ж. Оңтүстік Кореяның президенті Пак Чон Хи болды. Осы 60-жылдың басына дейін бүгінгі Оңтүстік Корея өзінің даму деңгейі бойынша әлемде артта қалған мемлекеттердің бірі болды. Қасындағы Солтүстік Кореядан да артта қалды. Осы кезеңде генерал Пак Чон Хидің Америкада (Охлакома штаты) тағылымдамадан өтуі, АҚШ экономикасы мен халқының тұрмыс жағдайын көруі, қасындағы Жапонияның қарыштап дамып бара жатқанын таразылауы, оның ғана емес, Оңтүстік Кореяның да келешегіне әсер етті. Пак Чон Хидің дүниетанымына АҚШ-ты көруі мен Жапонияның дамуы ерекше әсер етті.
Сонымен қатар 1959–1990 жылдары Сингапурдің премьер-министрі Ли Куан Ю болды. Оның голландық Альберт Винсемиуспен ғылыми конференцияда кездесуі өзіне және Сингапурдың келешегіне ықпал етті.
Осы жағдайлар әлемдік экономикада аталған екі мемлекеттің қарқынды дамуына ықпал етіп қана қойған жоқ, бүгінгі күні де тұрақты даму үстіндегі мемлекеттер қатарына қосылуына әсер етті.
Ал Ахмет Байтұрсынұлына тоқталсақ, он үштегі бала Ахметтің дүниетанымындағы өзгеріске, санадағы сілкініске саяси-әлеуметтік факторлар әсер еткені белгілі. Бірақ А. Байтұрсынұлының дүниетанымындағы сілкініске, ұлттық мүдде жолындағы күрескер ретінде қалыптасуына, енді ғана он үшке қадам басып, оң-солын тани бастаған баланың санасына 1885 жылғы болыстық сайлауда Ахметтің әкесі Байтұрсын мен оның бауырлары Ақтас пен Сабалақтың ояз Я. П. Яковлевті ұрып, содан Сібірге сотталуы ерекше әсер еткен болуы керек. Оған ретімен тоқталайық.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында Ахаңның әкесі Байтұрсынның туған ағасы Ақтастың немересі Амандық тұрады. Амандық Ақтастың үлкені Шаймарденнің баласы. Осы оқиғаға қатысты Амандықтың айтуы бойынша Торғай уезінің Тосын болысында болыстық сайлауға түскен Ақтас та болыстық орынға үміткер болады. Еті тірі Ақтас ел ішінде беделді, көпке сыйлы, ешкімге есесін жібермейтін өткір кісі болса керек.
Сайлау өткізу жиынында Байтұрсын Торғай уезінің бастығы Я. П. Яковлевтен «сайлаудың ешкімге бұрмай әділ өтуін» талап етеді. Ал ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып менменсіген Яковлев болса, дала қазағының қойған талабына шамданып, Байтұрсынды балағаттап, тілдейді. Ағасын тілдеп, балағаттағанға шыдамаған қызба мінезді, шапшаң Сабалақ (шын есімі – Данияр) топтың ішінен атымен тебініп шығып, қамшымен ояз Яковлевті тартып-тартып жібереді. Осы арада дүрбелең туады. Бұрын-соңды патшалық Ресейдің шенді басшысына қамшы сілтеп ұру түгілі, қарсы сөз айту да кездеспеген еді. Басы жарылған ояз казактарға сол арада Ақтасты, Байтұрсынды, Сабалақты ұстатып, түрмеге жабады. Торғай жерінде ғана емес, жалпы қазақ арасында патша шенеунігіне қол көтеру болмағандықтан, бұл ел ішін дүр сілкіндіреді. Билік те қазақтар арасында бәсең де болса туып келе жатқан қарсылықтың алдын алу үшін бүлікшілерді қатаң жазалау мақсатын ұстанады. Арада шамалы уақыт өткен соң, сот үкімі шығып, 1886 жылы ағайындыларды – Ақтас, Байтұрсын, Сабалақты 15 жылға Сібірге айдайды. Осы оқиға болғанда Ахаң 12–13 шамасында болатын. Жақсы-жаманды түсініп, қалыптасып келе жатқан балаға аталған оқиға қатты әсер еткен болуы керек. Кейін А. Байтұрсынұлының «Анама» атты өлеңіндегі:
«… Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам…» деген жолдар осы оқиғаға байланысты туды. Жас баланың жүрегіне осы жай мәңгі сақталып, жара салып қана қойған жоқ, оған терең ой салды.
Осы арада айта кететін жайт, біз 1825 жылғы Ресейдегі декабристер қозғалысы жөнінде айтқанда, олардың әйелдерінің Сібірге бірге барғанына ерекше тоқталамыз. Осындай жағдай қазақ даласында болғанын да айтып өткеніміз абзал. Сот үкімі шыққаннан кейін, сотталғандармен бірге Ақтастың бәйбішесі Үбіжан күйеуі мен қайныларына еріп, сонау Колымадағы лагерьге бірге барған.
Осы арада айта кететін тағы бір жайт, ер мінезді, өткір Үбіжан анамыз 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерлісінің басшысы, Дулығалы мешітінде өткен жиында хан сайланған Әбдіғапар Жанбосынұлының анасы Алуаның шешесі. Торғай елінде кең тараған көнеқұлақтардан жеткен әңгімелерде Әбдіғапардың анасы Алуаның өте ақылды, парасатты, етек-жеңі кең, қолы ашық кісі болғандығы айтылады. Осы елдегі «Алуа» деп аталатын елді мекеннің атауы да осы кісі есімімен байланысты.
Тағдырдың жазуы болар, қызба мінезді Сабалақ жолда солдаттардың оғынан өледі, Байтұрсынның ағасы Ақтастың жары Үбіжан бірнеше жылдан кейін, Якутияда ауырып, қайтыс болып, сүйегі сонда қалды.
Колымада он жеті жыл отырып, ағайынды екеуі 1902 жылы елге оралады. Алыс сапардан Ақтас пен Байтұрсын Торғайға оралғанда олардың ерлігін әлі есінде сақтаған, жыр қылып айтатын елі қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетеді. Торғай елі ғана емес, іргелес, көрші Қостанай, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда көлеміне сыйлы болған Ахаңның әкесі Байтұрсын 1909 жылы дүниеден өтеді. Өмірден біраз қиындық пен бейнет көрген анасы Күңше (Күнші) араға он жыл салып, 1919 жылы қайтыс болады. Ал Ақтас сексенге келіп, 1920 жылы қайтыс болды.
Меніңше, өз отбасы мен туыстарының басынан өткен осы оқиға мен ел жағдайы оның азаматтық позициясы мен дүниетанымының қалыптасуына ықпал етті. Оң-солын тани бастаған А. Байтұрсынұлы елге қызмет ету мұратын ұстанды.
Екіншіден, оның алған білімі, орыс-қазақ тілдерін еркін білуі, Қазақстанның өз ішінде ғана емес, қазіргі Ресей қалаларында білім алып, қызмет етуі, тұруы, ел ішінің жағдайын өз көзімен көруі – оның ел жайын ойлауына, халық тағдырына бет бұруына әкелді. Оның ұлт мұраты жолындағы қайраткерлік қызметінің қалыптасуына негіз қалады.
Аталған ойымызды тереңдету үшін осы арада Ахаңның өмір жолына сәл тоқталып өтсек, А. Байтұрсынұлы қазақтың ұлы ағатушысы Ы. Алтынсарин негізін қалаған, Торғай елінен шыққан зиялылар білім алған екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі.
1896–1901 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызметте болды. 1902–1904 жылдары Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқарады. Осы жылдары өз халқының санасын ояту мақсатында, жақсы мен жаманды, әділдік пен зұлымдықты, сан тараулы қайшылықты сипаттаған И. Крыловтың мысалдарын қазақы ойлау мен танымға бейімдеп аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.
Шамасы, халық тұрмысына жақын мысалдар арқылы, А. Байтұрсынұлы ел өміріне ықпал етуге қадам жасаған секілді. Бір жағынан, қазақ оқығандарына Крылов мысалдары таныс болатын. А. Байтұрсынұлына дейін алғаш рет Ы. Алтынсарин И. Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалын, ал Абай «Есек пен бұлбұл», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден» шығармаларын аударған болатын. А. Байтұрсынұлы аударған әрбір мысал қазақ өмірімен астасып, қазақ танымына сіңісіп кетті. «Аққу, шортан Һәм шаян» мысалындағы:
«Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін», – деген өлең жолдары арқылы сол кезеңдегі ел ішіндегі жікке бөлініп, жан-жаққа тартқылаған алауыздықты, бір-бірімен алысып-тартысқан биліктегілерді сипаттады.
Ұлы Абайдың «Құлағын салмас, Тіліңді алмас, Көп наданнан түңілдім» деп налыған, өкінішке толы өлең жолдарымен астасып жатыр емес пе. Одан әрі аталған мысал өлең арқылы аққу, шортан, шаян болып жан-жаққа тартқыламай, бір-біріңді жақын тұтып, бір болыңдар дегенді айтқысы келгендей. Осы орайда Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» деген идеясымен үндесіп кеткендей. Идея, көзқарас сабақтастығы мен үндестігі осы болар.
А. Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі қайраткерлік қадамға ұласты. Ол елдің әлеуметтік мәселесін көзімен көре отырып, ағартушылық тәсілмен ықпал етуді мұрат тұтты, қоғамның эволюциялық жолмен дамуына мүдделі болды. Қоғамдағы жағдайдан тыс қалмай, тек оны сырттан бақылаушы немесе оған инертті қатысушы болмай, ел өміріне белсенді қатысып, өз шығармаларына арқау етті.
Ғылымда кең қолданылатын бинарлы талдау әдісі бар. Бұл басталу нүктесі бір немесе жақын екі немесе одан да көп оқиғалар мен үдерістердің ұқсастықтарына, даму барысына және өзгеріс траекториясына талдау жасайды. Қазақ қоғамындағы аққу, шаян, шортан болып жан-жаққа тартқылаған ахуал А. Байтұрсынұлы өмір сүрген жылдарда өзекті болса, қазіргі уақытта да өз маңызын жойған жоқ. Сондықтан да болар, ұлт бірлігі мен тұтастығы, жағымсыз әдет, қалыптасқан келеңсіз жағдайды сынау белгілі бір уақыт аралығында ғана емес, әр кезеңде басты тақырыпқа айналды. Ұлы Абай, А. Байтұрсынұлы, басқа да қазақ зиялылары өз шығармаларында ел ішіндегі жағымсыз жайларды аяусыз сынға алды.
Қолданбалы психология мен саясаттану ғылымында «үйренген әлсіздіктің синдромы» (синдром выученной беспомощности) деген термин бар. «Үйренген әлсiздiк» деген синдром адамның өзiнiң өмiрiн жақсартуға ешқандай әрекет жасамайтын жағдай. Неге «үйренген» деп аталады? Өйткенi ешбiр адам туғанда өз өмiрiн жақсарту үшiн қиындықтармен күреспеу керек деген идеямен тумайды. Қиындықтармен күресу – әр адамға тән қасиет. Адам стресс пен қатты дағдарысқа ұшырағаннан кейiн күреспеу жолын таңдайды. Өмiрден қайта-қайта таяқ жеп, тағдырдың тауқыметін көргеннен кейiн адам екі қолын түсiрiп, өзiнiң күшiне деген сенiмiн жоғалтады. Бәрiне көнедi. Адам өз басындағы жағдайға үйренiп қалады, қолын, еңсесін түсiреді, жақсыға қарай сапалық өзгерiс жасай алатынына сенбейдi.
Бірақ олардың ішінен ерік-жігері мықты, харизмасы күшті жандар ғана еңсесін түсірмейді, күрес жолынан бас тартпайды, өзгеріс жасау үмітінен бас тартпайды. А. Байтұрсынұлы да осындай тұлға еді. Халыққа білім беру арқылы, ағартушылық жолы арқылы әсер етуге тырысты. Өз халқына білім беру жолын таңдай отырып, орыстың танымал тұлғаларының халық арасында кең таралған шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы, оны қазақ өміріне бейімдеді. Түсінікті, қабылдауға жеңіл тілмен жеткізді. Аярлықты, екіжүзділік пен қулықты, бос мақтан мен дарақылықты сынады. Ы. Алтынсарин, А. Құнанбайұлы аударған И. Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалын да аударып, оған қазақы өң, сипат береді.
«Қарасақ, көп адамдар Түлкі боп жүр,
Залымдық өтірік пен мүлкі боп жүр.
Солардың сұмдығына түсінбеген
Қарғадай жұртқа мазақ,
күлкі боп жүр.
Жұрт едік аңқау өскен қазақ болып,
Далада кең сахара көшіп-қонып.
Алдаған залымдардың тіліне еріп,
Жүрмесек жарар еді мазақ болып», –
деген өлең жолдары бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Сонымен қатар сол жылдары елдің азып-тозып, рухани құлдырап бара жатқанын көзімен көрген Ахмет Байтұрсынұлы өз ой пікірін, көзқарасын жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, айтады. Мысалы, мына өлең жолдары бүгін де сұранып тұрғандай:
«Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісі», –
дейді. Өз еліне, халқына өз билігі мен күшін пайдаланып зорлық көрсетіп, талап, тонап жүрген, қасқырдан бетер адамдардың бар екендігін тұспалдап жеткізді.
Патша өкіметінің отарлау саясатының қазақ халқының хал-ахуалын әбден төмендетіп, шымбайына батқанын көре білген Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Жиған-терген» атты өлеңінде:
«Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып,
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың!» –
деп қалың елі қазағының хал-ахуалын тебірене жыр етті.
Міне, жоғарыда келтірілген өлең жолдары А. Байтұрсынұлының ағартушылық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасының қалыптасқандығын, оның ел мұраты, келешегі үшін белін бекем буғандығын көрсетеді. Бұл ұлтын сүйген, ұлтына қызмет етуді мұрат тұтқан тұлғаның үлкен істерге жасаған қадамының бір кезеңі еді.
Құрманғали ДАРКЕНОВ,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры