Қостанайда “Жас шаңырақ” тұрғын үй бағадарламасы басталмақ. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда бірнеше мәселе қарастырылды.
Біріншіден, Қостанай облысының жергілікті атқарушы органдарының ағымдағы жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету мәселесі қаралды.
2021 жылы жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі 98,7 балл жинап, «Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы» бағыты бойынша қызметтің жоғары тиімді деңгейіне қол жеткізді. Республикалық рейтингте облыс екінші орында тұр.
Биылғы маусымнан бастап мемлекеттік қызметтер тізіміне жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, енді ЖАО көрсететін қызметтер 2 есеге ұлғайды және қызметтердің 290 атауын құрады.
Бұдан әрі Қостанай облысында жастарға баспаналы болу үшін жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды.
-Жастар — елді жаңғыртудың басты қозғалтқышы. Бүгін жастар үшін маңызды мәселелердің бірі — тұрғын үймен қамтамасыз ету болып қала береді.Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында халыққа жеңілдікпен кредит беру бағдарламаларын іске асыратын негізгі банктердің бірі «Отбасы банк» екені белгілі. Ағымдағы жылы Қостанай қаласының аумағында пилоттық режимде «Жас шаңырақ» бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы биыл облысымыздың 50 тұрғынын көптен күткен баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,-деп атап өтті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне, облыстық басқармалардың басшыларына мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бұзушылықтарға жол бермеуді тапсырды, сондай-ақ жеңілдікпен кредит беру бағдарламасының әкімшісін анықтауды, «Жас шаңырақ» тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның құрамын қалыптастыру және бекіту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, жиын соңында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың отырысы өтті.
Қазақстанда коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Бүгінгі күні облыста амбулаториялық емдеуде 1 адам, стационарлық емдеуде 1 адам жатыр.
Облыстағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде қайта ревакцинация жүргізіледі.