Қостанайдағы жастар сарайында «Kostanay business show 2022» атты республикалық бизнес-жәрмеңке өтті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған екі күндік шараға Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан өндіріс, сауда және қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген 100-ден астам кәсіпкер қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өтіп жатқан дәстүрлі шара кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасуына, сондай-ақ сауда кеңістігі мен қызмет көрсету аясын кеңейтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған бизнес жәрмеңке аймақаралық байланыстарды нығайтуға жол ашады.
— Бүгінгі бизнес-жәрмеңкенің ең басты мақсаты – кәсіпкерлерге өз өнімдерін көпшілікке жан-жақты таныстырып, турасын айтқанда насихаттауға мүмкіндік беру. Іс-шараға қатысушылар бір-бірімен танысып, ортақ жобалар шығарса дейміз. Сонымен қатар мұнда мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыратын қаржы ұйымдары мен тиісті мекемелерді де шақырып отырмыз, – дейді іс-шараны ұйымдастырушы «Жас Атамекен» клубының жетекшісі Зарина Көкжанова.
Жәрмеңке барысында тәуелсіз қазылар алқасы «Өндіріс», «Сауда», «Қолөнер», «Қызмет көрсету» және «Тағам өндірісі» бағыттары бойынша 5 жеңімпазды анықтады. Сонымен қатар шараны тамашалауға келген қала тұрғындарының дауыс беруі арқылы «Халық таңдауына» ие болған жеңімпаз анықталды.
Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор