Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Субсидия алудың жолы қалай?

22 июля 2022 14:30 • 673 просмотров

Мал шаруашылығы саласында АСЖ – ақпараттық сараптамалық жүйе деген электронды бағдарлама бар. Бүкіл малын осы жүйеге тіркеген шаруашылықтар ғана мемлекеттің қолдауына арқа сүйей алады және жергілікті мемлекеттік мекемелер осы жүйе арқылы санақ алып, қай шаруашылықта қанша мал бар екені туралы есеп беріп отырады. Бір сөзбен айтқанда, АСЖ-ға тіркелмеген бас – жоқ малдың есебінде.

Мал басын асылдандыру бағдарламасы да осы жүйенің көмегімен жүзеге асырылып, оған мемлекет қыруар қаржы жұмсады. Алайда адам аяғы жете бермейтін шалғай түкпірдегі аудандарда электронды қызметтен хабарсыз, заманауи қолдау тетіктерінен сауаты жоқ қарапайым елдің малын сырттай басқа шаруашылықтың есебіне тіркеп, «ауадағы» малға бөлінген мемлекет субсидиясын жымқырып, көлденең табыс тауып келген пысықайлар бар көрінеді.

Мәселен, Жангелдин ауданына қарасты Ахмет Байтұрсынов ауылының тұрғыны Руслан Жақсымбеков 2019 жылы «Нұр-Аяла» шаруа қожалығын ашып, мал басын көбейте бастайды. Содан бері ірі қара санын 250-ге, жылқыны 100-ге жеткізген. 70 шақты ұсақ малы тағы бар. Бірақ былтырғы қуаңшылықтан кейін мемлекет шаруа қожалықтарына субсидия бере бастағанын естіп, аудандағы ауыл шаруашылығы бөліміне барған фермер өзінің атына 15-ақ ірі қара тіркеулі тұрғанын біледі. Қалған 235 бас ірі қарасы есепте жоқ болып шыққан. Осылайша, 15 басқа мардымсыз ғана субсидия алған шаруа «Мал ашуы – жан ашуына» басып, құзырлы орындарға шағымданады. Алайда олардан да қайыр бола қоймады. Жарты жыл бойы әділдік таппай әлекке түскен жанның жанайқайына құлақ түріп көрдік.

— Аудандық әкімдіктегі мал шаруашылығына жауапты мамандардан малым қайда деп сұрадым. Сөйтсем, ауданның мал дәрігерлері мен ауылдың мал дәрігері Асқар Бекентаев асыл тұқымды бұқа әкелеміз деп күллі ауылдың 500 сиырын «Шошқакөл» шаруа қожалығына кіргізіп жіберген екен. Біздің мал да соның ішінде кеткен. Біз оны білмейміз. «Бұларың не? Біздің малымызды неге алып кеттіңдер?» деп сұрасақ, «бізге қолхат бергенсіңдер», дейді. Мен де, әкем де ешкімге қолхат жазғанымыз жоқ. Сонда олар 2018 жылдан 2021 жылға дейін бөтен малдың есебінен сылқитып ақша ала берген. 2021 жылдың желтоқсанында малымды зорға өзіме қайтардым, – дейді Руслан Жақсымбеков.

Қолданыстағы ереже бойынша, шаруа қожалықтарындағы асыл тұқымды мал басын біріздендіру үшін жергілікті мал дәрігері әр басқа сырға тағып, интернет базасындағы жүйеге енгізеді екен. Содан кейін шаруашылық басшысы www.plem.kz сайтындағы ақпараттық сараптама жүйесіне жеке электронды қол үлгісімен кіріп, өз малын өзі тіркейді. Яғни АСЖ-ға мал иесінің өзі ғана жауапты. Өз электронды қолымен ғана кіре алады. Бірақ интернет деген игілік биыл ғана жеткен Ахмет Байтұрсынов ауылының тұрғыны мұны қайдан білсін. Оның үстіне, Русланның айтуынша, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде қарапайым малсақ жұртқа мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын, оларды пайдаланып игілігін көру тетіктерін түсіндіріп беретін бірде-бір заңгер маман жоқ екен.

— Аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінде бірде-бір заңгер жоқ. Ақыл-кеңес сұрайтын адам жоқ. Ауылдың мал дәрігері 2018 жылғы құжаттардың ішінен сенің қолыңды көрдім деп өтірік жала жауып отыр. «Онда сол мен қол қойған құжат қайда? Көрсетіңдерші» десем, оны ешкім тауып бере алмады. Мал дәрігері: «Ол қағаз керек болмаған соң, «Шошқакөл» шаруа қожалығының иесі өртеп жіберген», дейді. «Шошқакөлдің» иесі Қасқыр Махин бүгінде жоқ. Қайтыс болып кеткен.

Шындығында, құжатты өртеген Қасқыр марқұм емес, оның мұрагері – Күлмаш Молдахметова. Мал дәрігері Асқар Бекентаев екеуі бірге өртеп отыр. Прокуратура тексере бастағаннан кейін менің қолым жоқ екенін біліп, екеуі өртеп жіберген. Күлмаштың өзі «Өртеген менмін» деп шынын айтып отыр. Қайтыс болып кеткен адам өртей алмайды ғой. Сондықтан мал дәрігері өтірік айтып отыр. Егер мен қол қойып, келісім берсем, ол неге бір жапырақ қағаз алып қалмаған? Мен соны түсіне алмай далмын. Мал дәрігері, тіпті сен 4 бұқа алдың деп маған жала жапты. Мені төрт бұқа алды деп прокурорлар да жазып қойыпты. «Шошқакөл» шаруа қожалығының иесі де мені төрт бұқа алды деп жазып жіберген. Бірақ ішкі істер бөліміндегі тергеушінің қолында менің 4 бұқа алғаным туралы ешбір құжат болмай шықты. Тергеушіден сұрасам, «білмеймін, ондай құжат болған жоқ» дейді. Міне, бұл нақақ жала, жалған құжат болған соң, олар әдейі жоғалтып жіберіп отыр.

Мемлекет пен Президент халыққа мал өсір, мал басын көбейт, ауыл шаруашылығын дамытыңдар дейді. Ал бұлар бізді мынадай қиындыққа салып қойып, маған өте қатты қиянат-зәбір көрсетіп отыр. Бұл азаматтар лайықты жазасын алу керек қой. Бірақ шалғай жатқан соң, біздің Торғай өңірінде заң жоқ шығар деп ойлауға мәжбүрмін. Менің малымды басқа біреуге тек мал дәрігері мен қан алған ветеринарлық зертхананың басшысы ғана бере алады. Қанды менің малымнан алады, ақшасының пайдасын басқа біреулер көреді, – дейді ашынған мал иесі.

Мәселенің мәнісін Ахмет Байтұрсынов ауылының мал дәрігері Асқар Бекентаевтан сұрап көріп едік, 2018 жылы мал басын асылдандыруға бұқа әкелетін болып, ауылдың клубында жиналыс болыпты. Халық сол жерде ақ бас бұқа әкелсеңіздер қолымыздағы малдың бәрін береміз деп бірауыздан келісім береді.

— Ол жиналыстың хаттамасы бар. Содан кейін әлгі елдің малын өз атына тіркететін Қасқыр Махин деген жігіт тізіммен ел аралады. Әркімнен 15–20 бастан алатын болып, қол қойдыртып әкелді. Оның ішінде Жақсымбетовтердің де қолы болды. Сол 2018 жылы қол қойған адамдардың малына қыркүйектің біріне дейін 4 айға сырға салынды. Бірінші қыркүйектен кейін мен малды өз иелерінің атына қайта тіркеп қойдым. 2019 жылы Жақсымбетовтер «Нұр-Аяла» деген шаруа қожалығын ашты. Ол жылы мен олардың малын берген жоқпын. Бірақ АСЖ бағдарламасы бойынша 2019 бен 2020-да да жүр оның малы. Бұл енді заңға қайшы болу керек. АСЖ-ға 2018 жылы тіркелген малды еш өзгертусіз қайталап өтінім бере берген. 2019-да, 42 бас, 2020-да 43 бас берген. Ал Руслан Жақсымбеков сұрап отырған қолхаттың жайына келсек, Қасқыр марқұм 2020 жылдың жазында мынау керек, мынау керек емес деп қағаздарын реттеді дейді. Сол кезде 2018 жылы Жақсымбетовтер қол қойған қағаз болды, өз көзіммен көрдім деп марқұмның әйелі айтып отыр. Бірақ Қасқыр бұл қағаз енді керек емес деп өртеп жіберген ғой. Соны мына кісілер мойындамайды, – деді мал дәрігері.

Ал «Нұр-Аяла» шаруа қожалығының басшысы Руслан Жақсымбеков Қасқыр Махинге ешқашан қолхат бермегенін, өзінің мал дәрігері айтып отырған жиналысқа қатыспағанын айтып зар илеп отыр.

— Әкем де ешқандай қолхат берген емес. Қасқырдың қазіргі мұрагері Күлмаш Молдахметова жұрттың қолхатының ішінен менің қолымды көрдім деп жалған мәлімет беріп отыр. Күлмаш Молдахметова ол кезде шаруашылыққа араласқан емес. Ал

аудан тергеушілері мәселенің бәрін өлген адамға жауып, істі жауып тастап отыр. Қасқыр да мен сияқты электронды қызметтен сауаты аз адам болатын, – дейді әділдік іздеген жан.

Ауылдың мал дәрігері Асқар Бекентаевтың сөзінше, 2020 жылы Қасқыр Махин қайтыс болып кеткен соң, оның есепшоты да бұғатталып қалып, 2021 жылдың желтоқсанында ғана ашылады. Есепшот ашыла салысымен, марқұмның әйелі өзіне тиесілі малды қалдырып, қалғанын АСЖ-дан шығарып жіберген. «Нұр-Аяла» ШҚ сол кезде 700 мың теңгедей субсидия алады. Бірақ басқалар 2–3 млн теңге алып жатқанда, мен неге небәрі 700 мың теңге алдым деп дау шығарады.

— Оның себебі 2020 жылдың қыркүйегінде Русланның әкесі Әбдісалық ақсақал келіп, менің балам шаруашылық басқарып жүр, бірақ мемлекеттен ешқандай көмек ала алмады. Оның малын алып, қайтадан өзіме тіркеп бер. Оған 10–15 бас қалдырсаң болды деген соң, аударып бердім. Содан бір жыл өткен соң, субсидия жөнінде әңгіме басталғанда ол кісі қайтып келіп, малын ұлына тіркетіп кетті. Ал субсидяиның ережесі бойынша әрбір аналық мал иесінде 10 айдан кем тұрмау керек. Ал ол кісілер қыркүйектің 11-інде тіркетті, сонда мал иесінде желтоқсанға дейін үш-ақ ай тұрған болып шығады. Бір айға мың жарымнан, 10 айға 15 мың теңгеден келеді ғой бір аналық малға. Солай ұрынып қалған соң, бұл кісілер бар кінәні АСЖ-дан көреді. «Шошқакөл» шаруа қожалығының басшысы Қасқыр Махин мал басын асылдандыру бағдарламасымен 3 жыл бойы бұқа әкелді. Субсидияны өзі ғана алып отырды. Бірақ ауылға көп көмегі болды. Мектеп бітіріп жатқандарға ақшалай көмектесті. Ауылдың қоршалмай жатқан қорымын қоршатты. Көшенің шарбағын ауыстыртты, – деді мал дәрігері.

Ал Руслан Жақсымбеков қорым мен шарбаққа шыққан ақшаның бәрі халықтан жиналғанын айтып: «Қасқыр марқұм сол шаруаның бәрін басқарып отырды. Ал өз қаржысына көшенің шарбағын ауыстыртты деген сөз қып-қызыл өтірік. Мал дәрігері жалған айтпасын, ол құтылудың әдісін жасап жатыр», деп отыр.

Осылайша, бар малына субсидия ала алмай қалған Руслан бар кінәні мал дәрігерлері мен ауыл шаруашылығы мамандарынан көреді. Заң үстемдігімен әділдік орнатып беруді сұрап прокуратураға шағым түсірген екен. Бірақ 2018 жылы құжаттарды ресімдеген ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы да қайтыс болып кеткендіктен, қылмыстық іс тығырыққа тіреліпті. Руслан одан кейін облыстық прокуратураға да шағымданған. Бірақ олар істі ауданға қайтарып жіберген. Аудандық прокуратура полиция бөліміне өткізіп береді. Біраз уақыт әр түрлі мекеменің үстелінде жатып шыққан қылмыстық іс ақыры жабылып тынады. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бұл істі қайтара сүзгіден өткізіп, қайта зерделеу үшін Арқалықтағы әріптестеріне жіберіпті. Аталған департаменттің баспасөз қызметіне сұрау салып едік: «Қазірше, ақпарат жоқ. Іздеп жатырмыз. Арқалықтағы тергеушілер өздеріне түспегенін, мемлекеттік аудит тексеріс жүргізіп жатуы мүмкін екенін айтады. Анық болған кезде өзіміз хабарын береміз» деген жауап алдық.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ