Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Алаш және Тәуелсіздік рухы

Қазақ тарихында ХХ ғасырдың бас кезі-түрлі оқиғаларға, саяси өзгерістерге толы кезең болды. ХХ ғасырдың басында қазақ еліндегі ұлт-азаттық күресті жаңа саяси күш-алаш зиялылары 1917 жылғы ақпан төңкерісі нәтижесінде орын алған бүкіл ресейдегі саяси дүрбелеңді қазақ халқының ұлттық мүддесіне пайдаланып қалуға тырысты.

ХХ ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш-Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында-саяси мәдениеті әлемдек деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай, адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың ұлдары- Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев. С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуқасов, Ж. Аймаутов, М. Әуезов тағы басқалар еді.

Халқымыз үшін сол кездегі ең маңызды мәселе-ұлттық тәуелсіздігімізді алу, қазақ қоғамын өркениетті әлемдік қауымдыстықтың қатарына еңгізу еді. Ол үшін ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған, сақтап қалған туған жерден ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жат жұртқа таптатпау, сатпау, жерден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетінен, құт-берекеңнен айрылу, өшуі екендігін ұлт зиялылары дер кезінде түсіне білді.

Алаш қозғалысы 1902-1905 жылдардан бастап өмір сүре бастады. 1908 жылдың жазында ел жайлауға шыққанда жәрмеңкелерде қазақ зиялылары бас болып Қазақстанның Жетісу, Солтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтарынан қоңыс аударуға қарсы, жер мәселесі туралы арыз-тілектерде айтылған талаптар кейін Алаш партиясының бағдарламасына негіз болды.

1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда жалпы қазақ съезі болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана өлкелері мен Ішкі Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезд мемлекеттік басқару нысанын, қазақ өлкелері автономиясын, жер мәселесін, халыққа білім беру, сот, милиция, рухани мәселелер т.б. қарады. «Алаш» ұлттық қозғалыс басшылары алдына ұлттық саяси партия құруды мақсат етіп қойды.

«Алаш» партиясы құрылып, оның бағдарламасы қабылданып, төрағасы-Ә.Бөкейханов болып сайланды, ал 1917 жылы желтоқсанда ол Алаш орда өкіметінің төрағалығына да сайланады.

«Алаш» партиясының бағдарламасын жөн көрген, бағдарламадағы мәселелерді іске асыруға тырысатын, өтірік айтпайтын, шындықтан қайтпайтын, жақындық туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызыгып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура адамдар осы партияға кірді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын сөзі ісіне үйлеспейтін, алаш жолынан ауып , айтысып, тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе жалт беретін, қорқақ, айнымалы мінезі бар адамдар Алаш партиясына кірмейтін.

Алаш зиялылары өздері білімді болумен қатар, ұлттың, халықтың мүддесін көздеп, жастарды ұлттық мүдде негізінде оқытуға, ана тілін дамытуға, оқу орындарын ашуға шақырады. М.Дулатов «Оян қазақ» тұғырнамасы «қазақ баласы, енді оянбасаң,мәңгіге дейін ұйқын ашылмай, қаранғыда, құлдықта ұстағаның қолында, тістегенің аузында кеткенің» деп халықты оянуға, оқуға, білуге, білімге шақырады.

Алаш зиялылары өз кәсіби мамандықтарымен қатар, жазушы, ақын, ғалым, саясатшы, ұлтының тарихы мен дәстүрін сүйген тарихи тұлғалар болды. Алша зиялылары қазақы төл бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдитше, орысша оқып, ресейдің ірі қалаларынан басқа шетелдерден жоғары білім алған, мұғалімдік, инженерлік, заңгерлік, экономистік, дәрігерлік саясаты, сан алуан маман иелері. Олар сол замандағы алдыңғы қатарлы елдердің зиялыларынан кем түспейтін нар тұлғалар болатын.

1917 жылы қазан төңкерісінен кейін елдегі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты әрі қарай не істеу қажеттілігін анықтап алу үшін ұлттың интелегенция басшылары- Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатовжәне т.б. ұйымдастыруымен Орынборда 1917 жылдағы 5-13 желтоқсанда ІІ Бүкіл қаза съезі болды. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан өкілдер қатысты. Съезде: Сібір, Түркістан автономиясы және Оңтүстік-Шығыс одағы туралы, қазақ-қырғыз автономиясы, милиция, ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, муфтилік мәселесі, халық соты, ауылды басқару және азық-түлік мәселелері қаралды. Елдегі саяси қиын кезеңде халықты аман сақтау үшін «уақытша халық кеңесі» түріндегі Алаш орда үкіметін құрды. Ұлт кеңесі құрамына 25 адам кірді. Алаш орда үкіметінің төрағасы- Ә. Бөкейханов, ал астанасы- Семей қаласы болды.

«Алаш» партиясы бағдарламасы 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Бағдарламаның 10 тарауында мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, дін ісі, сот, ел қорғау, салық, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі қамтылған. Таптық емес, ұлттық мүддені жоғарыға қойған «Алаш» партиясының белсенді саяси қайраткерлері-қазақты ұлттық дербес мемлекетке біріктіріп, ел еткісі келді. Сөйтіп «Алаш» көшбасшысы — Ә. Бөкейханов бастаған зиялылар-ұлттық идея, ұлттық тұтастық қана мемлекет қалыптастыруға апаратын тура жол екенін көрсетті.

Алаш орда үкіметі – 1917жылдың желтоқсанына – 1920 жылдың наурызына дейін ресми билік құрды.

Сонымен, алаш қозғалысы –ХХ ғасырдағы қазақтың мемлекетшілдік идеясы болды.

Алаш қайраткерлерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың идеялары қазақ халқының санасында, жаужүрек ұлдарының іс-әрекеттерінде жалғасын тапты.Алаш рухы қазіргі ұрпақты елдікке, ауыз бірлікке, елге адал қызмет жасай білуге үндейді, Тәуелсіз Қақазстанды нығайта түсуге шақырады.

Ал Алаш республикасы мен қайраткерлерін соншама ұлықтаудың сыры неде деген сұрақ тууы ғажап емес. Ең алдымен қазақтың қазақтығын, қазақтың қазіргі тілі мен әдебиетін, жалпы мәдениетін қалыптастырған, бүгінгі еліміздің іргетасын қалап, шекарасын белгілеп кеткен ұлтшыл азаматтарымызды ұлықтау-бүгінгі өскелең ұрпақты тәрбиелеу, олар тәлім-тәрбие алатын, үлгі тұтатын өнеге болуы үшін ауадай қажет. Тарихы жоқ халықтың келешегі жоқ деп ата-бабаларымыз жай айтпаса керек.

Айдалды, отбасылары азапталды, атылды. Алайда, олар соңғы демі таусылғанша «елімнен, ұлтымнан, халқымнан жаным садаға» деп өтті.

Біз, Алаш зиялыларының жанқиярлық және азаматтық ерлігін аса жоғары бағалаймыз. Әрине, олар қарапайым пендешілікке салынып, жиған білімі мен лауазым-қызметін жан бағуға да арнай алар еді. Бірақ ол жолға түспеді. Оған ары да, халыққа деген адалдығы да жібермеді.

Сондықтан, алда неше түрлі құқай – отрашыл- тотаритарлық жүйенің құғые-сүргіні мен абақтысы, қақ маңдайға кезенген қарауы тұрғанын сезсе де, саналы түрде кейде ашық, кейде жасырып 20-30 жыл бойы туған халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін табанды түрде күресті.

Олар зиялылық пен ел алдындағы жауапкершіліктің эталонын қалыптастырды. Қазіргі зиялымын деп жүрген кейбіреулер өздерін алаш тұлғалармен неге салыстырмайды екен?

Шын мәнісінде, алаш –ХХ ғасыр басындағы ұлттың өзін – өзі ұлт ретінде тануға негізделген ірі қозғалыс болатын. Оның басында қозғалысты Алаш атауы ретінде таныткан аз санды қазақ зиялылары тұрды. Олардың қайраткерлігі, тұлғалылығы қоғамдық –саяси іс-әрекеттеріндегі зиялылықтан көрінді.

Бүгінгі күнде де алаш интеллегенциясының мемлекеттік басқару кадрларына қойған ар-намыс және міндет принциптері талап етілуде. Қазіргі таңдағы қазақстандық мемлекеттік қызметінің өзекті мәселелерінің бірі меритократия (еңбегіне қарай көтермелеу) принциптерін бекіту болып табылады.

Алаш қайраткерлері ұлттық сана-сезімді мемлекеттік денгейге көтере білді. Алаш партиясы сол қиын уақыттардағы тығырықтан шығуға бағытталған шешімдер жиын-тығын ұсына білген қазақ даласындағы алғашқы саяси ұйым еді. Алашшылардың негізі ұстамы осы күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпаған елдің береке-бірлігі болды. Алаш қозғалысының басты мақсаты-мемлекеттік басқару жүйесін құру, елдің даму жолын таңдауда ұлттық болмысқа ден қою еді.

Қазіргі кезеңде Алаш қозғалысының мәнін, идеяларын халық санасына сіңіру-қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі. Алаш қозғалысының идеялары — ұлтымыз үшін ең қасиетті, ең қымбатты құндылық — тәуелсіздігімізді нығайтумен сабақтасып жатыр. Ата-бабаларымыздың қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күрестері, істері, бүгінгі ұрпаққа үлгі — аманат.

Бізідң ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің биігі -Алаш идеясын бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы-ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани олжасы Қазақстанда айрықша орынға ие болу керек. Сонда ғана ұлтымызды әлемге әйгілейтін, жасампаздығымызды жаhанға жариялайтын тұрпатымыз бен тұлғамыз айқын көрінбек.

Қазіргі түрлі саладағы интеграция мен жаhандану үрдістерінде, түрлі саяси-идеологиялық тасқындар аясында арқауымыз тіл, діл, дін, тарих, салт-сана, соларды тең үстасақ тәуелсіздігіміз баянды боларын кезінде алаш қайраткерлері көрегендікпен болжағанын көреміз. Бұл мәселелер бүгінгі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен терең үндесіп жатыр.

Алаш зиялылары болашақ қазақ мемлекетін құру жолында ұлттық мектеп, ұлттық әскер, құру, қазақты жерге орналастыру, сауда-саттық пен өнеркәсіпті ұйымдастыру, жастарды тәрбиелеу сияқты сан түрлі мәселелермен айналысты. Олар көтерген мәселелер бүгіндері қалыптасқан тәуелсіз мемлекетті сапалы құру жолында алдымыздан көлденең шығып отыр. Тәуелсіздік жолында атқарылып жатқан игі істер алаш арыстарының жалғасы істепттес деуге әбден болады.

Бұл күндері басымыздан өткеріп жатқан саяси-экономиқалық, әлуметтік-құқықтық өзгерістер мен демократиялық қоғам орнату барысындағы киындықтар мен оларды шешу жолдарын бір ғасырдай бұрын алаш зиялылары айтып кеткен болатын. Олардың ұлт болашағы жайлы айтқан ойлары мен пікірлері қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасы, тұғыры болып табылатыны сөзсіз.

Сондықтан тәуелсіздік пен ұлт тағдыры жолында қызмет қылған алыптарымыздың іс-әрекеті мен өнегелі ғұмырын әспеттеу , оны жас ұрпақтың бойына сіңіру отаншылдық, ұлттық сезімді қалыптастыруда ерекше маңызды екені даусыз. Қазақта «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген сөз бар. Егер біз өзімізді Алаш каhармандарының ізбасарымыз деп есептесек, олардың биік рухани және азаматтық ерлігін бүгін мен болашақтың қасиетті қазынасы айналдыруға міндеттіміз. Отанға шынайы, адал қызмет етудің үлгісі – Алаш зиялылары!

Қалқаман ЖАҚЫП, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов мұражайының директоры