Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Азаматтардың арқалағаны алғыс

8 сентября 2022 11:20 • 440 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді. Мемлекет басшысы облысқа келгеннен кейін Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттерден зардап шеккен аумақты тікұшақпен қарап шықты. Сондай-ақ, президент жедел штабтың кеңесін өткізіп, Әулиекөл ауылындағы мектеп базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барып, зардап шеккен азаматтармен кездесті және гуманитарлық көмек басқармасының жұмыс пунктімен танысты.

Сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым — Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы МСМ бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесті. Президент Қостанай облысында болған өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртті ауыздықтау, елді мекендердегі азаматтарды эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Президент өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін айтты. Табиғи апатты жою үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.

Қасым-Жомарт Тоқаев болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажет екенін атап өтіп, өртті толық әрі жылдам ауыздықтау үшін шұғыл әрекет ету штабына барлық ведомствоның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Президент үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті. Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырылды.

– Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетіне ешқандай күмән болмауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Мемлекет басшысы орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керек.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті.

«Барлық көмек болады. Жаңа да айтып кеттім ғой. Ел болып, тұтас, тату болып, бір-бірімізге көмектесіп, осы күрделі жағдайдан абыроймен шығамыз. Ең алдымен, бірлік болсын!».

Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, гуманитарлық көмек тарату пунктінің жұмысымен танысты. Зардап шеккендермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты.

– Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы.

Үйлер мемлекет пен демеушілер есебінен салынатын болады. Әрқайсысының ауданы — 100 ш. м. құрайды. Ең бастысы, бұл үйлер барлық қажеттіліктермен жабдықталады: ас үй, ыдыс-аяқ, теледидар, жиһаз.

— Мен түсінемін, сіздер малдарыңызды, үйіңіздегі қажетті заттарыңызды жоғалттыңыздар. Мұның барлығы қаржылық материалдық көмек көрсету арқылы өтелетін болады. Мен сіздерге уәде беремін, уайымдамаңызлар, — деп түйіндеді президент.

Президент еріктілермен әңгімелесіп, оларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

Президент Төтенше жағдайлар министрлігін ведомство қызметкерлерінің әлеуметтік, соның ішінде тұрғын үйге және жатақханаға қатысты мәселелерін шешуге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрлардың дайындық деңгейін арттыруға қабілетті институт ретінде айтарлықтай күшейту қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамымен, сондай-ақ өртті ауыздықтауға тартылған еріктілермен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматтың жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйлықтарға ұсынылатынын айтты.

«Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі екі-үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз».

Айта кетейік, аманаттықтар Қостанай облысындағы табиғи өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін екі күн ішінде 807 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Хатшысы Дәулет Кәрібек айтты.

Атап айтқанда, кеше партия мүшелері 312 тонна, ал бүгін 495 тонна көмек жинады, оның 338 тоннасы – азық-түлік. Сондай-ақ жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары жіберілді.

«Төтенше жағдай орын алған сәттен бастап «AMANAT» партиясы көмек қолын созуға кірісіп кетті. Партия мүшелері зардап шеккен тұрғындарға тікелей сол жерде қолдан келген көмек көрсетіп жатыр. Оқиға орнына «Жастар Рухы» жастар қанатының 300-ден астам волонтері барды. Олар гуманитарлық көмекті жүк көліктерінен түсіруге және таратуға жәрдемдесуде. Мұның бәрі қазақстандықтардың бірлігін, олардың өз отандастарына көмек көрсету үшін жұдырықтай жұмыла алатынын дәлелдейді. Зардап шеккендер тезірек қалыпты өміріне оралуы үшін және жаңа баспаналар салу үшін күш-жігер жұмылдыру қажет. Осы ортақ міндетті бірлесіп атқаруға «AMANAT» партиясы да белсене атсалысады», деді Дәулет Кәрібек.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев партия мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділерінің дағдарыс жағдайында волонтерлік тәжірибесі мол екенін атап өтті.