Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жылжымалы медицина Қостанайда

16 сентября 2022 14:20 • 1 210 просмотров

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ел өңірлерін аралауды жалғастыру үстінде. Жылжымалы құрам 11 қыркүйекте Қостанай облысына келді. Жоғары білікті мамандар өңірдің тоғыз шалғай ауылына барып, тұрғындарға кеңес беріп, емдік шаралар жасамақ.

Медициналық пойыз ең бірінші Сарыкөл станциясына тоқтады. Дәрігерлер мұнда пациенттерді 11–12 қыркүйек күндері қабылдады. Медицина қызметкерлері 13–14 қыркүйекте – Жаркөл, 15–17 қыркүйекте – Тоғызақ, 18–19 қыркүйекте – Зааят, 20–21 қыркүйекте – Қазанбасы, 22–23 қыркүйекте – Қойбағар, 24–25 қыркүйекте – Ковыльная, 26–27 қыркүйекте Тасты-Талды және 24–25 қыркүйекте Фурманов елді мекендеріне аялдамақ.

Мұндағы мамандардың қай-қайсының да тәжірибелері зор. Мәселен, акушер-гинеколог Гүлмира Бердали медициналық пойызда 2 айдан астамқабылдау жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде ол үш облыстың шалғай ауылдарының тұрғындарына көмек көрсеткен.

«Өкінішке қарай, ауылдарда тұратын әйелдер күнделікті тірліктен қол үзе алмағандықтан, гинекологқа сирек барады. Маған 15–20 жыл бойы маманның қабылдауында болмаған пациенттер келді. Ал гинекологиялық тексеруден жылына кемінде бір рет өту керек. Біз оларды тексеріп, ауруларын анықтаймыз. Кейде емдеу тәсілдерін өзіміз тағайындаймыз,. Қандай да бір жағдайларда облыстық ауруханаларға қосымша кеңес алуға жібереміз», – дейді дәрігер.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Гүлмира Бердали қазақстандықтарға денсаулықты сақтау үшін медициналық тексеруден жыл сайын өту керегін еске салады. Акушер-гинекологтан басқа медициналық пойызда терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, құлақ, мұрын және тіс дәрігері, хирург, уролог, маммолог сияқты мамандар жұмыс істейді.

«Біз балалардан ересектерге дейінгі барлық пациентті қабылдаймыз. Мамандарымыз бірлесе, жедел жұмыс істейді. Егер азаматтар денсаулығына байланысты біздің арнайы жабдықталған кабинеттерге көтеріле алмаса, пойыздың дәрігерлері оларға өздері түсіп, сол жерде көмек көрсетеді», – дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Пойыз бас-аяғы 67 станцияны жүріп өтеді. Қазіргі таңда дәрігерлер 40-тан астам ауылдың тұрғындарын қабылдап үлгерген.Пойыздың құрамында жеті мамандандырылған вагон бар, олардың төртеуі – жабдықталған медициналық кабинет. Ол ультрадыбыстық кабинет, зертхана, стоматологиялық жабдықтар және тағы басқаларымен қамтылған. Екі ұйықтайтын вагон, бір мейрамхана және пойызды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ететін техникалық вагон бар.

«Саламатты Қазақстан» пойызы Қостанай облысына дейін СҚО, Ақмола облысының станцияларында қызмет көрсеткен. Айталық, дәрігерлер Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы медициналық және консультациялық көмекпен 3108 адамды, олардың ішінде 402 баланы қамтыған.

«СҚО тұрғындарында көбіне ұйқы безінің кистасы, пульпа және периапикальді тіндердің аурулары, бүйрек және несепағар тастары, созылмалы обструктивті пиелонефрит, тұзды диатез аурулары анықталды. Статистикаға сәйкес, «Саламатты Қазақстан» пойызының ең сұранысқа ие мамандары: хирург, құлақ, мұрын, көз және тіс дәрігері. Ал Қостанай облысындағы қызметіміздің қорытындысы сапар соңында шығарылады», – дейді Аман Қасенов.

Айта кетейік, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылған еді. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асты.

Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК уағдаластыққа отырған. Медициналық пойыз 2019 жылға дейін жыл сайын жол үстінде қызмет көрсетіп келіп, пандемия кезінде үзіліс алды. Осы кезең аралығында «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативті-диагностикалық үш пойыз Қазақстанның 1 700-ден астам шалғай өңіріне барып, ұзын саны 488 880 тұрғынды қабылдаған.

Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz Instagram парақшасынан білуге болады.