Өңірдегі көмір тасымалы туралы облыстық Энергетика және ТКШ басқармасынан сұрап білдік. Басқарма мәліметінше, жаңа жылыту маусымына дайындақ ойдағыдай жүріп жатыр.
«Қостанай облысында көмір жеткізілетін 25 темір жол тұйығы бар. Қазірден бастап соларға қатты отын жеткізіле бастады. Жалпы, биылғы жоспар бойынша облысқа 465 мың тонна көмір сатып алынады. Оның бүгінге дейін 60–70 пайызы әкелінді. Жеткізу қызметінде ешқандай кедергі жоқ. Темір жол басшылығымен ұдайы байланыс ұстап отырмыз», – дейді облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Руслан Молдашев. Оның айтуынша, көмір бағасы сапасына қарай 12–18 мың теңге аралығында. Әзірге қоймалар басында кезек саны аз. Сондықтан тұрғындардан дүрлігіс басталмай тұрып, ертерек қамданыс жасау сұралып отыр. Бір жағынан, бағаның тұрақтылығына да кепілдік жоқ.
Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылым министрлігі елден көмірді автокөлікпен шығаруға уақытша шектеу қояды. Бұл шектеу көршілес елдерге алыпсатарлықпен өткізудің алдын алу үшін енгізіледі. «Уақытша тыйым халыққа, коммуналдық және әлеуметтік нысандарға арналған қатты отынды сыртқа тасу деректерінің анықталуына байланысты енгізіліп отыр. Қазақстанның шекарадағы өңірлерінде көршілес елдерге қайта сату әрекеттері әшкере болған», – делінеді министрлік хабарламасында.