Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Саламатты Қазақстан» пойызы Қостанайда

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ел өңірлерін сәтімен аралап келеді. Жылжымалы құрам 2022 жылдың 11 қыркүйегінде Қостанай облысына барды. Онда өңірдің 9 шалғай ауылының тұрғындары жоғары білікті мамандардан кеңес алады.

«Саламатты Қазақстан» пойызы бірінші Қостанай облысы аумағындағы Сарыкөл стансасына тоқтады. Дәрігерлер мұнда пациенттерді 11–12 қыркүйек күндері қабылдады. Медицина қызметкерлері 13–14 қыркүйекте – Жаркөлде болса, 15–17 қыркүйекте – Тоғызақта, 18–19 қыркүйекте – Зааятта, 20–21 қыркүйекте – Қазанбасыда, 22–23 қыркүйекте – Қойбағарда, 24–25 қыркүйекте – Ковыльнаяда, 26–27 қыркүйекте Тасты-Талдыда және 24–25 қыркүйекте Фурмановскийда болып, жергілікті тұрғындарды қабылдайды.

Медициналық пойыздың дәрігерлері Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмысын қорытындылады. Мұнда алғашқы медициналық және консультациялық көмекті 3 108 адам алды, олардың ішінде 402-сі – бала.

Дәрігерлердің айтуынша, солтүстікқазақстандық тұрғындарда көбіне ұйқы безінің кистасы, пульпа және периапикальді тіндердің аурулары, бүйрек және несепағар тастары, созылмалы обструктивті пиелонефрит, тұзды диатез аурулары анықталды. Статистикаға сәйкес «Саламатты Қазақстан» пойызының ең сұранысқа ие мамандары – хирург, құлақ, мұрын, көз және тіс дәрігері.

Акушер-гинеколог Гүлмира Бердали 2 айдан астам уақыт бойы медициналық пойызда қабылдау жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде ол үш облыстың шалғай ауылдарының тұрғындарына көмек көрсетті.

«Өкінішке қарай, ауылдарда тұратын әйелдер күнделікті тірліктен қол үзе алмағандықтан гинекологке сирек барады. Маған 15–20 жыл бойы маманның қабылдауында болмаған пациенттер келді. Ал гинекологиялық тексеруден жылына кемінде бір рет өту керек. Біз оларды тексереміз, ауруларын анықтаймыз. Кейде емдеу тәсілдерін өзіміз тағайындаймыз, ал қандай да бір жағдайларда облыстық ауруханаларға қосымша кеңес алуға жібереміз», деді дәрігер.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Гүлмира Бердали қазақстандықтарға денсаулықты сақтау үшін медициналық тексеруден жыл сайын өту керегін еске салады.

Акушер-гинекологтен басқа медициналық пойызда терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, құлақ, мұрын және тіс дәрігері, хирург, уролог, маммолог сияқты мамандар жұмыс істейді.

«Біз барлық пациентті қабылдаймыз – балалардан ересектерге дейін. Біздің мамандар бірлесе, жедел жұмыс істейді. Егер азаматтар денсаулығына байланысты біздің арнайы жабдықталған кабинеттерге көтеріле алмаса, онда пойыздың дәрігерлері оларға өздері түсіп, сол жерде сұрақтарын қояды», дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Пойыз барлығы 67 стансаны жүріп өтеді. Қазіргі таңда дәрігерлер 40-тан астам ауылдың тұрғындарын тексерді.

Пойыздың құрамында жеті мамандандырылған вагон бар, олардың төртеуі – жабдықталған медициналық кабинет. Ол ультрадыбыстық кабинет, зертхана, стоматологиялық жабдықтар және тағы басқаларымен қамтылған. Екі ұйықтайтын вагон, бір мейрамхана және тағы бірі – пойызды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ететін техникалық вагон бар.

Медициналық пойыздың мамандарына тексерілуге кейбір тұрғындар отбасы болып келеді. Махасовтар отбасы дәрігерлерден кеңес алу үшін екі кішкентай баласымен келді.

«Біз бүгін хирург, УДЗ маманы, кардиолог және тіс дәрігеріне бардық. Дәрігерлер өте мұқият қарады. Біз тұрғындарға ауылдан шықпай-ақ, шаруашылығын тастамай-ақ тексеруге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымыз», деп бөлісті жас ана Жайсан.

«Саламатты Қазақстан» пойызы осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Ақмола облысының стансаларына да қызмет көрсетті. Алайда бұл аймақта жұмыс әлі аяқталған жоқ, дәрігерлер бұл өңірге 4–9 қазан аралығында оралып, тағы 3 стансаның тұрғындарын тексереді.

Еске сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» «Жәрдем» пойызымен бірге медициналық қызметке мұқтаж шалғай стансалардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта «Жәрдем» медициналық пойызы Түркістан облысының тұрғындарын қабылдап жатыр.

Жалпы, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды және 2019 жылға дейін жыл сайын жүзеге асырып келіп, пандемия кезінде үзіліс алды. Осы кезең аралығында «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативті-диагностикалық үш пойыз Қазақстанның 1 700-ден астам шалғай өңіріне барып, 488 880 тұрғынды қарады.

Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8(7172) 60-45-94, 8-701-206-15-40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz

Instagram парақшасынан білуге болады.

Жоба Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асқанын айта кеткіміз келеді.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор